Руханият • 26 Наурыз, 2021

Айтары бар ақын

787 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әбжанмен біз Алатаудың баурайындағы әсем Алматыда таныстық. Таныстық та табыстық. Көңіліміз жарасты ма, әлде мінезіміз үйлесті ме, әйтеуір арамызды жақындатар, кейін келе үлкен достыққа ұласар бір сырдың болғаны анық. Содан бері қырық жыл уақыт өтсе де, шүкір, сыйластық қарым-қатынасымыз әлі де сол баяғы қалпында. Әбекең – өзіне ғана тән тиянақты көзқарасы, анау-мынауға еліге қоймайтын берік ұстанымы бар азамат. Екінің біріне илікпейді. Мен де мінезсіз емеспін – айтарымды айтып тастап қарап отыратын әдетім бар. Бірақ ол да екеуміздің достығымызға дақ түсіре алған жоқ.

Айтары бар ақын

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Кеудемді басам дедің-ау...

Осың жөн бе енді?

Маздаған отты көріп пе ең күлмен көмгенді?

Көріп ем рас, намыстан күйіп өлгенді,

Бастырам қалай басыңнан биік кеудемді?!».

Міне, нағыз Әбжанның мінезі. Ол шынымен де ешқашан ешкімге кеудесін бастырған емес, бас­тырмайды да. Кейбіреулер сияқты әлдекімдерге жалтақтамайды, сырт көзге жақсы көрінсем деп тырыспайды. Айтқаны – айтқан, сол айтқан жерінде тұрады. Сөзі мен ісі бір жерден шығады. Оны жаңағы өлеңінде өзі де айтады. Әрі қарай оқиық:

«Бұл кеудем менің – алақай көңіл ақ бұлақ,

Жанартау дерсің бой бермей қояр атқылап.

Бұлақтың көзін, жанартау көзін әлемде

Бұғаулар күш те, тұсаулар күш те жоқ бірақ.

Сен соны түсін –

Мен жаққа алау оттырақ,

Мен қаққан дабыл қаттырақ...».

Бұл – Әбекеңнің алып-қоспасыз шындығы. Өзінің жаратылысы да шығармалары сияқты, дәлірек айтқанда шығармаларынан жаратылысы көрініп тұрады. Көз жеткізгіңіз келсе мына өлеңді оқып көріңіз:

«Шындықтың қайсың, кәне, тілін кестің?

Кескен жоқ, естіген жоқ мұныңды ешкім.

Жүгінсем ақиқатқа жүгінермін,

Мен одан тірі жүрсем түңілмеспін.

 

Шындықты сөнбейтұғын шырақ тұтам,

Сол мәңгі шуақты таң, мұратты таң.

Ақиқаттың бұйрығы – бағынарым,

Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам!..».

Әбекеңнің мәрт мінезі табиғатты суреттегенде де ерекше көрініс береді. Әншейін әдемі сөздерді термелеп айта салмайды, жеріне жеткізе бейнелейді. Айшықты жолдар айтар ойымен астасып жатады. Сондықтан да болар өзіміз күнде көріп жүрген дала туралы баяндаулар табиғатқа жан бітіргендей әсер беріп, оқырманын жетелей жөнеледі.

«Бойына біткен батырлық пенен серілік,

Қазақтың заңғар аспаны биік, жері құт.

Оңтайы келіп, оң сапар түсіп, жол шексең,

Кең дала жатар кербез сұлудай керіліп.

 

Қыземшек таулар сүйгізіп күнге кеудесін,

Жалаңаш қырлар шешіп тастаған жейдесін.

Жүрекпен сүйіп, көңілге түйіп тыңдашы,

Шежіре далам шешіліп бір сәт сөйлесін...».

Менің пайымдауымша, өмірде болып жататын түрлі құбылыстарға, адамдардың мінез-құлықтары мен іс-әрекеттеріне қатысты өзіндік пікірі жоқ адамнан жақсы ақын шықпайды. Бәлкім, сондықтан шығар, көптеген ақын жазған өлеңдердің сырты сұлу бола тұрса да тұщындырар тұздығы, теріп алар дәні болмай жатады. Бар болғаны – сұлу ұйқастар. Нағыз ақын сөздерді қыздың жиған жүгіндей текшелеп жинай бермей, нақты ой айтуы керек. Ал ол үшін сенің өз көзқарасың болуы шарт.

«Асаба деген бар. Даңғой қазақтың тойынан қалтасын толтырып алып қазақтың әдебиетіне келіп ақын, жазушы болып жатқандар да солар. Жаттанды болмау керек. Шығару керек. «Творить» деген де сол сөз. Тақылдай беру сор. Ауру. Дерт. Ақылды адам көп сөйлемейді. Көк мылжыңды көргенде жаның ашиды. Тірліктің түрі осы...».

Бұл – көп сөзділікті ұнатпайтын Әбекеңнің бүгінгі заманға көзқарасы. Әңгіме «аңқау елге арамза молда» болып жүрген «малтапқыштар» жөнінде болып отыр. Бүгінде не көп, ақын көп, әнші көп. Талабың да, талғамың да тағынан тайған заманда қайсының шын талант, қайсының көзбояушы екенін біліп болмайсың. Шетімізден тойшы болып алдық. Далбақтаған далбаса тірлік.

«Мен айтыс деген нәрсеге қарсымын. Өлеңді төпелеп емес, ойлап қана шығару керек. Өлең деген оңашаны қалайды. Түкке татымайтын өлеңге қол соғып, мәз болып отыратын елге қайран қаламын. Торғайдан келдім, Қордайдан келдім дегенді бауырлар қою керек. Мен қазақпын, қазақ даласынанмын. Ұлы даладанмын...».

Әбжан осылай ойлайды. Меніңше, дұрыс ойлайды. Қазекеңдер кейде қазақтың ұлан-байтақ жерін жекеменшіктеп бөліп алып жатады мен ана жақтанмын, мен мына жақтанмын деп. Жұбан ақынша неге «Мен қазақпын» демеске? Дейді Әбекең.

«Опасыздық деген қасиетті сөз. Сөз. Атау. Оңды-солды қолдана беруге болмайды. Опырайға опасыздық дедім бір өлеңімде. Ол солай, орнын толтыра алмайсың. Опыраяды да тұрады. Мем­лекетке, халыққа жасаған опасыздықты мүлдем кешіруге болмайды. Өзің сияқты құлдың баласы есіріп, саған шекесінен қараса, түк көрме­гендей, елдің несібесін үйіп-төгіп үйіне тасыса, үй­лес­тіктің, тепе-теңдіктің бұзылғаны. Опасыз­дық­тың ең үлкені – осы».

Кез келген ақынның бірқағары болады. Біз әңгімелеп отырған Әбжан Әбілтай ондайға да кенде емес. Сыпайылап тұрып-ақ көңіліндегісін жеткізеді. Әбекең бір жылдары Арқалық қалалық әкімдігінде тіл бөлімінің меңгерушісі болып істейді. Шығармашылықпен айналысатын кісіге шенеунік болу оңай емес. Сондықтан қайтадан газетке кетейін десе сол кездегі қала әкімі қызметінен босатпайтын көрінеді. Әкім қыпшақтың торысына, ал Әбжан ұзынына жатады екен. Содан былай деп бір шумақ өлең жазыпты:

«Қыпшақтың ұзыны не, торысы не?

Көкжалдың күшігі не, бөрісі не?

Шідерлеп ұстай бермей жібер мені

Өзімнің өскен ортам – өрісіме».

Осы өлеңнен соң әкім ақынды түсініп, өрісіне жіберіпті.

Әбекең облыстық «Торғай таңы» газетінде ұзақ жылдар қызмет істеді, мәдениет бөлімінің мең­герушісі болды. Ақындығы айтарлықтай Әб­жанның журналистігі де ешкімнен кем түскен емес. Оның сол жылдарда жазған «Имандымыз деп айта аламыз ба?», «Ой қостым ортақ іске сеп болсын деп», «Талонға тимейді, таланға тиеді», «Мешіт мұнарасы құбылаға қарайды» деп аталатын және басқа да өткір тілді әрі мағыналы мақалалары кезінде оқырмандар тарапынан өте жылы қабылданған болатын.

Бүгінде Әбжан Әбілтайдың «Жүрекжарды», «Дүниежалған», «Жүрегімнің сүзгісі» және басқа да жыр жинақтары мен «Жер басып жүрген соң» деген атпен мақалалар мен сұхбаттар кітабы жарық көрді. Ол өз шығармашылығымен ғана айналысып қоймай ақындығы мен шешендігі Қостанай-Торғай өңіріне кеңінен мәлім болған бабасы Сейдахметтің мұраларын да көпшіліктің көзайымына айналдырды. Бұл жағынан алғанда үндемей жүріп үйдей іс тындыратынның нағыз өзі.

Жалпы, ақынның жан дүниесін, ішкі сезімін, соның ішінде поэзияға деген көзқарасын өзінен асырып ешкім де айтып бере алмайды. Сондықтан жыр әлеміне еркін еніп, биіктен көріне білген және әлі де айтары бар ақын туралы осы бір мақаламызды Әбжанның өз өлеңінен шумақтар келтіре отырып тиянақтаған жөн сияқты.

«Өңменімнен өтсе-дағы жел өкпек,

Соның бәрін жүргенім жоқ елеп көп.

Кей кездері әзіл айтам достарға

Өлең деген өлген соң да керек деп.

 

Еркіндіктің ерттеп мініп құр атын,

Ұлан едім өрге құлаш ұратын.

Дарынсыздар даурыққанмен қаншама,

Орынымды баса алмапты-ау бір ақын...

 

Көнермейтін көзі еді деп көненің,

Жырымды оқып, ақылға сап көр, елім.

Өзімді айтпан...

Болды өгейлік көрмесе

Өзегімді жарып шыққан өлеңім!».

Біз де адуын ақын Әбжан Әбілтайдың осы айтқандарына толықтай қосыламыз және қазақ деген халқы аман тұрғанда оның өлеңдерінің ешуақытта өгейлік көрмейтініне бек сенеміз.

 

 

ҚОСТАНАЙ