Британдық QS компаниясы жүргізген аудит университеттерді төрт негізгі топ бойынша бағалайды, оның құрамына 50-ден астам көрсеткіштен тұратын 12 кіші топ кіреді. Бұл университет қызметінің кең ауқымдылығын және оның жоғары халықаралық стандарттарға сәйкестігін дәлелдейді. Аудитке қатысатын әрбір кіші топ бойынша ЖОО-ға бір жұлдыздан бес жұлдызға дейін баға беріледі, одан кейін жалпы рейтингтік балл шығарылады. Британдық QS компаниясының кешенді бағалау нәтижелері бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірқатар көрсеткішке, атап айтқанда, оқу процесі; жұмысқа орналасу мүмкіндігі; зерттеулер; интернационалдандыру; қызмет көрсету; өнер және мәдениет; инновация; заманауи тілдер бойынша жоғары балл алып, ең жоғары «Бес жұлдыз» марапатына ие болды.
QS «Бес жұлдыз» белгісін иелену Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-білім беру саласындағы халықаралық қауымдастықтардағы беделін және жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігінде көшбасшылық позициясын көрсетіп отыр. Басымдылық жұлдыздары университеттің мықты тұстары мен артықшылықтарына назар аудартып, оның серіктестеріне, білім беру саласындағы халықаралық сарапшыларға, шетелдік, сондай-ақ отандық талапкерлерге оқуға түсу үшін ЖОО таңдау кезінде бағдар береді.
QS «Бес жұлдыз» марапатын алған ҚазҰУ өзінің білім беру бағдарламалары мен зерттеулерін ілгерілетудің, бәсекеге қабілеттілікті арттырудың тағы бір құралына қол жеткізді. QS Stars «Бес жұлдыз» марапаты бүкіл әлем бойынша тек 62 ЖОО-ға ғана берілген, оның ішінде QS WUR халықаралық жаһандық рейтингінің әлемдік үздік топ-5, топ-10 және топ-20 қатарына кіретін Гарвард, Оксфорд, Кембридж, Чикаго, Принстон, Колумбия университеттері бар.
АЛМАТЫ