Қоғам • 26 Наурыз, 2021

Жамбылдықтардың жартысы екпе салдырады

473 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде коронавирус індетінен қорғану мақсатында елімізде тұр­ғын­дар­ға вакцина салу науқаны жүргізілуде. Әуелі жергілікті жер­лерде бұл үрдісті сол өңірдің бірінші басшылары бастап беріп, одан кейін түрлі сала басшылары жалғастырған еді. Қауіпті індет­тің алдын алу үшін қазіргі кезде көпшілік өз еркімен вакцина салдыруда.

Жамбылдықтардың жартысы екпе салдырады

Жамбыл облысында өз еркімен өтініш білдірген 4 035 медицина және 1 068 білім саласының қызметкері ерікті түрде екпе сал­дырған. Олардың қатарында өңір­дің денсаулық сақтау саласында қызмет атқарып жүрген білікті дәрі­герлермен қатар, аймақтағы бала­бақша тәрбиешілері, бастауыш сынып педагогтері, колледж мұғалімдері, сондай-ақ білім басқармасы мен бөлімдерінің қыз­меткерлері де бар.

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев бүгінде өңірде «Спутник V» вакцинасының 1 ком­поненті барлығы 5 540 адамға егілгенін айтты. Oлардың 72,8 пайызы медицина қызметкерлері болса, 19,8 пайызын мұғалімдер құрай­ды екен. Сондай-ақ вакцина салдырғандардың қатарында Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полиция департаментінің, әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері және түрлі деңгейдегі мемлекеттік қыз­метшілер, студенттер мен тағы басқа да мамандық иелері бар. Бү­гінде екпе салдырған педагог­тер­дің денсаулығы қалыпты екен. Вакцинаның қандай да бір теріс әсері болмаған.

«Ұстаздар өз еркімен вакцина алуға жазбаша келісім берген соң алдымен арнайы екпе үшін да­йындалған бөлмеге барып ден­сау­лығын тексертеді. Онда дене қызуы мен қан қысымын өлшетеді. Денсаулығында кінәрат болмаса, бірінші дозасын қабылдайды. Кейін 30 минут дәрігердің бақы­­­лауында болады», дейді Әсет Қалиев.

Ал облыстық білім басқар­ма­сының басшысы Гүлнәр Ходжа­бер­генованың айтуынша, вакцина алғаннан кейін де педагогтер дәрігерлердің бақылауында бол­ған. Өңірдегі педагогтерге екпе туралы түсіндіру жұмыстары жүр­гізілді. Балалардың өмірі мен ден­сау­лы­ғы­ның қауіпсіздігі үшін әр мұ­ғалім жауапты. Сондықтан вакцина алуды әр педагог азаматтық міндеті деп есептеу керек.

Жоспарға сәйкес, Жамбыл облысы бойынша биыл 18 жастан асқан 593 мың 700 адамға коронавирус індетіне қарсы екпе салынады. Бұл облыс халқының 52 пайызын құрайды. Ал кейіннен халықтың қосымша осал топтарын қоса отырып, контингентті кеңейту жоспарланған.

 

Жамбыл облысы