Осы саладағы ең алғашқы метеостанса 1848 жылы Сыр бойындағы Қазалы қаласында ашылған. Араға 6 жыл салып Семейде, ал 1859 жылы Алматы қаласында осындай орталықтар жұмысын бастапты.
Ең қызығы, Қазалыдағы метеорологиялық станса 173 жылдан бері үзіліссіз жұмыс істеп келеді. 1907-1942 жылдары орталыққа Анна Блан деген маман басшылық жасап, әр жылдары аға гидромед-бақылаушы Варвара Мясникова, техник-агрометеоролог Валентина Гарина, гидромед-бақылаушы Антонина Панкиева, техник-гидролог Гельсем Ярцева, гидропост бақылаушысы Александр Иванович Федоровтер елге қылаусыз қызмет етіпті. Өткен ғасырдың 50-90 жылдары аралығында мекемені басқарғандар есімі құрметпен аталады.
Елiмiз тәуелсiздiк алған тұстары мекеме жаңаша жұмыс ырғағына көшті. Сол жылдары жергілікті маман Құттыбай Тарғынов басқарған «Қазалы ауа райын бақылау» стансасы үлгiлi қызметi үшiн 2005 жылдың шiлде айында Женева климат бақылау орталығының Құрмет грамотасына ие болды. Мәртебелі марапатқа жету жолында станса қызметкерлерi И.Арент, Т.Сұлтанмұратов, Н.Сұлтанмұратованың қосқан үлесi мол болды.
Мекеменi 2008-2011 жылдары Қазихан Сердалиев басқарса, он жылдан бері Сәуле Оспанова басшылық жасап келедi. Станса кешенiнде атмосфераның және жерүстiнiң жағдайын бақылауға арналған метеорологиялық алаң мен бақылау нәтижелерiн алатын, өңдейтiн және беретiн аспаптармен жабдықталған орындар бар.
Осы құралдар арқылы мамандар метеорологиялық құбылыстардың белгiлi бiр мерзiм iшiнде өзгеруiн, ауаның ылғалдылығы мен температурасын, желдiң бағыты мен жылдамдығын, атмосфералық қысымды, бұлттың пiшiнi мен санын, қардың көлемiн, жауын-шашын мөлшерi мен су деңгейiн, маусымдық судың температурасын бақылайды. Сырдария өзенiндегi судың шығынын, қысты күнi мұздың қалыңдығын, күн шұғыласының ұзақтығын анықтайды. Бақылау 3 сағат сайын жүргiзiлiп тұрады. Осыдан алынған мәлiметтер «Қызылорда гидрометеорологиялық орталығына» жiберiледi.
Метереологтер жұмысы барлық салаға тікелей қатысты. Әсіресе ауыл шаруашылығы, әуе тасымалы ең алдымен осы күн райын бағдарлайтындардың болжамына жүгінеді. Сонымен қатар метеорологтер мәліметінің төтенше жағдайлардың алдын алуда да маңызы жоғары.
Қызылорда