Ертең Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Студенттер сарайында» ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылады. Ал 27 наурызда Қармақшы ауданындағы Тұрмағамбет ауылында «Сәлима ана» кесенесінде құран бағышталып, арнайы ас беріледі.
– Осы күндері облыс орталығында батыр ана тұрған үйде мемориалдық тақта орнатылады. Сондай-ақ, үйі «Сәлима ана» атты қоғамдық музейге айналып, онда архивтік құжаттар мен наградалары, фото суреттері мен жеке заттары қойылады, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова.
Еңбек ерінің туғанына 85 жыл толуына орай студенттер арасында Сәлима Жұмабекқызының мұражайын цифрландыруға арналған конкурс өткізіледі. ІТ саласына қызығатын жастар қатысатын конкурс үздігіне Сәлима Жұмабекқызының ұрпақтары атынан 150 мың теңге қаржылай сыйақы берілетін болады.
–Батыр ананың 85 жылдық мерейтойына арнап түрлі деңгейде танымдық-шығармашылық бағыттағы шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Яғни, 29 наурыз күні облыс бойынша тұлғаның өнегелі өмірін насихаттайтын бірыңғай сынып сағаттары өтсе, 30 наурызда «Сәлима Жұмабекова – ғасырдың батыр анасы» тақырыбында оқушылар арасында эсседен байқау ұйымдастырылады, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.