Аймақтар • 26 Наурыз, 2021

Қостанай облысында алдағы су тасқынына дайындық жүріп жатыр

148 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанай облысында көктемгі су тасқынына дайындық белсенді жүргізілуде. Су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайларды алдын алу бойынша 2021 жылға арналған іс-шаралар жоспары әзірленді. Жоспарда ұйымдастырушылық және практикалық шаралардың барлық кешені қарастырылған.

Қостанай облысында алдағы су тасқынына дайындық жүріп жатыр

Ағымдағы жылғы 3 наурыздан бастап азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің облыстық аумақтық кіші жүйесі күнделікті қызмет режимінен ерекше өкімге дейін жоғары дайындық режиміне ауыстырылды (облыс әкімінің 2021 жылғы 2 наурыздағы № 35-ө өкімі). Су тасқыны жағдайын бақылау, басқару органдарының іс-қимылын үйлестіру үшін Департамент базасында мүдделі азаматтық қорғау қызметтерін тарта отыра, облыстық су тасқынына қарсы Штаб өрістетілетін болады.

Ағымдағы жылдың ақпан айында төтенше жағдайларды алдын алу және жою бойынша облыстық комиссияның отырысы өткізілді, онда қалалар мен аудандардың әкімдеріне, мекемелер мен ұйымдардың басшыларына су тасқыны кезеңінде су шаруашылығы құрылыстарының бөгеттері мен тоғандарының жай-күйіне комиссиялық тексеру ұйымдастыру, су өткізу құрылыстарын, автомобиль жолдарын, ғимараттар мен құрылыстардың шатырларын қардан тазарту бойынша іс-шараларды жүргізу қажеттілігі туралы ұсынымдар берілді. Сондай-ақ, су тасқыны кезеңінде гидротехникалық құрылыстары бар су қоймаларында, сондай-ақ тоғандар мен бөгеттерде тәулік бойы кезекшілік ететін бақылау бекеттері қойылады.

Осы іс-шараларды орындау шеңберінде тауарлар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстар өткізілді. Жеткізушілермен шарттар жасалды, бұл су тасқыны жағдайына әуе барлауын жүргізуге дайындықты қамтамасыз етеді. Өңірдің су айдындарында мұзды қопсыту бойынша жарылыс жұмыстары жүргізілуде.

Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды ерте анықтаудың ғарыштық мониторингі технологияларын пайдалану мақсатында «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК АҚ шарт жасалды. Қазіргі уақытта алдағы су тасқыны бойынша ақпарат Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаментіне және басқа да мүдделі мекемелер мен ведомстволарға күн сайын келіп түседі.

Су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу барысында қалалар мен аудан орталықтарының аумағынан 1 млн. 100 мың текше метрден астам қар шығарылды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Облыс өзендерінің деңгейі мен қардың еруіне тұрақты бақылау жүргізіледі. Жоғарғы-Тобыл, Қаратомар, Желқуар, Жоғарғы Шортанды су қоймаларының толымдылығы және олардың толып кетуінің алдын алу және бөгеттердің бұзылу қаупін тудыру мақсатында тасқын суларды уақтылы ағызу бойынша шаралар қабылдау ерекше бақылауға алынды.

Көктемгі су тасқыны кезеңінде Қостанай облысының аумағында тәулік бойы кезекшілігі бар 26 гидробекеттің жұмысы ұйымдастырылады.

Су тасқыны жағдайы асқынған жағдайда авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу үшін 2 960 адам,1 085 бірлік техника күші мен құралдары дайындалды.