Оқиға • 27 Наурыз, 2021

Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков студенттермен кездесті

2092 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібековпен кездесу өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков студенттермен кездесті

Кездесу Журналистика және саясаттану факультетінің Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасы мен университеттің ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өтті.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Елтаңба авторымен болған кездесуге журналистика және саясаттану факультетінің студенттері мен «Топжарған» жас ақындар клубының мүшелері қатысты. Кездесуге көпшілік зум қосымшасы арқылы онлайн форматта да қатысып отырды. Іс-шараны Ғылыми кітапхананың директоры Бақытжан Оразалиев пен филология ғылымының докторы, профессор Серік Негимов ашты. Жандарбек Мәлібеков мемлекеттік рәміздің маңызын түсіндіріп, университеттің ғылыми кітапханасына «Отырар кітапханасының ұжымына ҚР 30 жылдық мерейтойына тарту. ҚР Елтаңба авторы Ж. Мәлібеков» деген мәтінмен қолтаңбасы қойылған Елтаңбаны тарту етті. Ж. Мәлібеков кездесуге қатысқан жастарға, сол кезде 245 жобаның ішінен таңдалып алынған елтаңбадағы әрбір символдың сырын ашып, мән-мағынасын түсіндіріп берді.

Айта кету керек, Жандарбек Мәлібеков Елтаңба авторы ғана емес, архитектура саласының майталманы, елордадағы көптеген сәулетті жобаларды жүзеге асырған маман екенін көпшілік біле бермейді. Соның ішінде ол «Нұр Астана» мешіті, «Астана-Опера» театры, «Oitek» архитектурасының, «Expo-2017» қалашығы мен жаңа Түркістан қаласының бас жоспарын жасаған.

Кездесу соңында «Топжарған» жас ақындар клубының мүшелері Елтаңба авторына алғысын білдіріп, жалынды жырларын оқыды.