Ақмола облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсеновтың айтуынша, киіктердің өлексесін 9 наурызда Саумал көлінен 10 шақырым аумақтан анықтаған. Бұл жағдай Қорғалжын аудандық Полиция бөлімінде №211160030000107 мәліметтер тізілімі кітабында тіркелді. «Киіктердің қалың қар мен күрделі ауа райының салдарынан шөп теуіп жей алмағандықтан аштан қырылғаны анықталды», дейді Лашынтай Дүйсенов. Сондықтан осы жағдайға байланысты және киіктердің жаппай қырылуын болдырмау үшін Ақмола облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясына Қорғалжын, Егіндікөл, Жақсы және Атбасар аудандарының әкімдеріне киіктер жүретін аумақтардағы қарды күреуді ұйымдастыру туралы нұсқау берілді.
Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын жабайы киіктер Ақмола облысының Қорғалжын аулына кіріп кеткен болатын. Тұрғындар оларға жем-шөп берген еді.