Әлем • 29 Наурыз, 2021

Билл Гейтстің пандемияға қатысты болжамы

221 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Microsoft компания­сы­ның негізін қалаушы Билл Гейтс әлемдегі коронавирус пандемиясы 2022 жылдың соңына дейін жалғасады деген болжамымен бөлісті.

Билл Гейтстің пандемияға қатысты болжамы

Польша телеарнасына берген сұхбатында белгілі кәсіпкер әлем елдерінде енгізілген шектеулер COVID-19-дан толық арылмай жалғаса береді деген пікір айтты.

«2021 жылдың соңына дейін вакциналау қарқынды жүреді деп ойлаймын. Сол кезде ауру жұқтыру деңгейі де төмендей бастайды. Бірақ біз белең алған инфекцияның көзін толығымен жоймай, шектеу шаралары жалғаса береді», деді ол.

Билл Гейтстің болжамы бойынша, адамдар қалыпты өмірге 2022 жылдың соңында келуі мүмкін.

Сонымен қатар ол «өзінің осы пандемияға қатысы бар» деген қауесетке байланысты ойын айтты. Кәсіпкер «коронавирус қолдан жасалған, адамдардың өмірін қию – саяси стратегия» деген болжаммен келіспейтінін айтты.

«Мұндай пікірді есту күлкілі әрі өте өкінішті. Біреулер коронавирус қолдан жасалған деп бетперде тағудан, енді біреулері екпеден бас тартып жатыр. Анығында, бұл адамдардың білімінің таяздығы. Өйткені вирусты денсаулық сақтау органдары, зертханалар зерттеп барып, қорғану шаралары ұсынылды. Ал оны жоққа шығару қисынсыз», деді миллиардер.

Жалпы, былтыр пандемия жарияланған уақытта бұл вирустың қолдан жасалғаны туралы ақпарат тарады. Тіпті бірқатар ақпарат агенттігі бұл ойды дұрыс санап, көппен бөлісті. Ал «қолдан жасаушылар» қатарында саясаткерлермен бірге Билл Гейтстің есімі де аталды. Дегенмен, кәсіпкер бұл пікірдің ойға қонымсыз екенін айтып, ақталды.