Су тапшылығы бұрын да, кеңес өкіметі кезінде де болған. Сондықтан байырғы жұрт оның да амалын тапқан. Әсіресе совет кезіндегі шаруашылық басшылары дәстүрлі дағдыға сүйеніп, қысқы қар, көктемгі сел суын барынша мол жинап алуға тырысатын. Табиғи жер бедерін ескеріп, қар суы жиналатын жерлерді одан сайын тереңдетіп, су қоймалары – қауыздар қазылды. Оған жиналған су күзге дейін төрт түліктің шөлін қандыруға жететін.
- Соңғы екі жылда облысымыздың оңтүстік аудандары қуаңшылық пен су тапшылығын көріп отыр. Биыл да мұндай жағдай қайталанбауы үшін тәжірибелі мамандармен, әріптестерімізбен ақылдасып, ауыл шаруашылығына қатысты басты мәселенің шешімін табуға тырыстық. Әсіресе малға қажетті су тапшылығын шешу үшін аудандағы елді мекендер маңында бұрын болған су бөгеттерін тазалау, су арналарын қазу ісін қолға алдық. Бұл бастама нәтижелі болды деп айта аламыз. Қазірдің өзінде барлық су қоймаларына қар суы мол жиналды, - дейді Қазталов ауданының әкімі Альберт Есалиев.
Әрине, су арналарын қазу, қауыздардың табанын тазарту, тереңдету оңай жұмыс емес. Оған арнаулы жоба, тиісті техника керек. Сондықтан өткен жылы Казталов ауданында су қоймаларын тазарту, каналдар қазу, техникалық су айдау, техникалық сумен қамту жұмыстарының жобасын жасауға аудандық бюджеттен 66,45 млн теңге қаражат бөлінген. Бұл бастаманы Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев та қолдап, ауданға арнайы техника алыныпты.
Осылайша аудандық коммуналдық кәсіпорны су жаңа эксковатор мен бульдозер тракторлы болып қалды. Бұрын аудан аумағындағы бөгеттер мен арналарды тазарту үшін техникасы бар мекемелерге тапсырыс беріп, біраз қаражат шығындалатын еді. Енді аудан ешкімге жалынбай, су жүйелерін өзі жөндеуге кірісті. Сөйтіп, былтыр қара күзге дейін ауданға қарасты 11 елдімекендегі 12 бөгет тазартылып, 40 шақырымға жуық Фурманов-Қособа, Ащысай-Қарасу арналары қазылды. Еткен бейнет, төгілген тер еш болмай, қазірдің өзінде су қоймалары таза суға толып тұрғанын қапзталовтық әріптесім Қайрат Жақып қуана хабарлап жатыр.
Су қоймасы тазаланып, қауызы толған елдімекендер қатарында Бірік, Қошанкөл, Қараоба ауылдық округтері бар. Әсіресе Қараоба ауылы тұрғындары біраз жылдан бері мал суының тапшылығын жиын сайын көтеріп жүретін. Өткен күзде ауыл маңындағы екі бөгет те тереңдетіліп, табаны аршылды. Биыл сол бөгеттерде қар суы жиналып, арнасынан асып жатыр екен.
- Былтыр Қараоба ауылындағы бөгеттерді тазарту үшін аудандық бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Күзде қос бөгетіміз тазартылып, тереңдетілді. Міне, дер кезінде тазартылған бөгеттерге су толып тұр. Ауыл тұрғындары дән риза. Осы жұмысты дұрыс жоспарлап, жүзеге асырған барлық азаматтарға ел атынан алғыс айтамын! – дейді «Ақбота» шаруа қожалығының жетекшісі, Қазталов аудандық мәслихатының депутаты Қуаныш Ермеков.
Батыс Қазақстан