Статистикалық мәлімет бойынша қазір Қазақстанда 65 театр жұмыс істейді. Оның 52-сі мемлекеттік (бұл қатарда 4 ұлттық (этникалық) театр: ұйғыр, корей, неміс және өзбек театры бар).
Мемлекеттік 52 өнер ошағының 3-еуі опера және балет театры, 5-еуі балалар мен жасөспірімдер театры, 7-еуі қуыршақ театры, 24-і драма театр (оның ішінде 3-еуінде қазақ және орыс труппасы бар), 11-і музыка-драма және комедия театры, біреуі жастар және біреуі сатира театры.
Қазақ театр өнерін дамыту, дәстүрлі негізде дарынды артистер мен режиссерлерді анықтау және ынталандыру мақсатында 1992 жылдан бастап жыл сайын Қазақстан драма театрларының республикалық фестивалі өткізіледі. Сонымен қатар жыл сайын шетелдік шеберлердің қатысуымен театр өнері қайраткерлерінің республикалық практикумы өтеді. Бұл іс-шараның мақсаты – театр саласында жаңа әдістемелерді зерделеу, театр өнеріндегі мәселелерді талқылау, тәжірибе және пікір алмасу.
Бұдан бөлек театр өнеріндегі сабақтастықты жандандыруға жол ашатын екі жылда бір рет ұйымдастырылатын халықаралық фестивальдер бар. Оның алғашқысы 2006 жылдан бастау алатын Орталық Азия елдерінің театр фестивалі болса, екіншісі 2007 жылдан бастау алатын «Ортеке» қуыршақ театрлар фестивалі. Қуыршақ фестивалі осыған дейін Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Қырғыз Республикасы, Түркия, Тәжікстан, Беларусь, Әзірбайжан, Қазақстан ұжымдарының басын қосты.
Үшіншісі 2011 жылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен екі жылда бір өтетін Қазақстанның ұлттық (этникалық) театрларының республикалық фестивалі. Фестиваль кезінде қазақ, орыс, корей, ұйғыр, өзбек және неміс тіліндегі театрлар өз ана тілінде қойылым ұсынады.
Аталған фестивальдер ұлтаралық диалог пен мәдени байланыстарды дамытуға, алыс-жақын шет мемлекеттер арасында ынтымақтастықты нығайтуға, бірыңғай мәдени кеңістік құруға және көрермендердің назарын заманауи театр өнерінің үздік жетістіктеріне аударуға бағытталған.
Бұдан бөлек, әлемдік театр көрермендерінің назарын Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасына аудару, Қазақстанның, Еуропа және Азия елдерінің кәсіби ұжымдары арасындағы әріптестікті нығайту мақсатында 2017- 2018 жылы «Астана» дүниежүзілік театр фестивалі өткен еді. Фестивальге Италия, Ұлыбритания, Қытай, Германия, Жапония, Польша, Ресей, Беларусь, Латвия, Литва, Грузия, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан және Қазақстанның жетекші театрлары қатысты. Оскар сыйлығының, «Канн» кинофестивалінің басты жүлдесі «Алтын пальма бұтағының» иегері Жюльет Бинош, Асанәлі Әшімов (Қазақстан), Йонас Вайткус (Литва), Давид Асатиани (Франция), Беатрис Пикон-Уоллен (Франция), Давид Папава (Ұлыбритания), Сирежол Мари-Кристин (Франция), Милковски Томаш (Польша), Исрафил Исрафилов (Әзірбайжан), Пряхин Георгий (Ресей), Чхартишвили Лаша (Грузия) сынды танымал театртанушы мен сыншы фестивальдің құрметті қонағы болды.
Сонымен қатар 2017 жылы қабілетті, талантты жас режиссерлерді анықтау және ынталандыру, белгілі қазақ театр режиссері Қайрат Сүгірбековты еске алу, жас және танымал театр режиссерлері үшін білім беру және коммуникация алаңын құру мақсатында пікірталас, лекция, шеберлік сыныбы, семинарлар арқылы ЭКСПО -2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің мәдени бағдарламасы аясында Қайрат Сүгірбеков атындағы І республикалық жас режиссерлердің форум-фестивалі өтті.
Шығармашылық арқылы мүгедектерді оңалту және қоғам назарын мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттілігіне аудару, қоғамға бейімдеу мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі 2018 жылы Елорданың 20 жылдығын мерекелеу шеңберінде WideWorld – «Ұлы Дүние» І Халықаралық ерекше театрлар фестивалін өткізді. Бұл фестивальге Ресей, Украина мен Қазақстанның мимика және ым-ишарат театрлары қатысты.
2018 жылы 1 мамырда халықтар арасындағы достық қарым- қатынасты одан әрі нығайту, жетекші юмористер мен шет елдердің сатира және юмор театрлары арасындағы шығармашылық байланысты дамыту мақсатында Астанада өткен «Бауыржан Fest» ІІ халықаралық әзіл фестиваліне Ресей, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Армения, Қытай, Татарстан, Украина, Қазақстанның театр ұжымдары, сатира және әзіл жанрындағы жеке орындаушылары қатысты. Бұл қатарда «Мунчаташы», «Янги Юлдузлар», Аdем Dance, «Бауыржан шоу», «Тамаша», «Шаншар», «Екі езу», Оңтүстік Қазақстан облысының сатира және әзіл театры, Елена Воробей, Владимир Данилец және Владимир Моисеенко, Андрей Баринов, Кумондор Абылов, Әбдыбаказ Кадырматов, Борончу Құдайбергенов, Обид Асомов, Карен Аванесян, Окан Әкім сынды есімі ел аузында жүрген өнерпаздар бар.
Кейінгі жылдары елімізде опера және балет өнерін дамытуға ерекше көңіл бөлініп келе жатыр. Мәселен, жыл сайын «Опералия» халықаралық фестивалі өткізіледі. Қазір Қазақстанда 3 опера және балет театры мен бір балет театры жұмыс істейді.
Біздің артистеріміздің сахна шеберлігінің өсуіне әлемнің үздік театр шеберханаларында білім алуы оң әсер етеді. Мемлекеттің қолдауымен опера және балет театрының жетекші солистері Ла Скала театрының академиясында, Вена операсында, Мариинский театрында, Перголези Спонтини қорында, Италияның Болонья қаласындағы опера мектебінде тағылымдамадан өтіп жатыр.
Бүгінгі таңда Қазақстанның талантты жастары өз өнерін елімізде де, шетелде де лайықты түрде көрсетіп келеді. Опера және балет солистері беделді халықаралық конкурстар мен фестивальдердің лауреаты атанып үлгерді. Белгілі шетелдік шеберлердің шақыруымен С.Байғожин, Б. Әндержанов, Ж. Ғабдуллина, С. Ахметова, М. Шотабаев және жетекші балет солисі - М. Басбаева, А. Бекетаева, Е. Рахматуллаев, Б. Адамжан әлемнің үздік театрларында өнер көрсетіп келеді.
Сондай-ақ еліміздегі өзге этнос өкілдерінің театрлары да халықаралық байқауларға тұрақты қатысып, сәтті өнер көрсетіп жатыр. Мысалы, Ресейдің Қазан қаласындағы «Наурыз» атты түркі халықтарының халықаралық театр фестиваліне, ТМД және Балтық елдеріндегі орыс театрларының халықаралық фестиваліне (Ресей), Каир қаласындағы Каир халықаралық эксперименталды театрлар фестиваліне, Түркияның Конья қаласындағы «Мың тыныс, бір дауыс» халықаралық түркітілдес театрлар фестиваліне, Мәскеу қаласындағы «Золотая маска» халықаралық театр фестиваліне, Италиядағы «Рома сыйлығы» халықаралық балет, Франция астанасы Париждегі опера орындаушыларының халықаралық байқауына, Оңтүстік Кореядағы корей театрлары фестиваліне, Душанбе қаласындағы «Чодарихаел» қуыршақ театрларының халықаралық фестиваліне, Винница қаласындағы (Украина) «Подильска лялка» қуыршақ театрларының халықаралық фестиваліне, Субботица қаласындағы (Сербия) қуыршақ театрларының халықаралық фестиваліне, «Отандастар» атты орыс драма театрларының халықаралық фестиваліне, Екатеринбургтегі «Коляда-plays» заманауи драматургия халықаралық фестивалі мен бірқатар байқауларға қатысты.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2006 жылы 15 желтоқсанда қабылданған «Мəдениет туралы» Заңның 21-бабы, 1-тармағына сәйкес, биыл қарашадағы № 454 Жарлығымен бірқатар мəдениет ұйымына «Ұлттық» мəртебесі берілді.
«Ұлттық» мəртебесіне ие болған Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрлігіне бағынысты мекемелер: Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігінің «Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны; «М.Əуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры»; «Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры», «М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры»; Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы;
Өткен жылы желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры жаңа ғимаратқа көшіп, коммуналдық меншіктен республикалық меншікке өтті.
Сонымен қатар ҚР Үкіметінің қаулысымен еліміздің 9 театрына «Академиялық» мәртебесі берілді. Олар: Қызылорда облысының Н. Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры, Қарағанды облысының С.Сейфуллин атындағы драма театры, Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры, М. Горький атындағы орыс драма театры, Оңтүстік Қазақстан облысының Ж. Шанин атындағы Қазақ драма театры, Атырау облысының Махамбет атындағы Қазақ драма театры, К. Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театры, Республикалық корей музыкалық комедия театры, Республикалық неміс драма театры.
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының базасында мемлекеттік театрлар мен театр ұйымдарының гастроль қызметін үйлестіретін орталық құрылды. 2020 жылы Қ. Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театрының ғимараты күрделі жөндеуден өтті.
Халықаралық театрлар күнін өтап өту және театр қызметкерлерін ынталандыру мақсатында Қазақстан театр қайраткерлерінің одағы «Еңлікгүл» кәсіби сыйлығын тапсыру рәсімін өткізді. Сонымен қатар Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2016 жылы құрылған Қазақстан театрлар ассоциация 2017-2019 жылдары «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығын табыстау рәсімін ұйымдастырды.