Дүйім елді дүрліктірген қанды оқиға енді қайталанбаса дейсің. Ай мен күннің аманында үкілеп отырған жалғыз қыздарынан айырылып қалған марқұмның жақындарын жұбатудың өзі қиын. Қоғамда қызу талқыланып жатқан қайғылы жағдайдың қалай өрбігені туралы Алматы қалалық полиция департаментінің мамандары егжей-тегжейлі айтып берді.
Бойжеткен, жедел-іздестіру шаралары барысында анықталғандай, Қонаев көшесі 43-ші үйде орналасқан жұмыс орнынан шығып, таксиге отырған. Бейнебақылау камерасы қызды соңғы рет осы кезде түсіріп алған. Кейіннен мәлім болғандай, бойжеткен сол күні өзінің жаңа танысымен кездесуге барған. Күні кеше қанды оқиға орын алған Нұркент шағын ауданындағы көп қабатты үйдің кіреберісіндегі бақылау камерасына Аяжанның күдіктімен бірге пәтерге өз еркімен кіргені жазылған жазба жарияланды.
«20 наурызда 102 нөміріне Аяжан Еділованың із-түзсіз жоғалып кету фактісі бойынша хабарлама түсті. Сол сәтте аталған факт тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу басталды. 21 наурызда арнайы тергеу тобы құрылып, Аяжан Еділованы іздеу жұмыстарына кірісті. 21 наурызда сағат 22.00-де Нұркент шағын ауданында күдікті тұратын пәтер мекенжайы анықталды. Ол жерге барған кезде полиция қызметкерлеріне үйдің есігін бұзып кіруге тура келді. Тәртіп сақшыларын көрген күдікті өзіне қол салмақ болды. Жедел жәрдем шақырылып, ауруханаға жеткізілді», деп мәлімдеді полицияның баспасөз қызметі.
Полицияға өз кінәсін мойындаған күдікті қызды 19 наурыздан 20 наурызға қараған түні өлтіргенін айтқан. Оқиға түнгі сағат он екі-бір шамасында орын алған. Ең сорақысы жәбірленушінің денесі бөлшектенген күйі табылды. Күдікті мәйітті жасыру мақсатында дененің бір бөлігін өзі тұратын Алатау ауданынан басқа ауданға апарып, қоқыс жәшігіне тастаған. Қоқыс жәшігіне тасталған дене бөлшектеріне арнайы сараптама тағайындалды.
«Жоғалғаны туралы ақпарат түскеннен кейін жәбірленушінің кіммен байланыста болғаны анықталды. Ол күдіктімен әлеуметтік желіде 16 наурызда танысқан. Қазір күдікті ер адам ауруханада. Ота жасалып, палатаға шығарылды. Соттың шешімімен қамауға алу туралы бұлтартпау шарасы тағайындалды. Медициналық мекемеден шығарылған соң уақытша ұстау изоляторына қамалады. Мәлім болғандай, күдікті мен марқұм Аяжан Еділова кездескен кезде екеуінің арасында жанжал шыққан. Жанжал кезінде бойжеткенді өлтіріп, қылмыс ізін жасыру мақсатында күдікті денені бөлшектеген. Бұл аса қатыгездікпен жасалған қылмыс. Денесінің кейбір мүшесін 19-нан 20-на қараған түні қаланың әр бұрышындағы қоқыс жәшіктеріне лақтырып үлгерген. Жәбірленушінің кейбір мүшелері үйден табылды. Күдікті 1993 жылы туған Түркістан облысының тумасы. Бұрын сотталмаған. Оның қызды қандай тәсілмен үйіне шақырғаны тергеу барысында белгілі болады. Қылмыстық кодекстің 99-бабының екінші бөлігі «Адам өлтіру» бойынша іс қозғалды», дейді Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.
Полициядағылар күдікті мен жәбірленуші 16 наурызда желі арқылы танысқанын алға тартқанымен, олардың екеуара жазбаларының мәтіні сақталған-сақталмағанын құпия күйінде қалдырып отыр. Жағдайдың тұтас қоғам назарына ілігіп отырғанын ескерсек, күндердің күні жазба жарияланар болса, жәбірленушінің ата-анасына ауыр соққы болуы мүмкін.
Қайғыдан қан жұтқан марқұмның туыстары қыздың жоғалғаны жөнінде ертерек дабыл қағылса да, полиция дер кезінде іске кіріспеді деп налып отыр. Ал құқық қорғау қызметкерлері қыздың жоғалғаны жөнінде қоңырау түсе сала іздеуді бастап кеткендерін айтады.
– Полицияның салғырттығынан бір күнімізді жоғалттық. Осы аралықта қанішер денені қасапшы секілді бөлшектеп тастаған. Күдіктінің мойындауына сенсек, әуелі өлтіріп, сосын жасыру үшін денені бөлшектеген екен. Бірақ суретті көргенде шошып кеттік, – дейді марқұмның туысы Алмат Мүліков. Қаршадай қызды айуандықпен азаптап өлтірген қылмыскер өлім жазасына кесілсе деген ол күдікті психикалық ауытқуы бар деген желеумен жазадан құтылып кетпесе дейді.
Расында күдіктінің психикалық ауытқуы бар-жоғы тергеу барысында анықталар. Елді елең еткізген оқиғаға байланысты бейтарап пікір білдірген психолог маманның сөзінше ақыл-есі дұрыс адамның мұндай айуандыққа баруы мүмкін емес.
– Шынымен өте ауыр оқиға. Біржақты пікір айту тым қиын. Мұндай қылмысқа барған адамда маняктық ауытқу болуы әбден мүмкін. Бұл ауытқуды айғақтық және жасырын деп екі топқа бөлсек күдіктінің әрекетін жасырынға жатқызамыз. Каннибализмнің сипаттары да байқалады. Бала күнінде алған психикалық жарақаты, әйел затына деген өкпе-реніші, псиХикалық соққы бәрі осыған себеп болуы ықтимал. Мұндай ауытқуға ұшыраған адамдар, әсіресе көктем, күз айларында қозады. Ата-ана мейіріміне қанбаған, сәтсіз махаббатқа ұшыраған, жаны жараланған жандар тасжүрекке айналуы мүмкін. Бұл біздің психолог ретіндегі жорамалымыз ғана. Дене мүшелерін кесіп алу жүйке көтеретін жүк емес. Тағы бір айта кетер жайт, қанның адам психикасына қатты әсер ететін қасиеті бар. Тергеу нәтижесі аяқталғаннан кейін толық мән-жай белгілі болар, – дейді Алматы облыстық Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сотының инспектор-психологы Маржан Еліқұлова.
Қоғамға үрей туғызған жан түршіктірер жағдай туралы айтуға аузың бармайды. Ең өкініштісі, мұндай жайт алғаш рет орын алып отырған жоқ. Жоғары білімі бар азаматтың адам айтса нанғысыз қатыгездікке қалай барғаны қайран қалдырады. Істің ақ-қарасы анықталып, қылмыскер тиісті жазасын ала жатар...
АЛМАТЫ