Руханият • 30 Наурыз, 2021

Нұр-Сұлтандағы тұңғыш Наурыз

379 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивіндегі құнды құжаттарға үңілсеңіз, астанада алғаш рет наурыз мерекесі қашан аталып өткені туралы деректер кездеседі. 1990 жылғы Целиноград қалалық мәдениет бөлімінің есебіне сүйенсек, мұнда ең алғаш Ұлыстың ұлы күні 1989 жылы тойланған екен. Ақсақалдардың ақ батасымен өрілген құтты мерекеге кеңес идео­логиясы құлағына сіңіп кеткен жастар жағы бой үйрете алмаса да, үлкендердің ізетті жолымен жүруге тырысқан. Бұған қолдағы құнды құжаттар куәлік етеді.

Нұр-Сұлтандағы тұңғыш Наурыз

Қалалық архивтегі құжаттарды зерттеу барысында мынандай қызықты деректерге жолықтық. Целиноград қалалық мәдениет бөлімінің есебінде: «Мемлекет та­рапынан соңғы уақытта ежел­гі халықтық мерекелер мен дәстүр­лерді жандандыруға көп көңіл бөлінуде. Бөлімнің шығармашылық қызметкерлері 19 наурызда қала­мызға алғаш рет атап өтілген «Наурыз» халықтық мерекесін ұйымдастыруға белсене атсалысты.

... үлкендер жағы бұл мерекенің қайта жандана түскеніне өте қуанышты. Ұлттық мәдени дәс­түрлерімен әлі де бейтаныс жастар барынша белсене қатысып жатыр. Ұзақ үзілістен кейін ор­тамызға оралған айшықты мереке келер жылы бұдан да үлкен көлемде аталып өтеді деген ойдамыз» делінген екен. Оған қоса атқарылған іс-шаралардың жоспары жазылған.

Алғашқы наурыз мерекесін балабақшадан бастап, жоғары оқу орындары да тойлаған. Кітап­ха­налардағы сөрелерге қа­зақ жа­зушыларының кітаптары көп­теп қойылып, кітапханашылар ұлт­тық нақышта киінген. Тіпті қала саябағында үлкен мерекелік жиын да өткен. Неміс, шешен, корей, поляк этностары ұлттық киімдерін киіп, қазақтармен қатар ән айтып, би билеген. Бұл туралы нақты мәліметтер мұрағаттарда менмұндалап тұр.

Көпке аян Наурыз мейрамының тарихы мен тағдыры күрделі. 1926 жылдан 1988 жылға дейін Кеңес өкіметінің киеңкі заңына сәйкес Ұлыстың ұлы күнін атап өтуге тыйым салынды. 62 жылдан кейін бұғауда жатқан барша түркінің байырғы мерекесі қайта жанданды. Күн мен түннің теңелген сәтін күллі түркі халқы жаңа жылдық мереке ретінде тойлауды дәстүрге айналдырды. Целиноград қаласы Ақмолаға қайта ауысқаннан кейін Ұлыстың ұлы күнін тойлауға қаз-қаз басқан сәбиден кеудесі кеніш қарияға дейін қатысып, баба дәстүрін жаңғыртты.

Естеріңізде болса, Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев 1991 жылы 15 наурызда «Көктемнің халықтық мерекесі – Наурыз мейрамы» деп жариялады. Соған сәйкес 22 нау­рыз айтулы датаға айналды. 2001 жылы наурыз мейрамы мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды. 2009 жылдан бастап қазақ халқы төл мейрамын үш күн қатарынан атап өтетін болды. Ал бір жылдан кейін БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясында 21 наурызды «Халықаралық Наурыз күні» деп жариялаған болатын.

– Наурыз мерекесінің қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен дәстүрлерін дәріптеуде орны зор. Оған қоса, ел тарихына деген сүйіспеншілікке тәрбиелейді. Ел­басының «Мәңгілік ел» ұлттық идеясымен астасып жатыр. Біздің мұрағаттағы құжаттар осыны ай­ғақтайды. Елорда тұрғындары нау­рыз мейрамын ерекше тойлаған. Тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап Ұлыстың ұлы күнін атап өтуде мемлекет тарапынан үлкен бастамалар көтеріліп, жаңа жобалар жүзеге асып жатыр, – дейді қалалық архив директоры Мейрам Бектембаев.

Иә, даналыққа ұмсынған ұл­тымыздың болмысына нұр сепкен әз Наурызды өңір-өңірде тойлау, ұрпаққа насихаттау – бұ­рыннан келе жатқан тәлім. Елі­міз егемендікке қазық қаққалы бұл дәстүр жылда жалғасын тауып, жан­данып келеді.

 

Соңғы жаңалықтар

Серіктестік құқы қорғалды

Инвестиция • Кеше

Тұмаудан амансыз ба?

Денсаулық • Кеше

«Cyberpol»-ға жұмыс көп

Құқық • Кеше