Тарих • 31 Наурыз, 2021

Халқымыздың жаны сірі-ау...

1585 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Большевиктер өкімет басына келген жылдардан бастап, «Сұмырай келсе, су құриды» дегендей, елді жаппай аштық жайлаған.

Халқымыздың жаны сірі-ау...

1920-1922 жылдары құрғақшылық болып астық, шөп шықпаған, қыс қатты болып мал қырылған. Жұттың көлемі осы күнге дейін толық анықталған жоқ.

Оның үстіне барлық мал-мүлкін, дүниесін ешқандай ақысыз-пұлсыз, өтемсіз тек тартып алуды ғана білген тонаушы өкіметке беруге қимаған адамдардың бәрі өкіметке қарсы шығып, барынша қарсылық білдірген. Малдарын сыртқа айдап кету немесе жаппай сойып тастап, етінің көзін құртуға тырысу, астықтарын тығып, шіріп кетсе де өкіметке бермеу сияқты саботаждық әрекеттермен қатар, қарулы көтерілістер де көп болған. Бір Батыс-Сібір өлкесінде ғана төрт жүзден артық осындай шаруа­лар көтерілісі болған. Тарихшы В.Шмидтің «Қазақстан трагедиясы: Аштық және оның салдары» деген еңбегінде бұл туралы былай жазылған: «Мемлекеттің биліктің зорлықшыл саясаты ауылдар мен деревнялардың барған сайын наразылығын тудырды. Кеңес өкіметі жүргізген әкімшіліктік террор мен озбырлыққа бірқатар жағдайларда шаруалар ашық қарсы шығып, олардың тарапынан қарулы қарсылықтар болды. Мәселен, 1921 жылдың ақпан-наурыз айларында шиеленіс ошақ­тары Ақмола, Көкшетау және Петропавл және аймақтың бас­қа да өңірлерінде пайда болды».

Ол кездегі орталық өкімет КирЦИК (Қырғыз Орталық атқа­ру комитеті) аш халыққа кө­мек ұйымдастыру мақсатында комиссия құрғанымен, оның қа­рымы шамалы болып, аштықты еңсеруге қауқары толық жетпеген. «Помгол» деген атпен бел­гілі болған бұл комиссияны С.Мең­дешев басқарған.

Жуырда Солтүстік Қазақстан облыстық архивінде сол кездегі губерниялық өкіметтің органы «Мир труда» газетін қарап отырып, аштық туралы көп деректер­ге жолықтық. Ол кездегі газет одақтық телеграф агенттігінен (РосТА) деректерді жиі беріп тұ­рады екен. Соның ішінде 1922 жылдың 24 қаңтарындағы осы газет РосТА-ға сілтеме жа­сай отырып, «Голодающая Киррес­публика» деген тақырыппен мы­надай шағын дерек келтірген екен: «Жаңа жылға дейін Қырғыз (Қазақ) Республикасында 2 000 000 аш адам тіркелді. Халықтың 70 пайызы аштыққа ұшырауда».

Әрине, қағазға түсіп, тіркеуде тұрғандары осынша болғанда, бүкіл Қазақ даласын сол кезде жаппай аштық жайлап, қы­рылып жатқанын көзге елестету қиын емес. Осы газет тағы бір нөмірінде енді қазақстандық те­леграф агенттігіне (КирросТА) сіл­теме жасай отырып, Қос­танай губерниясындағы аш­тық­қа ұшыраушылар саны ай сайын 50 пайызға артатынын айтыпты. «Халық мүк­пен, қы­­мыздықпен, алаботамен, тары және топырақпен қо­­рек­­тенуде» делінген онда. Де­мек республиканы жайлаған аштықтың ұшы-қиыры жоқ деген сөз.

Аштық ауқымы осылай жай­­лап жатқан Қазақстаннан астық салығы жиналыпты. Атал­­ған газеттің «Продналог в Кир­рес­публике» мақаласында осы туралы айтылып, былай делінген: «15 желтоқсанда салықты зат­тай алу үшін екі апталық нау­қан ұйымдастырылып, оған бар­лық таңдаулы күштер жұмыл­дырылды. Губерния аудандарға бөлінеді, олардың басында арнайы штаттар, сондай-ақ Гу­бревтрибуналдың төтенше да­лалық сессиялары болды. Гу­берния 5 813 818 пұт заттай са­лық беруге тиіс болатын; ал 10 жел­тоқсанға дейін оның 38 пайыз­ы орындалды. Заттай салық жинау бірінші Павлодар уезінде жүргізілуде, екінші Зайсан – 42, Қарғалы – 12, Бұқтырма – 10, Семей 8 пайыз. Жетіспеушілік салмағы бар элементке түседі. Ке­дейленген халық берілген тап­сырманы асыра орындады (Кирроста)».

Міне, бұл ресми органның дерегі. Өзі аштықтан қырылып жатқан елге қосымша азық-түлік салығын күшейткен және оны жинауға айрықша штат, губревтрибунал дегендерді тартқан. Бұлар әрине, «шаш ал десе бас алатындар» екені белгілі. Аш­тықтан қырылып жатқан халыққа салықпен екінші жақтан қысым көрсету – әрине, халықты озбырлық саясат емес пе?!

Кеңес Одағындағы аштықтан қырылып жатқан халыққа шет­елдік қоғамдық ұйымдар бір­шама көмектескен. Соның ішін­де Американың сол кездегі президенті Вудро Вильсонның ұй­ым­дастыруымен Еуропада 1919 жылы аштыққа ұшыраған елдерге көмек жасау үшін құрылған «Аме­риканың көмек әкімшілігі» ұйымының жәрдемі көп болған. Бұл ұйымға жазушы М.Горький көмек сұрап хат жазған екен. Осы ұйым Қазақстанға 125 вагон ұн, күріш, қант және т.б. жі­бергені Уикипедия энциклопедиясында жазылған. Ал енді Қазақстанға жасалған сондай бір көмекті С.Ромашкина есімді журналист «Власть» сайтындағы «Первый голод. 1921-1922 год» атты ма­қаласында ешқайда сілтеме жасамай-ақ орыс правосла­вие шіркеулерінің асыл заттарын сат­­қан ақшаға алынған ас­тық деп жазыпты. Осындай жа­рия­ла­ным­дарға күдікпен қараған дұ­рыс сияқты.

Қалай десек те, алғашқы аш­тық­тың ауқымы да адам айт­пастай зор болған. Кеңес өкі­меті жылдарында оның толық ауқымы ешқайда көрсетілмей, «жауырды жаба тоқып», ішінара халықтың өзіне кінә тағуға дейін барған. Мысалы, Түркістанда Кеңес билігін орнатуға белсене қатысқан көрсоқыр басшылардың бірі – И.Тоболин деген большевик «қазақтар марксшілдердің көзқарасымен бағалағанда, эко­но­микалық тұрғыдан әлсіз ұлт болғандықтан, бәрібір қы­ры­лады» деп соққан екен... Ал би­лік­тің қолымен жасалған 30- жылдардағы екінші аштықта хал­қымыз тағы қынадай қы­рылғаны белгілі. Осындай өкі­меті, осындай басшылары болған елден түгел қырылып қалмай, аман шық­­қан қазақ халқының да жаны сірі-ау...