БРЮССЕЛЬ – Еуропада климат өзгерісінің әсері жөнінде естідік. Егер біздің өнеркәсіптік, энергетикалық, көліктік және азық-түлік жүйелеріміз өзгермесе, осы ғасырдың соңына таман жаһандық ауа райы температурасының апатты 3 градусқа жылынатынын жақсы білеміз.
Еуропаның рекордтық ыстық температруасы тіркелген 2020 жыл аяқталар тұста Еуропалық одақ 2030 жылға қарай парниктік газ шығаруды 1990 жылғы деңгейден 55 пайызға дейін төмендету туралы ұжымдық шешім қабылдады. Еуропалық комиссия қазіргі таңда нақты саяси өзгерістер арқылы бұл міндеттемені орындауға кірісті. Ал Еуропалық инвестициялық банк оған қаржылық тұрғыда қолдау көрсетеді.
Қазіргі онжылдық – планетамыз үшін шешуші сәт. Алда күтіп тұрған қиындықтарға қарсы тұру мақсатында біздің екі ұйым 2021 жылы 24 наурызда мемлекеттерді, халықаралық институттар мен инвесторларды «Климаттық іс-шараларды инвестициялау» атты маңызды оқиғаға шақырды.
Іс-шара әлемдегі көшбасшылардың басын қосып, қажетті саясатты жүзеге асыру және халықаралық үйлестіруді қамтамасыз ету жоспарымен бөлісті. Осылайша, инвесторлар мен бизнес көшбасшыларына кем дегенде келесі онжылдықта өздері жұмыс істейтін саяси орта туралы түсініктерін жақсартуға көмектесуге тырыспақ.
Климаттық іс-қимыл бүкіл әлем бойынша ауқымды құрылымдық өзгерісті және орасан зор инвестицияны талап етеді. Еуропаның өзінде ғана 2030 жылға қарай парникті газдар шығарылуын азайту жөніндегі жаңа міндеттемені орындау жыл сайын шамамен 350 миллиард еуро (417 миллиард доллар) қосымша инвестиция қажет етеді. Алайда бұл қол қусырып отырғаннан әлдеқайда жақсы.
Инвестициялық проблеманы шешу үшін әлемдегі ең ірі көпжақты несие беруші Еуропалық инвестициялық банк өзінің барлық қызметін Париж келісімінде көрсетілген мақсаттармен сәйкестендіріп, ЕО Климаттық Банкіне айналды. Басқа бағытпен қатар, Еуропалық инвестициялық банк алдағы онжылдықта климатқа қарсы іс-қимыл мен экологиялық тұрақтылықты сақтауға 1 триллион еуро инвестиция бөлуге уәде берді.
Бірақ қаржыландырумен іс аяқталмайды. Бізге жол картасы қажет. Сондықтан Еуропалық комиссия 2019 жылғы желтоқсанда Еуропалық Жасыл келісімшарт енгізді. Еуропаның жаңа өсу стратегиясы саналатын бұл құжат ЕО-ны ресурстарды үнемдеп, бәсекеге қабілетті экономикаға көшіру арқылы әділетті, өркендеген қоғамға айналдыруды мақсат етеді. Түптеп келгенде, мақсат – 2050 жылға қарай парниктік газдарды мүлдем шығармауға қол жеткізу.
ЕО-ға жаһандық парниктік газ шығарудың 10 пайызы ғана тиесілі. Сондықтан климаттың жылынуын бәсеңдету үшін еуропалықтардың әрекеті жеткіліксіз. Жаһандық температураның жоғарылауын мүмкіндігінше 1,5 градустың айналасында ұстап тұру үшін шекараларымызға қарамастан, декарбонизациялау әрекетіне кірісуіміз керек. Сондықтан бізге Жаһандық жасыл келісім қажет.
Осы мақсатқа қол жеткізу үшін үш инвестициялық басымдық беріп отырмыз. Біріншіден, ең озық әрі таза технологиялардың барлық жерде қолданылуын қамтамасыз етуіміз керек. Жаңартылатын энергияны қолдану бойынша алға жылжығанымызға қарамастан, әлемдегі электр энергиясының 40 пайызы әлі күнге дейін ең лас энергия көзі саналатын көмір арқылы өндіріледі. Экономикалық дамумен бірге электр энергиясына деген сұраныс жоғарылайды. Соған сәйкес жасыл технология шешімдерін қабылдау және әлемді таза электр желілеріне қосу міндеті туындайды.
Еуропа Африканы жасыл энергетикамен қамтамасыз ету бағдарламасы мен Азиядағы өнеркәсіпті декарбонизациялау бағдарламасынан бастап, Латын Америкасында қуат жинағыштар қою секілді жобаларға инвестиция құюға дайын. Біз су тасқынына қарсы технологиялар, ауа райын болжаудың озық құралдары және тұрақтылық инфрақұрылымы секілді климатқа бейімделу тәжірибелерімен бөлісе аламыз. Қаржылық мүмкіндіктерін, климатқа бейімделу бойынша күш-жігерді қолдауға арналған білімін қолданып, Еуропалық инвестициялық банкі өзінің ресурстарын осы маңызды салаға жеке сектордан көбірек инвестиция тартуға күш салады.
Біздің екінші басымдық – серпінді жасыл технологияларға бұрын-соңды болмаған инвестиция салу. Мұндай зерттеулер мен әзірлемелер өте қажет әрі олар үлкен нарықтық мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде әлемдегі парниктік газдар шығарудың жартысын құрайтын елдер тобы оны мүлдем жоюға міндеттеме алды. Басқа мемлекеттер бұған қосылатыны сөзсіз. Бұған қол жеткізу үшін аталған мемлекеттердің бәрі еуропалық технология мен инвестицияны қажет етеді. Таза сутегі, жаңартылатын энергия көздері және энергияны сақтау шешімдері Еуропалық одақтың экспорттық саласына айналуы мүмкін.
Ақырында, «айналмалы экономика» идеясын қабылдауымыз керек. Қалай дегенмен, біз планетамыздың мүмкіндігін асыра сілтеп пайдаланып жатырмыз. Оның салдары жыл сайын күшейіп, жойқын бола түсті. Біз тұтынатын тауарлардың экологиялық зияны және көміртегі газдарын шұғыл азайтуымыз қажет.
Оған қол жеткізу үшін үнемі жаңа тауарлар шығарып немесе импорттап, шикізат өндіріп отырмай, ресурстарды қайта пайдаланатын «айналмалы технологияларға» инвестиция салуға тиістіміз. Мұндай экономика аз кездесетін ресурстарға тәуелділігімізді азайтып қана қоймай, сонымен қатар жұмыс орындарын құруға орасан ықпал етеді. Еуропа көрсетіп келе жатқанындай, Жасыл келісім – тек экологиялық саясат емес, бұл – экономикалық және геосаяси қажеттілік.
Бес жыл бұрын 196 мемлекет жиналып, Париж келісіміне қол қойып, әлемдік орташа температураны индустрияға дейінгі деңгейден 2 градусқа, мүмкін болса 1,5 градуста ұстап тұруға уәде берді. Әзірге бұл міндеттемені орындауға жасалып жатқан іс-әрекет жеткіліксіз. Амбицияны іске қосып, прогресті жеделдететін кез келді. Бұл «Климаттық іс-шараларға инвестициялау» жиынындағы әлемге жолдауымыз.
Бәріміз – мемлекеттер ғана емес, сонымен қатар кәсіпкерлер, қалалар, қаржы институттары және азаматтық қоғам климат проблемасын шешу үшін бірлесуіміз керек. Еуропада үлгі болатын құралдар, дағдылар мен білім бар. Біз Жаһандық жасыл келісімді қамтамасыз ету үшін климаттық саясаттағы көшбасшылықты нарықтағы көшбасшылыққа ауыстыруымыз керек.
Ендеше, іске кірісейік.
Урсула вон ден ЛЯЙЕН,
Еуропалық комиссия президенті
Вернер ХОЙЕР,
Еуропалық инвестициялық банк президенті
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org