Қоғам • 31 Наурыз, 2021

Мүмкіндігі шектеулі адамдарға мүмкіндік мол

572 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қорының қамқорлығымен өрістетілген «Тепе-теңдік» әлеуметтік жобасы Ақмол ауылында жүзеге асырыла бастады.

Мүмкіндігі шектеулі адамдарға мүмкіндік мол

Шалғай ауылдардағы көптен қордаланып қалған маңызды мәсе­ленің бірі – мүмкіндігі шектеулі адамдарға, оның ішінде жастарға кәсіби бағдар беру. Кей-кейде он екі мүшесі сау адамдар да екі қолға бір күрек таба алмайтыны бар. Ел ішіндегі мүмкіндігі шектеулі жастар арасында белгілі бір мамандық алсақ, тәп-тәуір табысы бар жұмыс істесек деп алға ұмтылатындар аз емес. Оның үстіне кәсіби жағынан даяр­лай­тын оқу орындары да жоқ. Бұл жобаның бас­ты мақсаты – олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту. Ол үшін жастарға қолынан келер кәсіптің қыр-сырын меңгертіп, тағдырдың салған ісіне мойымай, өзін-өзі шыңдай дамытуға жол ашу. Елмен араласып, тырбанып тіршілік істесе, кірпіш дүниенің кетігіне жарағандарын да қуаныш көріп, көңілдерін демдейді әрі өмірге бейімделеді.

Жоба аясында «Батыр» қо­ғамдық бірлестігінің «Тұл­ға­ны дамыту орталығы» базасы тұрақты түрде мүмкіндігі шек­теулі адамдарды белгілі бір кәсіпке даярлап, кейін жұ­мыс­қа орналастырмақ. Орталық қажетті тігін машинасы, ком­пью­тер тәрізді құралдармен жаб­­дықталған. Қолы епсекті адам­­дардың айы оңынан тумақ. Айталық, тігін ісі, шаштараз, дәс­түрлі халықтық қолөнер, ағаш, тері өңдеу, компьютерлік са­уат­тылық бағытында бастапқы білімін жинақтап, тәжірибелерін толықтыра алады. Арғы жағы өздеріне байланысты.

Жалпақ әлемді жаман індет иектеп, алқымыңнан алып тұрған уақытта мүмкіндігі шектеулі адамдардың да қатардан қалмай қарекет етуіне қамқорлық жасалуы адами тұрғыдан алғанда иманды шаруа екендігі сөзсіз. Ақмол ауылында басталған ақ­жарылқап бастаманың бағалы болатындығы да сондықтан.

 

Ақмола облысы,

Целиноград ауданы