Қазақстан • 31 Наурыз, 2021

Бүгін Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өтеді

1402 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бүгін, яғни, 31 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 17:00-де онлайн форматта Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бүгін Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өтеді

Бейресми саммитті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашып, жүргізеді. Жиынға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев қатысады. Бұл туралы Қазақстан Респубикасы Президентінің Баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

Жиын барысында бауырлас мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалар бойынша ынтымақтастық және оны одан әрі дамыту мәселелері талқыланады. Саммит қорытындысы бойынша түркі елдерінің мәдени құндылықтарына және Кеңестің мәртебесіне қатысты Декларация қабылданады деп жоспарланып отыр.

 

 

ТМЫК немесе Түркі кеңесі 

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі немесе қысқартып айтқанда Түркі кеңесін құру туралы келісімге 2009 жылдың 3 қазанында Әзербайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілес мемлекеттер басшыларының 9-саммитінде қол қойылды. Ал кеңес құру туралы бастаманы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтеріп, оған Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия басшылары қолдау көрсетті. Түркі кеңесінің 1-саммиті 2011 жылдың 21 қазанында Алматы қаласында өтті. Содан кейін 2012 жылдың тамызында Қырғызстанда, 2013 жылдың тамызында Әзербайжанда, 2014 жылы Түркияда, 2015 жылдың қыркүйегінде Астанада, 2018 жылы Қырғызстанда, ал соңғы 7-саммит 2019 жылдың қазанында Әзербайжанның Баку қаласында ұйымдастырылды. 2018 жылдан бері Венгрия байқаушы ел мәртебесін алса, 2019 жылы Түркі кеңесіне Өзбекстан Республикасы қосылды. Сол жылдан бері ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесінің құрметті төрағасы болып саналады. 

Айта кетерлігі, 2020 жылдың 10 сәуірінде Түркі кеңесінің төтенше саммиті бейнеконференция арқылы ұйымдастырылды. Оның барысында COVID-19 пандемиясымен тиімді күресу мәселелері талқыланып, арнаулы декларация қабылданды. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев COVID-19 пандемиясы жағдайында еліміз үшін бауырлас мемлекеттердің азаматтарына барынша қолғабыс көрсетудің маңыздылығын айта келе, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қырғызстан мен Тәжікстанға (әр елге 5 мың тоннадан ұн беріледі) қолдау көрсетілетіні туралы айтты. 

– Қазақта «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген мақал бар. Дәл осындай қиын-қыстау сәтте барлық мемлекеттер күш-жігерін жұмылдыруы тиіс. Біз де сол көштен қалмауымыз керек, – деді ҚР Президенті. 

Түркі кеңесінің аясында 4 жұмыс тобы қызмет етеді. Жұмыс топтарының мақсаты - мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту, кәсіпкерлік пен туризмді өрістету. 2011 жылы Түркі кеңесінің Іскерлік кеңесі құрылды. Туризм саласында Түркі кеңесіне мүше елдердің мәдени және тарихи қалалары бойынша 14 күндік саяхатты қамтитын «Қазіргі заманғы Жібек жолы» арнаулы бірлескен жобасы іске қосылды. Ал 2019 жылдың 17 мамырында елордада өткен Астана экономикалық форумы аясында ТМЫК мүше елдер Түркі сауда-өнеркәсіп палатасын құру туралы құжатты рәсімдеді. Ал мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамытуға Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы мен Түркі академиясы белсенді қызмет етіп келеді. Мұнан бөлек, 2014 жылы Әзербайжан Президенті И.Әлиевтің бастама жасауымен Түркі мәдениеті және мұрасы қоры құрылды. Алайда, түрлі себептерге байланысты бүгінге дейін қор қызметі жанданған жоқ. Сондықтан қазіргі уақытта ТМЫК-қа мүше елдер аталған қор мен Түркі академиясының бюджеттеріне міндетті жарна шкаласын келісім жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мұнан бөлек ТМЫК аясында Түркі университеттерінің одағы жұмыс істейді. Оның құрамына Қазақстаннан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті кіреді. Жастар саясаты саласындағы түркітілдес елдер ынтымақтастығын нығайту үшін Жастар фестивалі, Түркі жастар лагері, Түркі мемлекеттерінің жас дипломаттарына арналған курстар тұрақты негізде өткізіліп тұрады. Түркітілдес халықтардың мәдени-тарихи байланыстарын нығайта түсу үшін Бүкіләлемдік көшпелілер ойыны да үнемі өткізіліп отырады. 2008 жылдан бері ТМЫК аясында қызметі парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік ассамблеясы жұмыс істейді.

 

Халықаралық түркі академиясы 

2009 жылдың 3 қазанында Әзербайжан Республикасының Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түркі дүниесін зерттейтін халықаралық ғылыми орталық құру туралы ұсыныс жасады. 2010 жылдың 25 мамыры күні елордамыздағы Бейбітшілік және келісім сарайында Түркі академиясы ашылды. Бірегей ғылыми-зерттеу орталығының тұсаукесеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Абдуллаһ Гүл, сонымен қатар Қазақстан, Түркия, АҚШ, Өзбекстан, Қырғызстан, Украина мемлекеттерінің көрнекті түрколог ғалымдары қатысты. 

Ал 2012 жылдың 22-23 тамызы күндері Қырғыз Республикасының астанасы Бішкекте өткен Түркі кеңесінің ІІ саммитінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия Республикасының Президенті Абдуллаһ Гүл, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев пен Әзербайжан Республикасының Премьер-Министрі Артур Расизаде Түркі академиясына халықаралық мәртебе беру жөніндегі келісімге қол қойды. Келісімді құрушы елдер ратификациялағаннан кейін Қазақстанда 2010 жылы құрылып, жұмыс істеп тұрған Түркі академиясы 2014 жылдың 28 тамызынан бастап халықаралық мәртебеге ие болды. 2018 жылдың 3 қыркүйегінде Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер басшыларының шешімімен Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің өкілеттігі тағы 4 жылға созылды.

 

Түркі мәдениеті және мұрасы қоры 

Жоғарыда айтқанымыздай, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры 2012 жылдың 23 тамызында Әзербайжан Президентінің бастамасымен құрылған болатын. Баку қаласында орналасқан қорға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия мүше. Түрлі іс-шаралар, жобалар мен бағдарламаларды қолдау әрі қаржыландыру арқылы түркі мәдениеті мен мұрасын қорғау, зерделеу және ілгерілетуді мақсат тұтқан қордың бюджеті мүше елдердің міндетті жарналары арқылы қалыптасуы тиіс. Алайда Түркі мәдениеті және мұрасы қоры бюджетіне міндетті жарналар шкаласы туралы хаттаманы мүше елдер әлі ратификацияған жоқ. Сол себепті оның жұмысы кенжелеп тұрғаны белгілі. Дегенмен, қор әзержайжан тарапының есебінен жұмыс істеп тұр және 2020 жылдың 28 қарашасында «Түркі мәдениеті және мұрасы қоры бюджетіне мүше мемлекеттердің міндетті жарнасының шкаласы туралы хаттама» рәсімделді. Қазіргі уақытта бұл құжат ратификациялауға әзірленіп жатыр. Айта кетерлігі, 2018 жылдың 3 қыркүйегінде Қырғызстанда өткен Түркі кеңесінің 6-саммиті барысында Әзербайжан Үкіметі мен Түркі мәдениеті және мұрасы қоры арасында «Қордың орналасу шарттары мен тәртібі туралы», «Қордың қаржылық ережелері туралы» келісімдер рәсімделіп, «Қор процедураларының ережесі» мақұлданған болатын.

 

Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы 

Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік ассамблеясы (ТүркПА) ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен 2008 жылғы 21 қарашада құрылды. ТүркПА-ға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия мүше. ТүркПА хатшылығы Баку қаласында орналасқан. Ұйымның жоғарғы органы – Ассамблея кеңесі, оған мүше мемлекеттердің Парламент басшылары кіреді. Ассамблея кеңесінің жалпы отырыстары жылына бір мәрте ұйымдастырылады. Ал Ассамблея кеңесі жалпы отырыстан бір күн бұрын жиналады. ТүркПА-дағы төрағалық ротациямен жыл сайын мүше мемлекеттер арасында ағылшын әліпбиі негізінде жүзеге асырылады. Ассамблея Кеңесі мен пленарлық отырыс өтетін мемлекет ұйымға төрағалық етеді. 

Парламенттік Ассамблеяның басты мақсаттары – тарихи, мәдени және тілдік ортақтық негізінде түркітілдес елдердің заңнамалық және парламентаралық ынтымақтастығын үйлестіру; түркітілдес елдер мен өңірлер арасындағы өзара тиімді ортақ және тең құқылы ынтымақтасытығына қолғабыс көрсету; түркітілдес елдердің заңнамаларын жақындастыру бойынша ұсыныстар енгізу; тараптар арасындағы саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, құқықтық және басқа да қатынастардың дамуына жәрдемдесу. 

2009 жылдан бастап ТүркПА-ның 9 жалпы отырысы өтті. ТүркПА-ның 10-шы мерейтойлық пленарлық отырысы 2021 жылы Қазақстанда өтуі тиіс.

 

Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) 

ТҮРКСОЙ 1993 жылдың 12 шілдесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен түркітілдес халықтардың арасындағы рухани байланыстарды жандандыру мақсатында құрылған. Оған Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан мүше. Ұйымның штаб пәтері Анкара қаласында орналасқан. 2011 жылдан бері ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы қызметін Қазақстан өкілі Дүйсен Қасейінов атқарады. Ол бұл қызметке үшінші мәрте қайта сайланып отыр. 

2010 жылдан бері ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің қалаларына «Түркі әлемнің мәдени астанасы» мәртебесін беру міндеті жүктелген. Сол жылы түркі әлемінің бірінші мәдени астанасы мәртебесі елордамызға берілді. Ал 2017 жылы Түркістан қаласына осындай мәртебе беріліп, сол жылдың 21 наурызында «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесін салтанатты түрде мерекелеу ұйымдастырылды. Ал 6-10 маусымда Түркістанда «Өртеке» халықаралық қуыршақ фестивалі өтіп, оған Әзербайжан, Башқұртстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Татарстан, Өзбекстанның шығармашылық ұжымдары қатысты. 

2019 жылдың 4 тамызында ТҮРКСОЙ мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУдың жәрдемімен Ыстанбұл қаласында «Әл-Фараби үйі» ашылса, сол жылдың қарашасында ұйымға мүше елдердің Мәдениет министрлерінің тұрақты кеңесі 2020 жылды «Абай жылы» деп жариялаған болатын.