Спорт • 31 Наурыз, 2021

Дзюдошыларымыз Антальяда айқасады

174 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

1-3 сәуір аралығында Түркияның Анталья қаласында дзюдошылардың кезекті Grand Slam турнирі өтеді. Бұл жарыста Қазақстанның 14 балуаны бақ сынайды.

Дзюдошыларымыз Антальяда айқасады

Бұл жолы біз біраз уақыттан бері көрермендер назарынан тыс қалған Отгонцэцэг Галбадрахтың өнерін тамашалаймыз. Аса жеңіл салмақта белдесетін 29 жастағы әйгілі дзюдошымыз 2016 жылы Рио Олимпиадасында қола медальді иеленсе, 2017 және 2018 жылдары ұйымдастырылған әлем чемпионаттарында да сол нәтижесін қайталады. Құрлық чемпионы атанып, Азия ойындары мен Дүниежүзілік Универсиадада жүлдегерлер қатарынан көрінген Отгонцэцэг жарақатына байланысты бір жылға жуық уақыт бойы татами шыққан жоқ еді. Енді біз айтулы дзюдошы алдағы жарыстарда жарқын жеңістерімен өз жанкүйерлерін қуантады деп үміттенеміз. Галбадрахтан бөлек, қыздар арасындағы турнирде Севара Нышанбаева (57 кило) мен Зарина Шәріпова (63 кило) шеберлік байқасады.

 

Ал ерлер бәсекесінде Мағжан Шамшадин (60 кило), Бауыржан Сағынғалиұлы (66 кило), Аңсарбек Ғайнуллин мен Жанболат Бағытбергенов (73 кило), Мәди Амангелді мен Абылайхан Жұбаназар (81 кило), Асылан Сағитбек пен Ерсұлтан Мұзафаров (90 кило), Айбек Серікбаев (100 кило) және Еламан Ерғалиев пен Әділ Оразбаев (+100 кило) сынды сайыпқырандар сайысқа түседі.