«Сіздің елде балалардың балалығы бар шығар, ал біз осылай кішкентайымыздан еңбекпен жетілеміз», деп әңгімесін бастаған. Сулейман Каракаш Адана аймағындағы Козан қаласында туыпты, жасы 32-де. «Мен шағын болғанымен орта ғасырлардың өзінде Сис деген атаумен белгілі Козан қаласында қарапайым отбасында туғанмын. Баланың үлкенімін, менен кейін екі қарындасым, бір інім бар. Түріктерде ер балалар еңбек етуді ерте бастайды. Өйткені ер адам отбасының тірегі, асыраушысы. Сондықтан да ұлдың әкесіне көмектесіп, тиын тапса да үйіне жаратуы қалыпты жағдай саналады. 7 жасымда алғаш қалай тиын тапқаным есте. Қалада үлкен «Үйлену салоны» бар еді. Соның қожайыны тойда шашылған шашуды жинап, той иесіне тапсырсақ, сосын думан уақытында аспанға атылған гүлдерді, түрлі қиынды жылтыр қағаздарды, шашылған дүниелерді жиыстырсақ ақша беретінін айтты. Бірнеше дос уәделесіп айтқандарының бәрін істеп алғаш рет табыс таптық. Екі танауым желпілдеп үйге алып келдім. Осыдан кейін сол салонға үзбей барып жүрдім де, одан өзіңіз көрген әлгі баладай аяқ киім тазалауға шықтым. Бұл кәдімгідей кәсіп. Күнделікті отыратын жерің, тұрақты клиенттерің бар дегендей. Мен ғана емес, достарым да қарап отырмайтын, бірі жанармай бекетіне келген көліктердің есік, терезелерін жуып, бірі шай тасып, асхана, дүңгіршек, дүкен маңдарындағы қоқыстарды жинаса да ақша табатын.
17 жасымда Козаннан Анкараға барып шағын дәмханаға даяшы болып орналастым. Бірте-бірте даяшылықта жинаған тәжірибеммен астанадағы атақты мейрамханаларға даяшылыққа тұрдым. Бірақ 19 жасымда даяшылықтың түпкілікті мамандық еместігін түсіндім де, аңсарым аспаз жұмысына ауды. Содан сағат 16.00-ге дейінгі даяшылық кезегімді атқарған соң аспаздың жанына барамын. Ойым сол өнерді үйрену. Аспаз әбиге «Сіздің қасыңызда көмектесіп жүрейінші», деп өтініш айттым. Ол «Жарайды, бірақ тегін көмектесесің, ешқандай ақша төлемеймін», деді. Қуана келістім. Содан былай таңертең 7-8-ден түнгі 1-ге дейін мейрамханада жүремін. Кейде тіпті одан да кешігемін. Сөйтіп жүріп аспаздықтың әліппесін игердім. Біраз дүние үйренген соң аз жалақыға басқа мейрамханаға аспаздың көмекшісі болып бардым. Әрине, жалақы жағынан алдыңғы орным жақсы еді, бірақ онда тек даяшы едім. Нанасыз ба, сол мейрамханада 7 күннің 24 сағатында тікеден тік тұрып ас әзірледім. Керемет аспаз болмасам да ынтамның сұрапылдығын аңдаған қожайын жалақымды көтерді. Осылайша, ерінбей еңбектену арқылы ұлттық асханамыздың қыр-сырын әбден меңгердім. Енді мені атақты мейрамханалар аттай қалап, жоғары жалақыға жұмысқа шақыратын болды. Және «Сулейман әби, біздің аспаздарымызды да оқытып берсеңіз» деп курс ашып, үйретуші аспаз болуыма ойтүрткі жасады. Бүгінде менің алдымнан өткен жас жігіттерді Түркияның ғана емес, шетелдердегі мейрамханалардан кездестіруге болады. Бәлкім, әлгінде көшеде аяқ киім тазалап отырған кішкентай ұл да бір жерден шығатын болар. Мен сіздің елден ата-аналарымен бірге келіп туристік сапармен қыдырыстап жүрген қазақ балаларына қызыға қараймын. Көпшілігі ағылшын тілін де біледі. Жоғары оқу орындарын бітіріп, бір-бір мамандық иесі болып шығады. Ал түріктің көпшілік баласы мен жүрген тәрізді жолдардан өтеді, деді ол.
Жас та болса өмірден түйгені бар Сулейманның әңгімесін тыңдаған соң оған «Рас айтасыз, бізде балалар буыны қатпай ауыр еңбекті жаппай істемейді. Қалада тұратын балалардың тіптен ақсаусақ екені шындық, оған қарағанда ауыл балалары еңбекқор келеді. Мал жайлайды, отын-су тасиды, жазда шөп шауып, малдың кезегіне барады, әйтеуір қарап отырмайды. Баланың еңбекпен жетілгені өзіне де, ата-анасына да жақсы, әрине. Бір есептен сіз қызыққан балалық өмірдің жеткіншектің болашағына берері қаншалықты деген ойға шомдырып тастадыңыз-ау», деп күлдім.
Сулейман Каракашпен әңгімелескен соң, осы ойдың негізгі арқауы – біздің осындай жайттардан ұлт ретінде сабақ алар жағымыз не болмақ деген өзіме сауал қойдым. Сонда ең басты дүние – ер баланың болашақ ел тұтқасы ер болуды бойына сіңіріп өсуі, түбінде «Еңбек етсең емерсің» дегендей еңбекпен жетілуде жатқанында ма дедім. Ер азамат – асыраушы, ер жігіт – ел қорғаны, отағасы отбасының ғана емес, әулеті мен қала берді елдің тұтқасы екенін болмысқа сіңірудің түріктік жолына ой жүгірткенде санаға сыналап кірген бағытпен өздеріңізбен бөліскенді жөн көрдім. Сіз не ойлайсыз? Баланы еңбекке баулудан кім зиян шегеді? Қайта жеткіншекке қарғадайынан мойнында жауапкершілік барлығын ұғындырғаннан ұтылмайтын сияқтымыз.