Атап айтқанда, депутаттар «Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінде талаптар белгіленбеген өнімнің Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі айналысының тәртібі және мұндай өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын ратификациялады.
«Құжаттың негізгі бағыттары одақ аумағында айналыстағы барлық өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Біріншіден, бұл одақ деңгейінде өнімге қатысты міндетті талаптар белгіленетін өнімнің бірыңғай тізбесіне енгізілмеген өнімдер. Екіншіден, одақтың бірыңғай техникалық регламенттері қабылданбаған немесе күшіне енбеген өнімдер. Өнімнің бірыңғай тізбесі тұтыну және пайдалану кезінде қауіптілігі жоғары тәуекелдермен сипатталатын өнім түрлерін қамтиды. Бұл тізбе одаққа мүше елдердің және халықаралық тәжірибені ескеріп отырып әзірленген.
Бүгінгі таңда айналысқа шығарылатын өнімнің 85 пайызы Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай техникалық регламентімен реттеледі. Бұл тамақ өнімдерінен бастап, балалар индустриясы тауарлары, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және басқа да өнім түрлерінің кең тауар номенклатурасына арналған техникалық регламенттер. Осы келісім одақ нарығындағы өнімдердің қалған 15 пайызын реттейді», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда тауарлар номенклатурасына талдау жасалған. Оған, негізінен, әлеуетті қауіп төндірмейтін өнімдер кіреді. Мәселен, зергерлік бұйымдар, сағат, тұрмыстық щетка, жасанды зергер бұйымдары секілді өнімдер бар. Б.Сұлтанов қабылданғалы отырған келісім бизнес үшін әкімшілік кедергі келтірмейтінін атап өтті.
«Өнім туралы мәліметтерді ақпараттық базада жинақтау көзделеді. Олар тұтынушылар үшін қолжетімді және нарықтағы жағдайды зерттеу мақсатында пайдалануға ашық болады. Бұл жаңа өнім түрлеріне ден қоюға және тұрақты мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
Келісім іске асыру мақсатында тәртіпті реттейтін өнім айналысы қағидаларының жобасы әзірленді. Қазіргі таңда бұл қағидаттарды бизнес-қауымдастық пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы талқылап жатыр», деді министр. Оның айтуынша, бүгінгі таңда одаққа мүше үш мемлекет келісімді ратификациялау бойынша мемлекетішілік рәсімдерді аяқтаған. Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірауыздан мақұлдап, дауыс берді.
Сондай-ақ депутаттар «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» және оған ілеспе заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобалары жөнінде Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Абилфас Хамедов баяндама жасады. Депутат аталған құжаттың Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары аясында әзірленгенін атап өтті.
Жұмыс тобы заң жобасын талқылау барысында депутаттар бірқатар түзету енгізген. Атап айтсақ, заң жобасының нормалары қолданылмайтын жағдайлардың толық тізбесі белгіленеді. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуын бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтердің өтініш беруші сатып алу процестеріне шағым жасаған кезде оған нақты мерзімдерде негізделген жауаптар берілмек. Бұған қоса, тапсырыс берушінің конкурстық құжаттаманы бергеннен және ашқаннан кейін әлеуетті өнім берушілерден қосымша құжаттарды талап етуіне тыйым салу жөнінде түзету енгізілген.
А.Хамедов құжатта жеткізушілердің мүддесін қорғау үшін орындалған келісімшарттар бойынша жеткізу ақысын толық төлеу мерзімі 30 жұмыс күні болып бекітілгенін атап өтті.
Жиын соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауал жолдады. Асқар Бейсенбаев Оңтүстік Кореядағы қазақстандық еңбек мигранттары туралы мәселе көтерді. Оның айтуынша, қазақстандық азаматтар аталған елге заңсыз еңбек ету үшін соңғы 6 жыл бойы туристік визаны арқау етіп, жасырын барады. 2014 жылдан бері заңсыз жұмыс істеуге барған мигранттардың саны 359 адамнан 2019 жылы 12 мың адамға дейін күрт өскен. Депутат Оңтүстік Кореяға Қырғызстан, Моңғолия және Өзбекстан елдерінен азаматтар көп баратынын, бірақ ол елдердің азаматтары екіжақты келісімшарттың негізінде, «Е-9 уақытша» еңбек визасын алу арқылы заңды жұмыс істеп жүргенін атап өтті.
Ирина Унжакова коронавирус инфекциясына қарсы халықты вакциналаудың баяу жүріп жатқанына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі бұл науқанды жүйелі ұйымдастыра алмай отыр.
«Жұрт қайда барып вакцина алуға болатынын білмейді. Себебі өңірлердегі емханаларда вакцина жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі биыл алдын ала іс-қимыл алгоритмін жасай алмады ма? Көптеген адамның көкейінде осындай сұрақ тұр», деді депутат.
Сондай-ақ Арман Қожахметов, Владимир Тохтасунов, Берік Дүйсенбинов, Андрей Линник, Айгүл Жұмабаева, Бекболат Тілеухан, Айжан Сқақова, Азат Перуашев депутаттық сауал жолдады.