Руханият • 01 Сәуір, 2021

Сөз сойыл №103

1732 рет көрсетілді

1 сәуір – Күлкі күні

Бір аптадан соң ғана үйге қайту

 Халқымыздың аяулы перзенттері Қанабек Байсейітов пен Күләш Байсейітова қазақтың бар жақсы қасиетін бойларына жинаған қонақжай, ақ көңіл, дос-жарандарымен соңғы дүниесіне дейін тең бөлісетін ғажайып дарқан жандар еді деседі. Осы кісілердің үйіне бірде «амандасамыз» деп бір топ ақтөбелік өнерпаз жастар қонаққа келіпті. Қанабек пен Күләш жас артистердің алдына дастарқан жайып, тәтті-дәмдінің бәрін қойып, шама-шарқынша құрмет жасайды. Түннің бір уағы болып, өнерпаз жастардың Ақтөбеге қайтатын мезгілі де жақындайды.

 

– Күләш, мен іні-қарындастарымды сыртқа шығарып келейін, – деп, Қанабек үстіне желбегей шапан, аяғына кебісті іле салып, жастармен бірге ол да далаға шығып кетеді.

Қанекең сол кеткеннен мол кетіп, бір жеті бойы жоғалыпты. Сөйтсе, Канабек жастардың «Қанеке, Қанеке» деп қолпаштауына көңілі елітіп, олармен бірге әуежайға қалай келгенін, Ақтөбеге қалай ұшып кеткенін аңғармай қалыпты.

Ертесінде басы ауырып оянып, көзін тырнап ашып, дауыстап Күләшті шақырады. Лып етіп, Қанекеңнің қасына жігіттердің біреуі жетіп келіпті.

– Сен, бала, кімсің? – депті Қанекең.

– Ойбуй, Қанеке-ау, ініңізбін ғой... ініңізбін. Ақтөбелік артистерміз ғой біздер. Кеше таныстырып едік қой, өзімізді, — деп әлгі жігіт жік-жаппар болады.

– Е, есіме енді түсті... Кешір інім, соңғы кезде ұмытшақ боп бара жатырмын, — дейді Қанекең кешегі жайды әзер дегенде есіне түсіріп.  

– Сонда сендер біздің үйде қонып қалғансыңдар ма? «Түнде самолетке барамыз, Ақтөбеге ұшамыз» деп отырғандарың қайда? – деп сұрайды Қанекең тағы да.

– Қанекесі-ау, рас айтасыз, біз самолетпен түнде ұшып кеткеміз, – дейді жігіт.

– Қайда ұшып кеттіңдер?

– Ақтөбеге, Қанеке.

– Сонда мен қайда қалдым?

– Сіз де ұшып кеткесіз, қазір Ақтөбедесіз, Қанеке.

Ол кезде, елуінші жылдары, көлік тапшы, самолет Алматыға аптасына жалғыз-ақ рет қатынайды екен. Содан Қанекең амалсыз ақтөбелік артистердің арасында қонақтап, бір аптадан соң ғана үйіне қайтқан екен.

Мұра

Сегізінші сыныпта бізге әдебиет пәнінен Өздебай ағай сабақ берді. Өзінің айтуынша осы бір пәннен дәріс оқытқанына он жылдан асыпты.

Бұрын: «Өздекең сегізінші сыныптың әдебиетін басынан аяғына дейін үтір, нүктесін айта отырып, жатқа соғады», – дейтінін еститінбіз. Жарықтық, талай жыл өтсе де түрлі себептермен сол конспект менде әлі күнге дейін сақталыпты. Ол: «Фольклор дегеніміз – ауыз әдебиеті. Ауызша айтылғандықтан, елден-елге ауыз арқылы тарағандықтан, ауыз әдебиеті деп атаймыз. Ол кезде жазу, сызу бол­маған. Өлең, жыр, дастан, хикая атаулы ауызша шығып, ел-жұртқа ауызша таралған...» – деп бас­талып, тарау-тараумен тарамдалып кете баратын.

Бірде сегізінші сыныпты тәмамдап қалған өзім­нен он бес жас кенже інім: «Аға, Өздебай ағайдан жыл бойы сабақ жазып бекер әуре болыппын ғой, кеше сандықтың түбінен сіздің бір кезде жазған конспектіңізді тауып алып, салыстырып көріп едім, сөзбе-сөз айнымайды-ау, айнымайды. Бір сөз, бір сөйлем өзгерсейші», – деп жаңалық ашты.

...Көп уақыт өтпей, ағайымның сегізінші сыныпта оқитын баласының әдебиет дәптерінің алғашқы бетін ашып едім. «Фольклор дегеніміз – ауыз әдебиеті», – деп басталған абзац көзіме оттай басылды. Ескі досыммен кездескендей, көзден еріксіз бір-екі тамшы жас та шығып кетті.

...Бірде өзімнің сегізіншідегі ұлымның сабағына қатыстым. Әдебиет пәнін оқытатын өзіміздің баяғы Өздекең. Жаңа оқу жылдарымен құттықтап, бірден сабақ жаздыруға көшті. Баяғы заманда сабақты бізге қаққан қазықтай тік жүріп айтатын, қазір отырған қалпы қағазына қарап оқитын болыпты.

«Фольклор дегеніміз – ауыз әдебиеті. Ауызша айтылғандықтан...».

Оқушылар жапа-тармағай жазып жатыр.

...Бірде өзімнің қырықтан асқанда көрген кенжемнің сыныбында отырдым. Тағы да баяғы Өздекеңе тап келіппін. «Фольклор дегеніміз», – дей бергенде, ары қарай тыңдауға шыдамым жетпей шығып кеттім. Балам: «Өздебай ағай, сабағынан сіздің шығып кеткеніңізді де байқамады», – дейді.

Жақында немерелеріміздің бақытына Өздекең де құрметті демалысқа шықты-ау, әйтеуір. Дүрілдетіп той жасады. Қуанғанымыздан тойына да бардық.

Орнын институт бітіріп келген баласына беріпті. Тойда әкесі мұраның үлкені деп, өмір бойы ұстап келген конспектілерін баласына сыйға тартты...

Ертеңінде есік алдында отыр едім, қаздиып киінген бір бала сәлем берді. Сөйтсем, мектепке бет алған Өздекеңнің кешегі баласы екен. Қолындағы әкесі сыйлаған «мұра» көзіме оттай басылды.

Қайтейін: «Фольклор дегеніміз – ауыз әдебиеті...» – деп күбірлеп, келер жылы мектепке барғалы отырған немеремнің басынан сипап қала бердім.

Берік САДЫР

Нұр-Сұлтан

 

     

 

Соңғы жаңалықтар

Доллар бағасы тағы арзандады

Экономика • Бүгін, 11:30

Күлше қыз

Театр • Бүгін, 09:25

Гүлдердің сырын ұққан...

Өнер • Бүгін, 09:24

Қалдықты кәдеге жаратты

Аймақтар • Бүгін, 09:22

Ұқсас жаңалықтар