Шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылған «Игі істер марафоны» аясында өтті.
Жамбыл облысы білім басқармасының мәліметінше, Қордай ауданында ерекше білім алуға қажеттілігі бар 910 бала тұрады, оның ішінде 403-інде мүгедектік бар.
«Мамандардың уақытылы және білікті көмегі «ерекше» баланың өмірін жақсартып, оның лайықты және табысты болашаққа қадам басуына мүмкіндік береді. Білім алуында ерекше қажеттіліктерді талап ететін балалар мен олардың отбасыларына керекті қолдауды Қордай ауылындағы ППТК көрсетеді. Бүгін Масаншы мен Сортөбе балаларына өз ауылдарынан шықпай-ақ көмек алуға мүмкіндік беретін тағы екі филиал ашылды. Осы жұмыс істеп тұрған аудандық ППТК дамыту жобасы ауылдық жерлерде тұратын ЕБҚ бар балаларға қызмет көрсету спектрін ілгерілету және кеңейту үшін үлгі бола алады», - деп атап өтті «ДАРА» қорының өкілі Сәуле Бексұлтанова.
Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті - бұл кез келген ерекше бала және оның отбасы дефектолог, психолог, логопед, сурдопедагог, тифлопедагог, ЕДШ нұсқаушысы, музыкалық ырғақ педагогы сияқты мамандар командасының кешенді білікті көмегін ала алатын мекеме. Жыл сайын ППТК, филиалдарды қоса алғанда, дамуында түрлі ауытқулары бар 120-дан астам балаға тегін қызмет көрсете алады.
«ППТК және басқа да арнайы білім беру ұйымдарының желісін кеңейтудің арқасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар өз құрдастарымен бірге жалпы білім беретін мектепте оқи алады. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қолдауымен бүкіл Қазақстан бойынша 15 түзету кабинеті және 16 ресурстық орталық ашылды», - дейді Қордай аудандық пошта байланысы торабының бастығы Ақжол Кәрімов.
Ресурстық орталық - бұл ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар мен қарапайым мұғалімдердің мектеп кеңістігі және ынтымақтастық аймағы. Ресурстық орталықтың қолдауымен мектепте оқуда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беретін мектептерге толық және тиімді енгізу, дамуында ауытқулары бар балалармен жұмыс істейтін педагогтарға және олардың ата-аналарына ғылыми-әдістемелік қызметтер кешенін көрсету үшін қажетті жағдайлар жасалады.