Экономика • 01 Сәуір, 2021

Индустриялық аймақта биыл 9 кәсіпорын іске қосылады

312 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жалпы инвестиция көлемі 40,5 млрд теңге болатын 9 жоба барысында 800-ден астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Алматы қаласының индустриялық аймағының аумағында іске қосылатын «Рахат СК», «г. С. г. Высотник», «Қаз-Диа-Тест», «City Stone», «Әлем Тынысы», «Asia steel pipe corporation», «Электробар», «Valtherm», «Technokont» өнеркәсіп өнімдері өндірілетін болады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Индустриялық аймақта биыл 9 кәсіпорын іске қосылады

Жаңа кәсіпорындарда автоклавты газобетон, медициналық мақсаттағы диагностикалық тесттер, табиғи тастан жасалған бұйымдар, салқындатқыш сұйықтықтар, үлкен диаметрлі болат дәнекерленген құбырлар, электротехникалық бұйымдар, инженерлік сантехника және жылыту жабдықтары, орташа вольтті жиынтық тарату құрылғылары шығарылатын болады. Қазіргі уақытта бөлінген жер телімдерінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Компаниялардың бірқатары ғимараттарды ішкі әрлеу, өнеркәсіптік жабдықтарды жеткізу және аумақты абаттандыру бойынша жұмыстарға кірісті.

Биылғы жылы сонымен бірге Индустриялық аймақта шағын және орта бизнес нысандары үшін 22 мың шаршы метр өндірістік орындар  пайдалануға беріліп, 4 шағын өнеркәсіптік паркті іске қосу жоспарлануда. Ол маңда  850-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Инвестицияның жалпы көлемі 3,2 млрд теңге. Шағын өнеркәсіптік парктерге тау-кен өндіру, жиһаз және жеңіл өнеркәсіп саласындағы шағын кәсіпорындар тартылатын болады.

2025 жылға дейін индустриялық аймақта жалпы инвестиция сомасы 81,1 млрд теңге болатын, 3 мыңнан астам орнымен қамтамасыз ететін 29 жобаны іске асыру жоспарланған. Қазіргі уақытта инвесторлар жобаларды іске қосуға байланысты құжат рәсімдеу жұмыстарымен айналысуда.

Қазіргі жағдай бойынша Алматының индустриялық аймағы аумағының жалпы ауданы 490 гектар. Оның 326 гектары пайдалы аумаққа жатады. Инфрақұрылымды ауданның көлемі 164 га. Бүгінгі таңда жалпы сомасы  75 млрд теңгені құрайтын «BRB APK», «Almapack», «DOC Co.LTD», «TOKYO ROPE ALMATY», «KMK Investment» - бірінші және екінші кезеңдер, «KazTigerTape», «ЭНКО», «ASSET», «Техновид», «МПЗ Бижан», «ДорХан-Алматы», «Алмерек», «Hyundai Trans Kazakhstan» сияқты 14 жоба іске қосылған.  Мұнда екі мыңнан астам жұмыс орнымен қамтылған. Бүгінгі таңда Алматы индустриялық аймағына қатысушы компаниялар 99,6 млрд теңгенің өнімін өндіруде.