Руханият • 01 Сәуір, 2021

Мұстафаның Мақаншыға сапары

4361 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақ елінің өз алдына Тәуелсіздігін алғанына үш жылға аяқ басқан 1994 жылдың жазы еді. Даңқты спортшы, белгілі таэквондошы, алашшыл азамат Мұстафа Өзтүріктің өзінің ата-баба­ла­рының сүйегі жатқан Мақаншы, Жарбұлақ (қазіргі Қабанбай ауылдық округі) ауылдарына құран бағыштауға келген сапары елде инфляция, экономикалық құлдырау басталған, жұрттың нан тауып жеуі қиыншылыққа айналған шақ болатын. Алайда, халықтың Мұстафаға деген шын ықыласы мен адал махаббатына бұлардың бәрі де кедергі бола алмады.

Мұстафаның Мақаншыға сапары

Арда туған азаматты Үржар әуе­жайынан жер­лестері алқызыл гүл шоқ­тарымен, риясыз шын пейілдерімен тайлы-тұяғы қалмай қарсы алып, аяғын жерге тигізбей 30 шақырымдай жердегі Мақаншы ауданына алып кетті. Сол бір арқа-жарқа ыс­тық сағынышты кез­десудің басы-қасында болған Үржар ауылының әкімі Сай­лауғазы Шарықбаев былай деп еске алады:

– 1994 жылы Алматыдан жерлес до­сым, сыныптасым, белгілі кәсіпкер Берік­болат Бейсекенов телефон шалып: «Сәке, жақын арада Мақаншыға даңқты спортшымыз, таэквондошы Мұстафа Өзтүрікті алып барамын. Жалғыз емес, жанында екі-үш жолдасы болады. Ол кісінің арғы тегі осы Мақаншы өңірінен екенін білесің. Ата-бабаларының басына құран оқып, ел-жұртпен кездеспек. Әрине, ол кісі асығыс емес. Келе сала бір қонып, қайтып кетпейтіні белгілі. Екі-үш күн атамекенімен қауышып, ел-жұртты аралайды. Соған дайындал, қар­ажат жа­ғынан тартынба, өзім төлеймін», деп бірнеше тапсырма берді. Ол кезде менің де Мақаншы аудандық мұнай база­сының директоры кезім, аудандық мәсли­хаттың депутатымын. Қуанышты хабарды естісімен, бірден әзірлікті бастап кеттік. Мақаншы ауылының орталығындағы қонақ үйден бөлмелер дайындадық. Бір­ден осындағы тағы бір досымыз, бел­гілі кәсіпкер Серікқали Ішпекбаевпен хабарластым. Мұстафа дегенде кім аянсын, ол жігіт те барын аянбады.

 

Таэквондо шеберін тай сойып күткен еді

Сонымен, мәртебелі меймандарды Мақаншы ауданының әкімі Жекен Жа­мантаев, мәслихат хатшысы Мәден Мәзембиев, аудандағы белді спортшылар, аузының дуасы бар ақсақалдар қарсы алды. Берікболат аудан орталығында ор­наласқан мейманханадағы апа-жез­десіне қонақтардың ас-суын дайындат­тырып, жігіттерді орналастырдық. Ке­шін­де қонақасы қырық шақты адамға Серік­қали Ғалымжанұлының үйінде берілді. Мұстафа Өзтүрік келді деген ха­барды естіп, көргісі келетін, онымен сұхбаттасқысы ниетті ауылдас­тар санын­да есеп жоқ. Сонымен, сол күні бәрі де арқа-жарқа әңгімелесіп, ара-арасында аудан өнерпаздарының концерттік нө­мірлерін тамашалап, таңғы сағат 5-ке дейін отырдық. Сонда бір байқағаным, қонағымыз елдік мәселені көбірек қауза­ғанды сүйеді екен.

Жалпы, Кеңестің солақай саясатының кесі­рінен болған ашаршылық заманда осы өңірден Қытай еліне кеткен Мұстафа Өзтүріктің аталары ол жақтан да сая таба алмай, Түркияға қоныс аударуды жөн деп табады. Олар Гималай тауын асып, Үндістан, Пәкістанды көктей өтіп, кейін Түркияға келіп қоныстанады. Әрине, көп қиыншылықтарды бастан өткереді. Кейін өз алдарына кәсіп ашып жүргізеді. Бүгінгі күні барлығы да бай­қуатты тұрады екен. Мұстафа 1954 жылы Түркияның Кайсере қаласының Мұсаходжалы ауы­лында дүниеге келеді. Түркиядағы мектепті тәмамдаған ол Тайвань ха­лықаралық университетіне журналистика мамандығы бойынша оқуға түседі. Ол осы оқуда жү­ріп, бос уақытында шығыс жекпе-жегі­нің бірі саналатын таэквондоның қыр-сырын меңгерген. Белгілі киноактер, шығыс жекпе-жегінің біртуары саналатын Брюс Лимен бір залда жаттығады. Уни­верситетті бітірген тұста, алтыншы дан қара белбеуінің иесі атанады. Жал­пы, Мұстафа Өзтүрік бауырымыз мұндай дәрежеге жеткен тұңғыш қазақ. Керек десеңіз, бұл атақты алған алғашқы мұсылман баласы. Түркияның Ыстамбұл қаласында, кейін Германияның Мюнхен қаласында таэквондо мектептерін ашады. Әлемге әйгілі шәкірттер  тәрбиелейді. Қазақ баласының жат жерде жүріп, осындай биік белестерді бағындырғанына қалай сүйсінбейсің!? Қазір Мұстафа Өзтүрік ашқан таэквондо федерациясы елімізде де жұмыс істеп келеді. Бұл жерден де әлемге әйгілі спортшылар көптеп шығуда.

 

Әкесі Кәбен бірнеше кітап жазыпты

...Таңертең Мұстафа Өзтүрікті қау­малаған жұрт оны алып, аудан басшысымен бірге он шақты машинамен Жарбұлақ ауылына келеді. Ауылға кірген соң Мұстафа мешітке кіріп, ата-бабалар әруағына бағыштап құран оқыды. Осы жерде Мұстафа бауырымыздың Әлкен­бай, Төлебай деген аталары өмір сүрген екен. Өздері ел басқарған, би бол­ған азаматтар көрінеді. «Менің әкемнің аты – Кәбен. Жалпы жұрт әкемді қажы Кәбен деп танитын. Ол кісі бірталай кітап жаз­ған адам. Алайда, ол кітаптары бас­паға шықпаған», деп ағынан жарылды ол жиылған жұрт алдында.

Жарбұлақ ауылында Мұстафа өзінің аталалас ағайындарымен кездесіп, көрісті. Сағынып қалған ел-жұрт алыс­тан келген қандас бауырын жібергісі келмейді. Қайда барсаң да ыстық ықы­ласын білдіріп, алқалаған жұрт.

– Айтпақшы, бір қызық жайды айта кетейін. Құти өзенінің бойындағы бір еңселі зират басына тоқтап, құран оқитын кезде әркім тізесінің астына басатын кардон қағаз, шүберек іздеп абыр-сабыр болып жатқан шақта Мұс­тафа жанындағы үш жолдасымен қара жерге тізе басып отыра-отыра кеткенін көріп, өз ісімізге қымсынып қалған едік. Бірінен кейін бірі Құран сүрелерін әдемі мақамдарымен зауылдата оқыған кезде атеистік қоғамның төл туындылары – біздер көздерімізбен жер шұқып қалған едік. Міне, туған жерінің, қасиетті топы­рақтың қадірін білетін азамат десеңші. Құран оқылып біткен соң өздері жан қалталарынан орамалдарын алып, сол жердің топырағынан шүберекке түйіп алысты.

 

Мәдениет үйіндегі мағыналы кездесу

Бұдан кейін құрметті қонақтар Ма­қан­­шы ауылындағы Мәдениет үйінде жұрт­пен кездесті. Жұрт көп жиылыпты. Ине шаншар орын жоқ.

– Сол күні бір керемет кездесу болды, – дейді Сайлауғазы Орынбайұлы, –Мақан­шыдағы мұндай кездесуді Құранды қазақшаға аударған Халифа Алтаймен, белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділмен өткен жүздесулермен ғана салыстыруға болар. Аудан басшысы Ж.Жамантаев, кәсіпкер Б.Бейсекенов, тағы бірнеше азаматтан кейін сөз Мұстафа Өзтүрікке берілді. Халықтың оған деген ықыласында шек жоқ. Ду-дудан кейін Мұстафа Қаб­денұлы қырандай көздері жарқылдап ор­нынан тұрып сөйледі. Өмірбаянын, қиыншылығы мол өмір жолынан сыр шерте келіп, өзінің ауылда жүрген кезінде балалардың «Мен Мұстафа Өзтүрік боламын», дегенін естіп, «Сендер Мұстафа Өзтүрік болмаңдар! Ғалым, жазушы, ақын, педагог болыңдар», деуінің өзі үлкен қарапайымдылық қой. Керек десеңіз, ұлылық десе болады.

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назар­баевтың саясатын қолдау керектігін, таяу арада Қазақстанның әлем бойынша алдыңғы орындардан көрінетіндігін айтты. Есімде қалғаны, залдан бір адам: «Қарағым, дүние жүзінде араламаған елің некен-саяқ көрінеді. Әлемдегі ең бай мемлекет қай ел екен?» деп сұрақ қойды. Сол кезде ол қаршыға көздері бір жарқ етіп қомданып алды да: «Иә, мен әлемнің дамып кеткен мемлекеттерінің бәрінде де болдым. Ара­ламаған, мен өнер көрсетпеген ел кемде кем. Ал енді Қазақстан тәуелсіздігін жа­ңа ғана алған, тәй-тәй басқан жас ел. Сон­дықтан, өзіміздің Президентімізге иланып, соның соңынан еруге шақырамын. Сонда ғана озық елдердің қатарына қосыла аламыз. Бұған мен кәміл сенемін. Өйткені біз­дің жеріміз өте бай, еліміздің рухы биік. Әгәраки, бет-бетімізбенмен кетіп, ауа жайыл­сақ, ел болудың ауылы алыс, ағайын», деген еді.

Бүгінде Тарбағатайдың күнгейі – Ма­қаншы өңірі өз оғландары Мұстафа батыр­­ды сағынышпен еске алады. Рас, хас батырды елі ұмытпайды. Құрмет көр­сеті­ліп жатыр. Алматы көшелерінің біріне Мұс­тафа Өзтүріктің аты берілді. Мұс­тафа Өзтүрік жай­лы «Барып қайт, балам, ауылға», «Алаш­тың айбоз ұлы» атты фильм­дер түсірілді.

...Елінің маңдайына сыймай кеткен қайран Мұстафа сол бір 1995 жылдың 11 наурыз күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп жатқан кикбоксинг сайысын тамашалауға барады. Жарыс аяқталғаннан соң ол өзін жайсыз сезініп тұрғанын байқайды. Дәрігерлер дереу Мұстафа Өзтүрікті Алматыдағы Қазақстан Президенті Іс басқармасы медициналық орталығының клиникалық ауруханасына жатқызады. Амал не, ол өзін көтермелеген дүйім халқын артына қалдырып, 1995 жылдың 15 наурызында бұл фәнимен мәңгіге қоштасты. Оның сүйегі қарындасы Феруханның және туыстарының шешімімен Ыстамбұлдағы Гүнешлі ауданындағы зиратқа, әкесінің жанына жерленді.

Берікхан ТАЙЖІГІТ,                                                    

Шығыс Қазақстан облысы