Спорт • 01 Сәуір, 2021

Тұңғыш Олимпиаданың тарихы

861 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осыдан дәл 125 жыл бұрын, яғни 1896 жылдың 6 сәуірінде Грекияның астанасы – Афина қаласында қазіргі замандағы тұңғыш Олимпия ойындарының шымылдығы түрілді. Ол уақытта алқызыл алау тұтанбайтын, ант берілмейтін, алтын медаль тапсырылмайтын, жалпы-командалық есептегі жағдай да есепке алынбайтын... Міне, осылай тізбектей берсек, о замандағы мен бұ замандағы жаһандық доданың арасында алшақтық тым көп-ақ.

Тұңғыш Олимпиаданың тарихы

Ежелгі Эллада елінде өткен Олим­пиадаға 14 мемлекеттен келген 241 спортшы қатысты. Бақ сынағандардың барлығы да ер адам еді. Жарыстың ашылу салтанаты 6 сәуірде Афина қаласындағы стадионда өтті. Бұл рәсімді 80 мыңнан астам көрермен тамашалады. Олар ауыр атлетика, велоспорт, гимнастика, жеңіл атлетика, жүзу, күрес, нысана көздеу, семсерлесу және теннис секілді спорт түрлері бойынша сайысқа түсіп, барлығы 43 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) академиялық есу, ат спорты, бокс, желкенді спорт, жё-де-пом, крикет, поло және футболды жа­рыс бағ­дарламасына қосу жайында ұсыныс біл­дірді. Бірақ  бұл идея ұйым­дас­тыру­шылар тарапынан  қолдау таппады.

Жаңа дәуірдегі Олимпия ойын­дарының тұңғыш чемпионы ретінде АҚШ-тың жеңіл атлеті Джеймс Брен­дан Беннет Конноллидің есімі тарихта алтын әріптермен жазылды. 1868 жылы Бостонда туып-өскен ол бала кезінен спорттың сан алуан түрін серік етті. Есейе келе Гарвард уни­верситетіне оқуға түсті. Оның спортқа деген құштарлығы соншалық, Гре­кияда Олимпиада өтетінін естіген бетте қарт құрлыққа аттанды. Тіпті университет басшылығы мен оқы­тушылардан сұранбаған да екен. Сол үшін де Джеймс аталған оқу орнынан қуылады. Есесіне оның Афинада бақ жұлдызы жанды. Үш қарғып секіру жаттығуында сынға түскен Коннолли 13,71 метрлік көрсеткішпен бас жүлдені олжалады. Ал бұл жарыс басқа спорт түрлерінен бұрын өткендіктен, америкалық сайыпқыранның есімі тұңғыш Олимпиада чемпионы ре­тінде тарихта қалды. Сондай-ақ осы жарыста Джеймс биіктікке секіруде күміс және ұзындыққа секіруде қола медальдарды иеленді.

Афинадан кейін де Джеймс Брен­дан Беннет Коннолли спорттан қол үзген жоқ. 1990 жылы Париж Олим­пиадасында күміс медальды мойнына ілді. Қаны қыз-қыз қайнап тұр­ған шағында Испания мен АҚШ арасындағы соғысқа қатысты. Кейін­нен жазушылық қабілеті оянып, бірнеше кітаптың авторы атанды. Джеймс 1957 жылдың 20 қаңтарында қайтыс болды. Ол кезде тұңғыш Олим­пиада чемпионы 88 жаста еді.

Алғаш рет ұйымдастырылған Олимпия ойындарының өзге жеңім­паз­­дары жайында айтар болсақ, бұл жарыста ең көп жүлде алған Герман Вайнгертнер. Германиялық гимнасшы дүбірлі додада алты рет жеңіс тұғырына көтерілді. Тарқатып айтсақ, 3 алтын, 2 күміс және 1 қолаға қол жеткізді. Ол 55 жыл ғұмыр кешті. Гер­ман Одер өзенінде суға батып бара жатқан адамды құтқарамын деп өзі де ажал құшты.

Германияның тағы бір саңлағы Карл Шуман бас жүлденің төртеуін қанжығасына байлады. Алғашында ол балуандар бәсекесінде күш сынасты. Тұсаукесер кездесуінде ұлы­британиялық Ланчестен Элиотты ұтса, келесі белдесуде грекиялық Георгис Цитастан басым түсті. Осылайша, Шуман чемпиондық атаққа қол жеткізді. Одан кейін спорттық гимнасшылармен сайысқа түсіп, үш мәрте топ жарды. Ақырында ауыр атлетика мен жеңіл атлетикадан өткен жарыстарда өнер көрсеткенімен, жеңіс тұғырына көтеріле алған жоқ. Карл 1946 жылы 76 жасында бақилық болды.

Сонымен қатар Афина Олимпиа­дасында германиялық Альфред Фла­тов (3 алтын, 1 күміс), америкалық Роберт Гаррет (2 алтын, 1 күміс, 1 қо­ла), франциялық Поль Массон (3 ал­тын), аустралиялық Тедди Флэк (2 алтын, 1 қола) сынды спортшылардың қан­жығасы майланды.