Биылғы жыл экономика мен теңгеге қолайлы жыл болмасы әуелден белгілі еді. Өйткені әлемді әбігерге салған коронавирус пандемиясы әлі аяқталған жоқ. Керісінше індет қайта өрши түсті. Сондықтан ұлттық экономикаға да, ұлттық валютаға да белгілі бір деңгейде қысымның болатыны анық. Сондықтан сарапшылар экономиканы қалпына келтіруде құрылыс пен өнеркәсіпке үлкен күш түседі дейді.
Еуразиялық даму банкінің бас экономисі Евгений Винокуровтың пікірінше, әлемдік экономика қалпына келу бағытына түсті. Бірақ бұл бағытқа әлі түсе алмай жүрген елдер де, экономика секторлары да бар.
– Өнеркәсіп әлемдегі экономикалық белсенділікті арттырудың драйвері болып қала береді. Бұл ретте қызмет көрсету саласы сақталып отырған шектеулерге байланысты қиындықтарды өткеруде. Қазақстандық бизнестің санитарлық талаптарға бейімделуі және жаппай басталған вакцинация 2020 жылдың көктемімен салыстырғанда шектеу шараларын жеңілдетуге айтарлықтай жол ашты. Сондықтан бұл фактор 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстандағы іскерлік белсенділікті төмендетпеуге күш салады. Салықтық-бюджеттік ынталандыру шаралары экономикаға қолдау көрсетуін жалғастырады. Сонымен қатар биылғы ақша-кредит саясаты инфляцияға қарсы тәуекелдер мен экономикалық белсенділіктің әлсіреу қаупінің тепе-теңдігін сақтауға бағытталады, – дейді Евгений Винокуров.
Осы себепті Еуразиялық даму банкі Қазақстан экономикасының өсімі екінші тоқсанда оң аймаққа шығады деп болжам жасап отыр. Жалпы өсім жыл қорытындысы бойынша 4 пайызды құрайды деп күтілуде. Сонымен қатар бірінші жартыжылдықтағы инфляциялық жағдайға теңгенің былтырғы әлсіреуі мен әлем бойынша азық-түлік бағасының өсуі әсер етіп келеді.
– Алғашқы жартыжылдықтың соңында ұлттық валютаның бағамы 1 доллар үшін шамамен 420 теңге деңгейінде болады деп болжануда. Екінші жартыжылдықта теңге әлемдік тауар шикізат нарықтарындағы қолайлы ахуал тарапынан нығаймақ. Ресейлік рубльге қатысты бағам шамамен 5,7 теңге болады деп болжануда. Экономиканың қалпына келуі салықтық-бюджеттік ынталандырудың біртіндеп қысқартатыны сөзсіз. Бұл теңгерімді ақша-кредит саясатымен үйлесім тауып, экономиканың орнықты өсу траекториясына оралу серпінін шектемейтін болады және инфляцияны бәсеңдетуге мүмкіндік береді, – дейді ол.
AERC компаниясының консалтинг жөніндегі директоры Әсем Құсайынованың айтуынша, 2021 жылы Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің нақты өсімі 4,8 пайызды құрайтын болады. Экономиканың қалпына келуін пандемия айтарлықтай әсер ете қоймаған өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс секторлары жеделдетпек.
– Биыл орташа жылдық тұтыну инфляциясы өткен жылмен салыстырғанда 6,5 пайызға жетеді. Бұл теңгенің долларға қатысты бағамының әлсіреуі туралы болжамға және Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 9 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешіміне негізделіп отыр. Теңге бағамының қалыптасуы мұнай бағасына, коронавирусқа қатысты ахуалға және әлемдегі вакцинацияны қамту деңгейіне байланысты болады. Біздің болжам бойынша теңгенің долларға шаққандағы бағамы 432,8 теңге деңгейінде қалыптасады, − дейді Ә.Құсайынова.