Әлем • 03 Сәуір, 2021

Әлем елдеріндегі коронавирусқа қатысты ахуалға шолу

262 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия әлем елдеріндегі эпидемиялық ахуалға қатысты мәліметтер жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әлем елдеріндегі коронавирусқа қатысты ахуалға шолу

Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер ел тұрғындарын алдағы бірнеше апта бойы қатаң шектеу шараларына дайын болуға шақырды. Бұл туралы ол 2 сәуір күні Пасха мерекесіне байланысты жолдауында  мәлімдеді. Сонымен қатар халықты вакцинация науқанына белсене қатысуға шақырды.

АҚШ халқының үштен бірі - 100 миллионнан астам адам, індетке қарсы екпенің кем дегенде алғашқы дозасын қабылдаған. Шамамен 58 миллион адам екпенің екі дозасымен егілген. АҚШ-та күн сайын шамамен 3 миллион адамға вирусқа қарсы инъекция жасалады.

Бразилияда бір тәулік ішінде covid-19-дан 2 922 адам қайтыс болған. Елде індетті жұқтырғандардың жалпы саны 70 238 адамға артқан. Эпидемия басталғаннан бері елде SARS-CoV-2 вирусын жұқтырғандардың саны 13 миллионға жуықтаған және 325 мыңнан астам адам қайтыс болған.

Францияда 3 сәуірден бастап бір ай мерзімге жалпыұлттық локдаун енгізілмек. Барлық 96 Департаментте сағат 19.00-ден бастап коменданттық сағат енгізіледі және тұрғылықты жерінен 10 шақырымнан астам қашықтыққа шығуға тыйым салынады.  Жұмыс істейтін тұрғындарына қашықтан жұмыс жасау режіміне ауысу ұсынылды. 5 сәуірден бастап мектептер мен балабақшалар кем дегенде үш аптаға жабылады. Студенттер аптасына бір рет дәрістерге қатыса алады.

Бельгияда полиция эпидемияға қарсы шектеу шараларын бұзушыларды көзден жас ағызатын газ және су шашу арқылы таратты. Коронавирустық пандемияға байланысты елде көшеде төрт адамнан артық жиналуға тыйым салынған.