Өкінішке қарай, біздің жігіттердің ешқайсының жеңіс тұғырына көтерілуге күш-жігері жетпеді. Ең үздік нәтижеге 90 кило салмақ дәрежесінде белдескен Ерсұлтан Мұзафаров қол жеткізді. Бастапқы канадалық Захари Бурт, италиялық Николас Мунгай және тунистік Әбделәзиз Вен Аммардан айласын асырған қандасымыз жартылай финалда түркиялық Михаэль Жганкке жол берді. Көп кешікпей жұбаныш кездесуде чехиялық Давид Клемерттен жеңілген Ерсұлтан жетінші орынды қанағат тұтты. Ал Мағжан Шамшадин (60 кило), Бауыржан Сағынғалиұлы (66 кило), Аңсарбек Ғайнуллин мен Жанболат Бағытбергенов (73 кило), Абылайхан Жұбаназар мен Мәди Аманкелді (81 кило) және Аслан Сағитбек (90 кило) сынды дзюдошыларымыз алғашқы айналымдардан аса алмады.
Анталиядағы жарыстың қорытындысы бойынша мына балуандар бас жүлдені олжалады: 60 кило – Йорре Ферстрэтен (Бельгия), 66 кило – Хифуме Абе (Жапония), 73 кило – Фабио Базиле (Италия), 81 кило – Ведат Әлбайрақ (Түркия), 90 кило – Маркус Нюман (Швеция), 100 кило – Зелим Котцоев (Әзірбайжан) және +100 кило – Темерлан Башаев (Ресей).