Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия ел аймақтарындағы эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасын жариялады. 2021 жылдың 4 сәуіріндегі жағдай бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Алматы, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары «қызыл аймақта» тұр. «Сары аймақта» Шымкент қаласы және Ақмола мен Қарағанды облыстары орналасқан. Қалған барлық өңір – «жасыл аймақта». Еліміз таяуда әлемдік эпидемиялық бағалау матрицасы бойынша «қызыл аймаққа» өткен болатын.
Соңғы дерекке сәйкес Қазақстанда 27 516 адам коронавирус инфекциясынан (26 180 КВИ+ және 1 336 КВИ-) ем алып жатыр. Оның ішінде 9 996 пациент стационарда, 17 520 науқас амбулаторлық деңгейде ем қабылдауда. Коронавирусқа шалдыққандар арасында 398 адамның жағдайы ауыр, 103 пациенттің жағдайы өте ауыр, 64 науқас ӨЖТ аппаратында жатыр. 2 сәуірде коронавирустан 11 адам көз жұмған.
Қазіргі ең басты мақсат – халықты иммундау шараларын белсенді жүргізу. Соңғы тәуліктерде еліміздің әр өңірінде мыңдаған адамның өз еркімен екпе алып жатқаны қауіпке қарсы күресті әркімнің өзінен бастауы қажеттігін жете ұғынғаны деп қабылдауға болар. Осы орайда отандық кәсіпкерлердің де ортақ іске білек сыбана қатысуы қуантады. Мәселен, елордада белгілі кәсіпкерлер ірі сауда орталықтарының кинотеатрларын, қонақүйлерін егу пункті ретінде пайдалануға ұсынып отыр. Санитарлық дәрігерлер мен денсаулық сақтау басқармалары вакциналауға қажетті инфрақұрылымды жасақтауға кірісті. Көптеген егу пункті демалыссыз жұмыс істемек.