Аймақтар • 05 Сәуір, 2021

Кірпік қақпай бақылап отыр

345 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көктем шуағы білінісімен-ақ көп көңілде алаңдау басым. Қар суы биыл қалай ериді екен? Күндіз еріп, түнде қатса, ылғал ұшып кетер еді. Күрт ерісе, қауіп молая түспек. Мамандардың есептеуіне қарағанда, биыл қар өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп.

Кірпік қақпай бақылап отыр

Қызыл су жүріп, тұрғындарға тақсыретін ала келетін тентек тасқын орын алса, өзен-көл жаға­лауларына жақын орна­лас­қан елді мекендерді басып қалу қаупі әлі де бар. Демек, сақтық шараларын ширата түсу қажет.

Қазір өңір жоғары дайындық режіміне көшкен. Қызыл суға тосқауыл қоюға тиісті барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар, серіктестіктер мен шаруа қожалықтары буынып-түйініп, қас қақпай бақылап дайын отыр. Кей жылдары күні бұрын қамданғанымен, іші­нара төтенше жағдайлардың орын алғаны мәлім. Онда да қ­ағаз жүзін­дегі дайындық тура­лы ақ­парат мұздай қатып тұр­ған. Өкі­нішке қарай, сол жылдары ра­байсыз мол су өзен аңғар­лары­­нан асып, әлденеше жыл бо­йы дайындап қойдық деген бө­гет­­терді бұзып кеткен бола­тын. Атбасар, Целиноград, Ерей­мен­тау, Сандықтау ауданда­рын­да көк­темгі су тасқыны ке­зін­де жүз­деген тұрғын үйлер мен әлеу­меттік-тұрмыстық нысан­дарды, жүздеген шақырым жолдарды шайып кетті. Өткен­нің өкінішті ақиқатынан сабақ алған ләзім.

– Биыл қар жылдағыдан көп. Аймақта су тасқынының ал­дын алу үшін облыстық шұ­ғыл штаб жасақталды. Су тас­қы­нының қаупі бар аудан­дарда көшпелі мəжіліс өткі­зіліп, тү­сіндіру жұмыстары жүр­гі­зілді. Қазіргі кезде аудан жəне қала əкімдіктері мен аза­мат­тық қор­ғаныс саласы қызмет­кер­лері­нің алдына нақты міндет қо­йы­лып отыр, – дейді облыс­тық төтенше жағдайлар депар­таменті басшысының орынбасары Қанат Доспаев.

Алдымен, бұрнағы жыл­дар­дағы олқылықтар мен қате­лік­тер екшелген. Биылғы дайын­дық жұмыстарының барысы тия­нақталған. Өңірдегі Атбасар, Целиноград, Аршалы жəне Астрахан аудандарындағы өзен-көлдер тәулік бойы бақылауға алынып отыр. Елді мекендерден қар шығарылып, су жүретін сай-сала, арықтар тазалануда. Облыс бойынша 789 мың тек­ше метрден астам қар шыға­рыл­ды. Су тасқынының алдын алуға қажетті 353,5 мың тон­на инертті материал, 93,9 мың қап əзірленді, 1 мыңнан астам арнайы техника толық дайындыққа келтірілді.

Су тасқынының алдын алу шараларын ұйымдастыруға об­лыс­тық бюджеттен 643,4 млн теңге қарастырылып отыр. Әзір­ге он аудандағы су көз­де­рін­де мұз жару жұмыстары жүр­гізіл­ді. Қызыл су жүру қаупі бар аудан­ның бірі – Сандықтау. Аудан аумағынан Жабай, Жылан­ды, Ащылы, Атыжоқ, Қоңыр, Сарқырама өзендері өтеді. Ке­шегі мәлімет бойынша өзен-көл­дердегі мұздың қалыңдығы әлі 50-70 сантиметр деңгейінде. Қазгидрометтің болжамына қа­ра­ғанда, Жабай өзеніндегі су жылдағы қалыптан 30-40 па­йызға аз болуы әбден мүмкін. Бірақ өзенге қосылатын сай-сала көп. Қауіп тудыратын жері осы ара. Ауданның 10 елді мекені су тасқыны болуы ық­ти­мал өзендердің жағасына ор­на­ласқан. Бұл елді мекендерде 459 тұрғыны бар 162 от­ба­сы тіршілік етуде. 2020 жылы ел­ді мекендерді жанай өте­тін өзен­дердің жағалаулары бір­ш­ама көтеріліп, бекітілген бола­тын. Су табанындағы қоқыс та­зар­­­тылып, өтетін аңғарлары мүм­­кін­дігінше кеңейтілді. Биыл­­­ғы су тасқынының алдын алу үшін төтенше жағ­дай­­­лар депар­таментімен бір­лесе отырып, мұз жару жұ­мыс­­тары жүргізілді. Оған 625,4 кило жарылғыш заттар пай­да­ланылды. Осы жұмыстың нәти­же­сінде 4 260 шаршы метр аумақ­тың мұзы жарылып, ағын су еркін өтетін аңғарлар пайда болды.

– Көктемгі су тасқынына бір­шама тыңғылықты әзірлендік, – дейді Сандықтау ауданының әкімі Ербол Жүсіпбеков, – қазір аудан аумағындағы елді мекендерден қасат қарды шығару ұйымдастырылуда. Бүгінге дейін 40 мың шаршы метрге жуық қар шығарылды. Аудан орта­лығы Балкашин ауылы­нан 21 мың шаршы метр төңіре­гін­де қар шығарылып, тазаланды. Сандықтау, Балкашин, Мак­симовка, Каменка, Новоселовка елді мекендеріне тәулік бойы жұмыс істейтін бекеттер қо­йылды. Бұл бекеттерден аудан­дық штабқа ақпарат екі сағат сайын келіп тұрады. Жағдай бақылауда. Оқыс оқиға орын ала қалса, жедел жәрдемге жете­тін отряд та құрылыпты. Отряд құ­рамында 57 адам бар. Олар­дың пайдалануына 18 ар­найы техника бөлінген, 6 ауыл­дық округте же­дел топтар жа­сақ­тал­ған. Ол топ­та­рдың әрқай­сы­сын­да 10-нан 25 адамға дейін бар. Тө­тен­ше жағ­дайдың алдын алу үшін аудан­дық бюджет­тен 1 млн 114 мың теңге қарас­­ты­рыл­ған. Тағы да 3 млн теңге қара­­жат бөлінбек. Басқа да қажет­­­тіліктерге ұзын-ырғасы 10 млн-ға жуық қаржы бөлінбек. 210 тон­­на инертті материалдар әзірленді.

Әзірге қар көбесі сөгіле қой­ған жоқ. Дегенмен, сақтық­тың артық етпейтіні белгілі. Су тас­қынының алдын алуға мін­дет­телген мекемелер қазір өңір­дің қауіпті жерлерін кірпік қақ­пай бақылауға алып отыр.

 

Ақмола облысы