Департамент мәліметінше, қылмысты ашуға тәжірибелі қызметкерлерден арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, аталған іс бойынша 300-ге жуық адамнан жауап алынған.
«Тергеу нәтижесінде Жолымбет кентінің 26 және 34 жастағы екі тұрғыны күдікті деп танылды. Екеуі де «Қазақалтынның» жұмысшысы. Олар қылмыс жасауды алты ай бұрын жоспарлаған болып шықты», деді құқық қорғау органы өкілдері.
Заттай дәлел қылмысқа қатысушылардың бірінің туысының пәтерінен табылды. Күдіктілер кінәсін мойындады. Зауыттан ұрланған алтын катоды сол көлемінде тәркіленген.
Айта кетейік, алтын катоды 2 наурызға қараған түні Жолымбет кентіндегі «Қазақалтын» кенішінің десорбция сақтау камерасынан ұрланған. Шығын 122 миллион теңгеге бағаланып отыр.