Білім • 05 Сәуір, 2021

Тестілеу нәтижелері ҰБТ аяқталғаннан кейін бірден дайын болады

683 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Электрондық ҰБТ нәтижелерін өңдеу барысында парақтағы ішінара боялған жауаптардың есептелмей қалуы сияқты техникалық қателердің болуы мүмкін емес. Тестілеудің бұл форматында оқушылар жауап парағын толтыруға уақыт жұмсамай, бұл уақытты тест тапсырмаларын орындауға пайдалана алады. ҚР БҒМ ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тестілеу қорытындысы бойынша жиналған ұпай саны экранға шығарылатынын атап өтті. Сондай-ақ ҰБТ қатысушысы қандай сұрақтарға қате жауап бергенін бірден көре алады.

Тестілеу нәтижелері ҰБТ аяқталғаннан кейін бірден дайын болады

«ҰБТ электрондық форматта «бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера» қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Аудиторияда не болып жатқанын көрсететін камералардан басқа, тестіленуші отыратын әр үстелдің үстінде тағы бір камера орнатылады. Прокторинг пен бейнебақылаудың заманауи жүйесі және ҰБТ-да бөгде адамдарды болдырмау үшін Face ID цифрлық сәйкестендіру құрылғысы пайдаланылады»,  деді ұйымдастырушы.


Ережелердің сақталуын арнайы компьютерлік бағдарлама бақылайды, Ол тыйым салынған заттарды қолдану фактілерін автоматты түрде анықтайды. Егер ҰБТ тапсыру кезінде талапкердің смартфон, шпаргалка және т.б. тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, тестілеу автоматты түрде тоқтатылады, тестіленушінің нәтижелері жойылады. Ал бұзушылықты бірден байқамаса, бейнежазбалар тамыз айының соңына дейін тағы да қаралады.


Тестілеу процесін қосымша ахуалдық орталық бақылайды. Сондай-ақ ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету үшін ҰБТ-ны өткізу рәсіміне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің арнайы мониторингтік тобы мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері шақырылады.


Сонымен қатар ҰБТ тапсыру кезінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Тестілеу процесі шифрлау элементтері бар арнайы жабық VPN желісі арқылы жүзеге асырылады. Осының барлығы Академиялық адалдық қағидаттарының сақталуын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.