2021 жылдың басынан бастап аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшін жалпы сомасы 87 207 029 теңгеге 383 жеке, заңды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Әкімшілік жауапкершілікке бірнеше рет тартылғанына қарамастан тиісті талаптарды елемеген және орындамаған 47 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына 52 материал жіберілді.
Сот барлығы 28 нысанның қызметін тоқтатты және 5 954 770 теңге сомасына әкімшілік айыппұл салды.
Өткен тәулікте мобильді топтар қалада карантинді бұзған 3 кәсіпкерлік субъектісін анықтады.
Сонымен Есіл ауданында орналасқан «Панаехали» бары демалыс күндері жұмыс істеуіне тыйым салынғанына қарамастан келушілерді қабылдағаны анықталды. Ал қызметкерлер тексерушілерге мекеменің есігін ашпағанын айта кеткен жөн.
Карантин режимін Алматы ауданындағы «Fantasy» компьютерлік клубы мен Сарыарқа ауданындағы «Беницкий» бары да бұзды.
Еске сала кетейік, елорда 10 наурыздан бастап эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша «қызыл» аймақта орналасқан. Дәрігерлер қаладағы коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып отырғанын атап өтті. Осыған байланысты қала тұрғындары мен қонақтарына, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілеріне карантин режимін қатаң сақтау талап етіледі. Сол сияқты адам көп жиналатын орындардан аулақ аулақ болып, маска режимін және әлеуметтік қашықтықты сақтаңыз.