Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған бұл сапардың мән-маңызы ерекше болыпты. «Наурыз Шымкентте басталады» жобасы аясында өткен шараларға тап келген шығармашылық құрам Шымкент қалалық салт-дәстүрлер орталығында шеберлік сағатына қатысып, көптеген құнды мәліметке қанықты.
- Елімізде үшінші мегаполис атанған Шымкент шаһарының тарихы, қасиетті жерлері адамға ой салады екен. Осы сапарымыз өзіңді де, айналаңды да жаңаша тануға жетелейтін сәттерге толы болды, - дейді қазталовтық режиссер Данагүл Жұмабаева.
Қай салада болмасын, тәжірибе алмасу – кәсіби қажеттілік. Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында белгілі драматург Сая Қасымбектің «Наурыз көне Шымқалада» таңғажайып хикаятын тамашалаған батысқазақстандықтар қойылым соңында автормен, театрдың көркемдік жетекші және қоюшы режиссерімен, актерлермен кездесті. Осындай әріптестік жүздесу әзіл-сықақ және сатира театрында Нил Саймонның «Әумесерлер» комедиясын, қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында «Наурыз думан» ертегісін, орыс театрында Григорий Горинаның «Атың өшсін, Герострат» трагикомедиясын тамашалап, талқылаумен жалғасты. Оралдықтар шымкенттік әріптестерінің еңбекқорлығына, шығармашылық шеберлігіне тәнті болды. «Ғимараты кішкентай болғанына қарамастан қуыршақ және жасөспірімдер театры үлкен жұмыс атқарып отыр екен. Декорация, тігін цехы, реквизит әлемінің тиянақтылығынан көп сабақ алдым. Әсіресе өз жұмысын бастан-аяқ жалықпай түсіндірген режиссерге алғысым шексіз. Оңтүстік сапарында ең үлкен әсерді осы жерден таптым» дейді Бөрлі ауданының халықтық «Мұрагер» театрының режиссері Әсел Молдағалиева.
Шымкент орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің Абай атындағы орталығында қалалық әл-Фараби ғылыми кітапханасының мерзімді басылымдар бөлімінің меңгерушісі Таңшолпан Сәулембай, Түркістан филармониясы суретші-дизайнері Мақсат Айдүйсенов, Шымкент қалалық Қоғамдық келісім және мәдени іс-шаралар бөлім меңгерушісі Әзиза Исаева қатысқан кездесу де батысқазақстандықтар үшін өте пайдалы болды. Өз ісінің мамандары атқарылған әр шараға режиссерлік, актерлік талдау жасап, ұсыныстармен пікірлерін айтты.
Сапар барысында меймандар Шымкент қаласының тұрғыны, өнер жанашыры Кендебай атаның этно-музейінде болып, атайдың өз қолымен жасаған музыкалық аспаптарыы мен қыш құмыраларын тамашалады. Ерекше өнерлі жан 18 түрлі аспапта ойнайтынын көрсетіп, шеберлік сағатын да өткізіп үлгеріпті.
- Шымкенттегі саяси қуғын- сүргін мұражайы ерекше әсер берді. Музейге кірген сәттегі көзіме Әбділда Тәжібаевтың өлең жолдары түсті:
Ат деген кім?
Атқан қайсың?
Қаным қайда төгілген?
Қабірім қайда көмілген?! – Бұл мәні де, мағынасы да ерекше өлеңнен сонау қанқұйлы жылдардың оқиғасы, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдері көз алдымызға келгендей... Қазақтың басына түскен сонау нәубет заман ескерткіштері, Алаш зиялыларының хаттары, еңбектері, олардың фотосуреттері, сол заманнан сақталған ескі газеттер сақталған екен. Осының бәрін музей қызметкері толықтай таныстырып өтті. Татьяна Невадовскаяның аштықтан қайтыс болар алдындағы қазақ жігітінің қасындағы фотосуреті де әсерлі болды. Соңында көрсетілген «Ашаршылық» тақырыбындағы деректі фильм де бізге тарихи тың деректер сыйлады, - дейді Шыңғырлау аудандық мәдени-демалыс орталығының режиссері Жалғасбек Мырзагереев.
Наурыздың 14-інде жаңа жылды қол алысып, көрісіп бастайтын батысқазақстандықтар наурыз-тойдың оңтүстікте ерекше кең көлемде атқарылатынына куә болды. Түркістан қаласының этноауылында өткен Наурыз тойда Жібек жолы көші жаңаша жолға шықса, алаңда пісірілген 2 тонна наурызкөженің дәмі де ерекше болды.
- Бұл сапар бізге көптеген жаңа әсер, пайдалы білім сыйлады. Әсіресе біздей мейманға аяғынан тік тұрып қызмет қылған барлық мекеме басшылары мен жауапты мамандарына алғысымызды айтамыз. Әсіресе барған күннен бізге бағыт-бағдар беріп, мағыналы жоспар сызып, әр кездесуімізді пайдалы өткізген әзіл-сықақ және сатира театрының режиссері Самат Алтай мырзаға ерекше ықыласымызды білдіреміз, - дейді Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Арай Ихсанова.