«Қазіргі таңда 15 автожол жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жыл қорытындысында 768 шақырымдық Талдықорған-Өскемен учаскесін реконструкциялауды толық аяқтау жоспарланған. Бұл – Орта Азия республикаларын Ресейдің Шығыс-Сібір аймағымен және Қазақстанның оңтүстігін шығыспен байланыстыратын халықаралық транзиттік дәліз», деген министр аталмыш дәліздің Алакөлдегі туристік кластерді дамытуда маңызы ерекше екенін еске салды.
Ведомство басшысы Нұр-Сұлтан қаласы мен өңірлерді жоғары жылдамдықты 4 жолақты автомагистральмен байланыстыру жұмысы жалғасатынын айтады.
«Көкшетау, Павлодар және Қарағанды бағытындағы жұмыстар аяқталды. Бүгінде құрылыс жұмыстары Қарағанды қаласынан Қапшағайға дейінгі учаскеде жүргізілуде. Жыл соңына дейін Балқашқа дейінгі учаске (363 шақырым), келесі жылы Қапшағайға дейінгі учаске пайдалануға беріліп, Орталық-Оңтүстік дәлізінің реконструкциясын толық аяқталады», деді Бейбіт Атамқұлов.