Коронавирус • 06 Сәуір, 2021

Нұр-Сұлтанда коронавирусқа қарсы вакцина алуға жазылу басталды

327 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада егу пункттері көбейді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Нұр-Сұлтанда коронавирусқа қарсы вакцина алуға жазылу басталды

«Вакцинация — локдаундар мен карантиндік шектеулер болмаған кезге, яғни қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік беретін жалғыз тиімді әдіс екенін ескере отырып, халық арасында вакцинацияны бастаймыз. Вакцинация адамдардың бір мезгілде көп жиналуын болдырмау және қала тұрғындары үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасау үшін алдын ала жазылу арқылы жүргізіледі. Бұл вакциналарды медициналық мекемелер арасында біркелкі бөлуге мүмкіндік береді. Жасына байланысты шектеулер мен медициналық көрсеткіштерді ескере отырып, 600 мыңнан астам тұрғын вакцинациялауға жатады. Тек сәуір айында ғана Денсаулық сақтау министрлігі (СК-Фармация) 280 мыңнан астам доза вакцина жеткізуді жоспарлап отыр», деп жазды әкім.

Оның айтуынша, егу пунктерінің саны 36-дан 100-ге дейін көбейген. Вакцинация пунктерінің жұмыс уақыты сағат 8:00-ден 00:00-ге дейін ұзартылды.

«Вакцинаны алғысы келетіндердің бәрі өтініш қалдыра алады. Емханаға тіркелу орны бойынша алдын ала жазылу керек. Денсаулық сақтау басқармасының сайтында алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының байланыс нөмірлері, мекенжайлары көрсетілген тізім жарияланды. Екпе алуға жазылу Damumed мобильді қосымшасы арқылы да жүзеге асырылады. Қосымшада пациенттің жеке кабинеті арқылы учаскелік дәрігердің қабылдауына жазылу және ескертпеде КВИ-ға қарсы екпе алғысы келетінін көрсету жеткілікті», делінген жазбада.

Сондай-ақ аптаның соңына дейін медициналық мекемелер вакцинацияға ниет білдірушілерді тіркеп, апта соңында вакцинациялауға кіріседі. Денсаулық сақтау министрлігі жақында "электрондық үкімет" порталында вакцинациялауға еліміз бойынша орталықтандырылған өтінімдерді қабылдауды іске қосады. Онда "вакцинацияға жазылу" жеке қойындысы болады.

«Медициналық мекемелер екпе алғысы келетін барлық тұрғындарды қабылдауға дайын. Дегенмен Mega Silk Way СОО сияқты бірқатар сауда-ойын-сауық орталығының инфрақұрылымын дайындадық. Сонымен қатар қаладағы қонақүйлер де дайын. Қажет болған жағдайда, вакцинация пункттерін сол жерде де орналастыруға болады.

Бірінші кезеңде екпені коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлері, мұғалімдер, тәртіп сақшылары және т. б. алды.

Қазір қала тұрғындары екпе алуға ниет білдіріп жатыр. Бұл бізді қуантады, өйткені халықты вакцинациялау ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға және туыстары мен айналасындағы адамдарды қорғауға мүмкіндік береді. Екпе алғандар маска тағып, санитарлық нормаларды сақтау қажет», деп жазды елорда әкімі.