– Кинотеатрлар үшін карантин шектеулері қаншалықты қиын соғуда?
– Егер салыстырмалы талдау жасайтын болсақ, нарық көлемі 50 пайыздан астам мөлшерге азайды. 2020 жылдың бірінші тоқсанын осы жылмен салыстырсақ, яғни біз жаңа жылдан емес, сәл ертерек, қараша-желтоқсан айларынан бастап жұмыс істей бастағанымызға қарамастан, кинотеатрлар ашылғаннан кейінгі бес ай ішінде былтырғы табыстың тіпті жартысына да жете алмадық. Өте ауыр жағдай. Бұл дегеніміз, кинотеатрлардың ең алдымен банктердің, коммуналдық қызметтердің, жалға берушілердің алдындағы міндеттемелерін және өз қызметкерлеріне еңбекақы төлеу бойынша шарттарды орындай алмай отырғанын көрсетеді.
– Кинотеатрлардың банктер алдында үлкен сомада қарызы болатыны рас па ?
– Иә. Бізде барлық ірі кинотеатр желілері кредиттелген. Банктегі қарыз барлығында бар және бұл бір немесе екі миллиард шамасында емес. Яғни жыл бойы біз кредиттерімізді жаба алмай отырмыз. Біреулерге акционерлер көмектесіп жатқан немесе банктер жеңілдік жасайтын бірлі-жарым жағдай кездеседі, бірақ бұл да ұзаққа созылуы мүмкін емес. Жағдай өте алаңдатарлық. Желілік ірі кинотеатрлар соққыға төтеп бере алатын болар, бірақ көптеген өңірлердегі бір немесе екі залды кинотеатрлар міндеттемелерін орындай алмайды. Қазіргі жағдайда өз қызметкерлеріне еңбекақыны толық көлемде төлеп отырған кішігірім кинотеатрлар жоқ та шығар. Мұндай жағдай мамандардың бұл саладан кетуіне әкеп соғады. Екіншісі – біз көрермендерге жақсы деңгейде қызмет көрсете алмаймыз. Ал ең қиыны – дистрибьюторлар, контенттің құқылы иелері кинотеатр экрандарына қандай фильмдерді шығару керектігін толықтай жоспарлай алмайтындығында. Ең алдымен, бұл біздің қазақстандық киноөндірушілерімізге, түсірілімі аяқталған, көрермен өткен жылы асыға күткен, бірақ биыл экранға шықпай қалған фильмдерге қатысты. Қазақстандық контенттің азаюы ресейлік және шетелдік контенттің көбеюіне алып келе жатыр. Ұлттық прокатта ұлттық кино үлесінің азаюы қиын жағдай.
– Демек, отандық кино көрерменсіз қалып отыр ғой.
– Әрине. Халықты отандық фильмдерді тамашалауға, тұсаукесерлерін асыға күтуге үйрету үшін онсыз да біраз күш пен уақыт кетті, түсінесіз бе? Және қалыпты деңгейге қашан оралатынымызды болжау қиын. Қазір екінші локдаун басталды – Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы кинотеатрлар тағы да жабылды. Мұның бәрі кино индустриясына ауыр соққы болып тиді. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы өткізген екі питчингтің жобалары әлдеқашан прокатқа шығуы керек, бірақ оны көрсететін жер жоқ. Кинотеатрлар қиын жағдайда, бұл киноны қалай, қай жерде көрсетеміз? Барлығы нарық ауқымының азаюына әкеп соғады. Салдары ауыр – кинотеатрлардың, залдардың саны азайып жатыр. Меніңше, Үкімет пен салалық министрлік кино индустриясының негізі болатын кинотеатрлық бизнеске бір реттік қолдау көрсету мәселесіне назар аударғаны жөн. Кино – қоғамға әсер етудің ең мықты идеологиялық құралы екенін білеміз, егер біз нарықтың осы маңызды сегментін, ең ірі мәдениет пен идеология құралын жоғалтып алар болсақ, кері қайтару қиынға түспек. Бұл бизнестің дамуындағы кез келген кідіріс кинотеатрлық технологиялардың нарықты бірнеше жылға кейінге шегеруіне әкеледі. Бұған көрермендердің кинотеатр сияқты маңызды демалыс түрінен бас тартып, интернеттен фильм көруі қосылады.
– Кинотеатр прокатының күн сайын құлдырап бара жатқаны қынжылтады. Екінші жағынан, дендеп бара жатқан пандемия статистикасы да өршіп барады. Мұның дұрыс шешімі қандай болмақ?
– Залдарды 30 пайызға дейін ғана толтыру туралы бұған дейінгі шешімді қабылдау жеңіл болған жоқ. Дегенмен жағдайдан шығудың бір амалы осы болды. Мұндай сценариймен көрермендерді қалай да ұстап қалуға болар еді. Адамдар кинотеатр қауіпсіз орын екенін көруі және түсінуі керек. Қазіргі бос уақытты өткізу түрлерінің ең қауіпсізі – кинотеатрлар, онда арнайы оқыған қызметкерлер жұмыс істейді. Бақылау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша алгоритмдер, технологиялық жабдықтар, біз орындайтын санитарлық-эпидемиялық қызметтердің ережелері бар. Кинотеатрларды жабудың мағынасы жоқ. Мұны шешім қабылдап отырған тұлғалар түсінулері қажет. Бірақ жұмыс істеуге рұқсат бермесе, онда бұл ұйымдарға кемінде белгілі бір жеңілдіктер немесе көмек қарастыруы тиіс. Бізде жұмыс істеуге тыйым салғанымен, не кинотеатрларға, не жұмыссыз қалған қызметкерлерге көмек көрсетілмейді.
– Өзге елдер, мәселен, Ресей бұл тығырықтан қалай шығуда?
– Еуропада қатаң локдаун болды. Бірақ Германия, менің білуімше кинотеатрларды жапқан жоқ, ол жерде залдарды толтыру санын азайтты, бірінші 30%, сосын 20%, кейін 50% болды. Яғни олар кинотеатрларды жаппауға тырысты. Ресей бұл мәселеде өте тиянақты келе жатыр – кинотеатрларды ашқаннан кейін, олар бірден залды толтыру мөлшерін 50% деп бекітті. Сол межені ұстап тұр. Ресей нарығы іс жүзінде пандемияға дейінгі деңгейді қамтыды, оларда тұсаукесерлер, дәлірек айтқанда, ресейлік фильмдердің таныстырылымдары өтіп те жатыр. Онда да қатаң бақылаумен, әрине. Кинотеатрлар қауымдастығы, сол бизнесте жұмыс істейтін адамдар өз істеріне өте жауапты. Әрине, бұл кинотеатрлардың санитарлық қызметтердің ережелерін бұлжытпай орындағанына байланысты емес. Бұл Covid-19-бен күресуге деген жалпы мемлекеттік көзқарас. Мұнда жалпылама вакциналау да, ауруларды бақылау да бар. Кәсіпорынның қызметін толық тоқтату мәселенің шешімі еместігін түсініп отыр. Ол істі қайта қалпына келтірмейді. Оңтайлы амалын табу керек. Барлық Еуропа елдерінде киноны қолдау орталықтары кинотеатрларға көмек көрсетуде. Ресейде де нақты қаржылық қолдау көрсетіліп, резервтік қордан 2 миллиард рубльден астам қаражат бөлінді. Бұған дейін шамамен дәл осындай сома продюсерлік компанияларға берілген болатын. Бұл – мемлекет басшылығының кинотеатр дейтін нарық сегментіне қаншалықты үлкен мән беретінін көрсетеді.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаев жуырда арнайы жиын өткізіп, қолдау жұмыстарына 2 млрд теңгеден астам қаражат қажет екенін айтты. Кинотеатр бизнесінің қалпына келуі мемлекет қандай көмек көрсете алатындығына және оның ниетіне байланысты. Мен бар күш-жігерімізді салуымыз керек деген пікірдемін. Механизм бар. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы, бірыңғай оператор бар. Қолдауға керемет көп қаражат кетіретіндей кинотеатр желілері саны көп деп ойламаймын. Бірақ аз болса да кинотеатр бизнеске қатысты жасалған оң ықпалдар осы салада жұмыс істейтін барлық адамдарға үлкен қолдау болмақ.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ая ӨМІРТАЙ,
«Egemen Qazaqstan»