Осы мәселені шешу үшін Қытай реті бойынша 14-ші «Бес жылдық жоспарына» сенім артып отыр. Бұл кейінгі кездесуде ресми түрде қолдау тапты. Сондай-ақ жиын барысында жоспардың Қытайдың ұзақ мерзімді бас жоспары – 2035 жылы ЭЫДҰ деңгейіндегі жан басындағы табысы бар «жаңғыртылған социалистік елге» айналуға қол жеткізуді қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.
Әдетте «Бес жылдық жоспар» туралы әңгіме болғанда ойға өндірістік міндеттер мен көмір, темір, астыққа берілетін квота оралады. Бірақ Қытай мұндай құжатты жарияламағанына 20 жылдан асты. 140 беттен асқан 14-құжатқа жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, кәсіпорындардың, мекемелердің және азаматтардың мінез-құлқын қалыптастыруға арналған экономикалық, әлеуметтік, технологиялық және экологиялық мақсаттар мен міндеттердің кең жиынтығы енген.
Айта кетерлігі, құжатта астық өндірісінің міндеттері қамтылған. Бірақ бұл экономика мен ұлттық қауіпсіздік арасындағы байланыстың өсіп келе жатқандығын көрсететін жан-жақты стратегияның бір бөлігі ғана.
Қытай басшысы Си Цзиньпин ұлттық қауіпсіздік мәселесіне жетілдірілген қарулы күштер (мұны Қытай алдағы онжылдықта жүзеге асырмақ) және ішкі әлеуметтік тұрақтылық (бұл Си көшбасшылығының негізі) қана емес, сондай-ақ азық-түлік, табиғи ресурстар, сауда-саттық, өндіріс-жеткізу тізбегі және технология секілді салаларды да жатқызады.
Сондықтан жаңа «Бес жылдық жоспарда» әскери шығындар ғана емес, астық өндірісі, зерттеу мен дамуға инвестиция және цифрлы саланы дамыту бағыттары міндетті мақсаттар ретінде қарастырылады. Оған қоса, жасанды интеллект, кванттық есептеу, жартылай өткізгіштер, неврология және генетика, ғарыш, теңіз және полярлық барлау сияқты алдыңғы қатарлы секторларға да Қытай басшылығы үлкен екпін түсіріп отыр.
Қоршаған орта бойынша жоспарда көміртегі газын, өнім бірлігіне энергия сыйымдылығын азайту да басты мақсат ретінде көрсетілген. Алайда мұнда айтылған мақсатқа ұмтылыстың аз екенін ескерсек, Қытайдың бұған дейін уәде берген 2030 жылға қарай парникті газдарды шығарудың шекті мөлшеріне жетіп, 2060 жылға таман нөлдік деңгейге түсіру жөніндегі міндеттемесін орындауға шамасы келетініне күмән туады.
«Бес жылдық жоспарға» алғаш рет ішкі жалпы өнімнің айтылған кезеңдегі өсімі енген жоқ. Оның орнына билік жыл сайынғы өсімді «қажет болса сәйкесінше шекте» сақтап қалуға уәде берді. Премьер-министр Ли Кэцянның айтуынша, 2021 жылы бұл 6 пайыздан жоғары болмақ. Сонымен қатар құжатта басқа да экономикалық салаларда міндетті емес мақсаттарды орындау да көзделген.
Қытай өзінің «екі айналымды стратегиясын» жүзеге асыруға ден қояды. Соған сәйкес ол сыртқы сұранысқа тәуелділікті төмендетіп, өзіне сенім артуды жоғарылатпақ. Үкімет экспортқа баса назар аударуды жалғастыра отырып, сонымен бірге импортты алмастыруды күшейтеді. Әсіресе америкалық компаниялардың үлесі бар салаларда өндірістік-жеткізу тізбегін күшейтуді енгізеді. Ең бастысы, Қытай өзі өндіретін тауарлардың ішкі тұтынуын арттыруды жоспарлап отыр. Бұл стратегияның негізінде ұлттық қауіпсіздік мәселелері жатқаны сөзсіз.
Қытай билігі басқа да маңызды салаларда реформа жасауды жоспарлап отыр. Бірақ олардың жүзеге асуы неғайбыл. Мысалы, билік ауылды жандандыруға ықпал етіп, теңсіздікке қарсы тұрғысы келеді. Әйтсе де, табыс пен байлықты қайта бөлу, салық реформасы және жұмыс күшінің мобильді болуына кедергі келтіретін елдегі бытыраңқы және жеткіліксіз әлеуметтік әл-ауқат жүйесін күрделі түрде қайта құру секілді маңызды шешімдер қабылдаған жоқ. Сонымен қатар қызмет көрсету салаларын қамтыған жаңа ережелер жоқ.
Қытай билігі шешуді жоспарлап отырған теңсіздіктің негізгі факторларының бірі – үй шаруашылығын тіркеу жүйесі (hukou). Адамдарды «туған жеріне» тіркеуді міндеттеу арқылы бұл жүйе әдетте еңбек мигранттарының білім, денсаулық сақтау және басқа да әлеуметтік қызметтерге қол жеткізуін тежеді. Жаңа бесжылдық жоспарда шағын және орта қалалардағы шектеулерді жоюға немесе жеңілдетуге, ірі қалаларда балдық жүйе енгізу қарастырылған.
Бірақ бұрын шығындардың көптігі мен қарсылықтың күшеюі hukou реформасын жүзеге асыруға кедергі келтірген. Енді жаңа шектеулер бұған дейін алынып тасталғандардың орнын ауыстырады. Бұл жолы қалай болатынын уақыт көрсетеді.
Қытай билігі сонымен қатар халықтың қартаюынан пайда болған экономикалық қиындықты жою үшін «тиісті туу коэффициентін» енгізгісі келеді. Заңда көрсетілген зейнеткерлік жасты «кезең-кезеңмен» көтеру туралы ұсыныстар да бар. Бұл екі реформа әлдеқашан аяқталған. Бірақ оларды жүзеге асырудың егжей-тегжейлі жоспары жоқ.
Сайып келгенде, Қытай билігі озық технологияларға сүйенуге бағытталған 1,4 триллион долларлық ғылыми-технологиялық стратегияға басымдық бермекші. Осындай технологиялардың өзегін құрайтын жартылай өткізгіштер бұл мақсатқа жету үшін өте маңызды.
Бұл салада Қытайдың позициясы мықты емес. Қазіргі таңда отандық өндіріс арқылы елдегі жартылай өткізгіштерге қажеттіліктің 16 пайызы ғана қанағаттандырылып отыр. Оның өзінде сапасы төмен. Ал импорттың деңгейі шикі мұнай импортынан да асып түседі. АҚШ-тың Қытайға қарсы жасаған санкциялары, экспорттық бақылау және инвестицияларды бақылау секілді экономикалық қысым науқаны ел билігін қатты алаңдатып отыр.
Қытайдың проблемасы мынада. Әлемдегі жетекші өндіруші ел болғанымен, негізгі бөлшектер, материалдар және алдыңғы қатарлы технологиялар секілді негізгі бағыттарда әлсіз. Бұрынғы Индустрия және ақпараттық технологиялар министрі Миао Вэй жақында атап өткендей, бұл кемшілік елдің «ұлы державаның» өндірістік экономикасы болуынан кем дегенде 30 жыл артта қалғанын білдіреді.
Жартылай өткізгіштерді өзінде шығаруға ұмтылу Қытайдың үлкен мақсаттарға жету қабілетінің маңызды сынағы десек, қателеспейміз. Елдің жетістігі басшылардың авторитаризм, жоғарыдан төмен директивалар мен әлеуметтік бақылау кемшілігін қаншалықты мойындайтынына байланысты. Си мемлекетінің басқару стилінде маңызды саналатын бұл тәсілдер коронавирус дағдарысын тоқтатуда тиімділігін көрсетті. Цифрлы және ақпараттық экономиканың маңызы артқан кезеңде Қытайды дамыту үшін алға басудың бір ғана жолы бар: ашықтық, ашықтық және институционалды икемділік.
Джордж МАГНУС,
Оксфорд университетінің Қытай орталығы мен Лондонның SOAS университетінің ғылыми қызметкері, «Қызыл Тулар: Сидің Қытайы неге қауіп төндіреді?» кітабының авторы
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org