Қаржы • 07 Сәуір, 2021

Жарты млрд доллар көлемінде өнім экспорттауға қауқарлы

116 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы Қазақстан-Чехия сауда-экономикалық ынтымақ­тас­­тығы мәселе­леріне арналған вебинар өткізді.

Жарты млрд доллар көлемінде өнім экспорттауға қауқарлы

Қазақстан үшін Чехия Шығыс және Орталық Еуропа нарықтарына шығуға мүм­кіндік беретін маңызды хаб ретінде қарастырылады. Мәселен, QazTrade-тің баға­лауына сәйкес, Чехия Рес­пуб­­ликасына шикізаттық емес экспортты 654,8 млн дол­лар­ға дейін арттыруға бола­ды. Айталық, еліміз ауыл ша­руашылығы саласы бойынша 28,4 млн доллар көлемінде және өнеркәсіпке қатысты 626,4 млн доллар шамасында өнім экспорттауға қауқарлы. Шикізаттық емес өнімді сырт­қы нарықтарға сатуды ұл­ғайту бағытында Сауда және интеграция министрлігі экс­порт­таушыларға ынталандыру тетіктерін қарастырғанын айта кеткен орынды.

Бұл ретте QazTrade өнім­дері Қытай мен ЕАЭО ел­дерінде сұранысқа ие экспорттаушылар пулын әзірлеген. Экспорттық акселерация бағдарламасын іске асыру арқылы тамақ өнеркәсібімен ай­налысатын 35 компания Еуропа нарығына май, тұз, бал, макарон және ұн өнім­дерін жеткізуге дайын. Атап айтқанда, бал өндірісін жолға қойған «Лепсинск өнімі» ЖШС өнімдері ЕО стандарттарына сәйкес сертификаттаудан өткізілді. Бұған қоса жоғары сапа стандарттарына сай дайындалатын жылқы мен түйе малының құрғақ сүт өнімдері жоғары сұраныста.

Электронды сауда алаң­дарында отандық өнімнің үле­сін арттыру бағдарламасы арқы­лы бүгінде Alibaba.com плат­­формасында 4 мың­ға жуық отандық өнім тұ­тыну­шы­лардың назарына ұсыныл­ған.

Қазір Қазақстан мен Чехия бірқатар бағытта сауда-эко­но­микалық байланысты арт­тырмақ ниетте. Мәселен, Жаңа экологиялық кодекс аясында еліміз қалдықты қайта өңдеу және кәдеге жарату саласын белсенді дамытуға мүдделі. Бұл орайда Чехия қалдықты қайта өңдеуге қа­тысты технологияларды енгізу мен өнеркәсіпте заманауи «жасыл» технологияларға көшу тәжірибесімен бөлісе алады. Сол секілді чехиялық білім беру мекемелері мен авиациялық оқу орындарында қазақстандық ұшқыш­тар­ды оқытып, сертификат­тау жүргізілуі мүмкін. Ұлттық агент­тіктер чехиялық инвес­тор­ларды машина жасау және жер қойнауын пайдалану саласына тарту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.