Спорт • 07 Сәуір, 2021

Үш дзюдошымыз қола медаль үшін күреседі

355 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Дзюдодан Бішкекте өтіп жатқан ерлер мен әйелдер арасындағы Азия мен Мұхит жағалауы елдері біріншілігінің екінші жарыс күні тағы бірнеше жүлде жиынтығы сарапқа салынып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Үш дзюдошымыз қола медаль үшін күреседі

Ерлер сайысында 73 кило салмақтағы Жансай Смағұлов алғашқы айналымдарда үндістандық Раван Құмар мен өзбекстандық Мұроджон Юлдошевтен басым түсті. Алайда жартылай финалда оның жолы болмады. Тәжікстандық Самон Махмадбековтен ұтылған Жансай енді БАӘ-нің өкілі Виктор Сквортовпен қола медаль үшін таласады. 

81 кило салмақтағы Дидар Хамза мен Руслан Мұсаев тұсаукесер кездесулерін жеңіспен аяқтағанымен, келесі кезеңде жеңілістің кермек дәмін татты. Дидар кореялық Ли Моон Джиннен, ал Руслан өзбекстандық Шароффидин Балтобоевтан жеңілді. Қос қандасымыз жұбаныш бәсекесінде күш сынасып, бұл тартыста Хамзаның асығы алшысынан түсті. Үшінші орын үшін сайыста Дидар моңғолиялық Саед Моллаеймен белдеседі.   

Әйелдер арасында 63 кило салмақтағы Иоланта Бердібекова жұбаныш бәсекесінде ұтылса, 70 кило салмақтағы Зере Бектасқызы қытайлық Сун Кияогианмен қола медаль үшін күреседі.