Әлем • 08 Сәуір, 2021

9 миллион адамға 500-ге жуық дәрігер

210 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Папуа-Жаңа Гви­неяның ден­сау­лық сақтау саласы құлдырау алдында тұр. Тынық мұхиты аралында барлығы 500-ге жуық дәрігер, 4 мыңға жуық медбике және 3 мыңға жуық қоғамдық медицина қызметкері бар.

9 миллион адамға 500-ге жуық дәрігер

Мамандардан бөлек, ауруханалар мен заманауи медициналық жабдықтардың жетіспеушілігі тағы бар. Ал індет жұқтырғандар саны күннен-күнге артып келеді. Елдегі денсаулық сақтау саласының өкілдері мен халықаралық мамандар дабыл қағып отыр.

Ресми статистикаға сәйкес, 4 сәуірдегі жағдай бо­йынша Папуа-Жаңа Гвинеяда 7 мың жағдай тіркелген. Бірақ жергілікті сарапшылар вирус жұқтырған адамдардың нақты саны 100 мыңға жақындап келеді дейді. Ал алдағы апталарда жалпы 1 миллион адам індет жұқтыруы мүмкін екен. Жалпы, елде індет жұқтырғандарды анықтау мәселесі ақсап тұрғаны белгілі. Қауіпсіздік шаралары ретінде бір айлық локдаун енгізілді. Елде вируспен күрестің тиімсіз болғанын билік басындағылар да мойындап отыр. Әсіресе індетті уақтылы анықтайтын тесттердің аз­ды­ғы байқалады. Жалған ақпарат тарату мәселесі де ушығып тұр. Халық арасында вирустың барына сенбейтіндер әлі күнге дейін бар көрінеді. Статистикалық мәліметтерді жинау да қиынға соққан. Коронавирус жұқтырғандардың нақты санын, жасын және аймақтарда қалай таралғанын зерттеу, ауылды жерлерде не болып жатқанын білу тіпті мүмкін емес дейді сарапшылар. Бұл жағдай Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын алаңдатып отыр.