Оқиға 2021 жылдың 26 наурызы күні кешке қарай орын алған. Университеттен шыққан студенттер көмек сұрап айқайлаған баланың даусын естиді. Дереу өзенге қарай жүгіріп, суға батып бара жатқан 8-9 жастағы баланы көреді. Көп ойланбастан олар көмекке асығады. Мұзға қарманған баланы судан шығарып, үстіндегі киімдерін шешіп, орап тастайды. Осы кезде ЖОО қызметкері Ботагөз Паратхан жұбайымен бірге жақын маңда жүрген, оларды автокөлікке салып, баланы үйіне апаруды ұсынады.
Үйге барған соң студенттер баланың су болған киімін құрғатып киюіне көмектесіп, жылы сусын беріп, ата-анасына оқиға туралы хабарлайды. ЖОО-ның баспасөз қызметіне берген сұхбатында Мағжан өз қауіпсіздігі туралы бір минут та ойланбағанын айтты. «Менде бір ғана ой болды, – дейді ол. – Қайткенде баланы құтқару!»
Мағжанның өзі – отбасындағы жалғыз ұл. Ол ядролық физика мамандығы бойынша оқиды. Бұл мамандықты таңдағанына қуанышты, өйткені ол атомдар мен молекулалармен жұмыс істегенді ұнатады.
Ал Диас Камалов Техникалық-физика мамандығы бойынша білім алады. Қостанай облысы Рудный қаласында туған, отбасының кенжесі. Мағжанмен бірге ол да мұндай сәттерде қорқыныш туралы ойлаудың өзі артық деп есептейді.