Әлемдік экономика өсім көрсете ме?
Сарапшылардың болжауынша, 2021 жылы әлемдік экономика өсімі артады. Былтырғыдай ауыр дағдарыстан соң қайтадан шарықтау болады. Бұған тарих дәлел.
– Алдағы 12 айда әлемдік экономика өсу қарқыны аздап баяулайды. Бұл пандемиядан жинақталған эффект нәтижесі. Жалпы алғанда біздің бизнес 2020 жылы жақсы өсім көрсетті. IT саласын өндірісте пайдалану – процестерді жеңілдетіп, пандемия кезінде бизнес процедураларын оңайлатты. Біздің компанияда шағын және орта бизнеспен жұмыс істейтін бөлім бар. Сондықтан пандемияның бұл секторға қалай әсер еткенін білеміз. Меніңше, локдаун шағын кәсіпорындарға кері әсер етті. Қаржылық әлеуеті бар орта және ірі кәсіпорындар ағысқа қарсы жүзіп келеді. Бірақ шағын кәсіпорындар шығынға батты, – дейді Softline басшысы Анна Дю.
Fashion Retail Kazakhstan басшысы Зарадешт Хамоудың айтуынша, Қытай экономикасы өсу қарқынының жылдам қалпына келуі ғана әлемдік өсімді тездетуі мүмкін. Егер Қытайда бәрі ойдағыдай болса, онда биыл әлем 2019 жылғы деңгейіне оралады деп болжайды ол.
Жеке компаниялар өз табысына сене ме?
Былтырғы ауыр нокдауннан соң табыс туралы айтудың өзі үлкен тәуекелді қажет ететін секілді. Десе де біздің кәсіпкерлер биыл табысқа шығарына сенімді. Қатаң шектеу, локдаун, ұзаққа созылған карантин бизнесті жаңа жағдайға бейімдеуге, клиентпен жұмыс істеудің тың әдістерін табуға, IT жаңашылдықты бизнеске сәтті енгізуге бейімдеп, кәсіпкерлерді қайрап жібергендей.
– Осы жылы және алдағы үш жылда табыс табатынымызға сенеміз. Біз тау-кен өнеркәсібі саласында жұмыс істейміз және бұл салада өсім жалғасады. Тапсырыс берушілер инвестициялауды тоқтатпайды. Дегенмен әр шешімге бұрынғыдан да байыптырақ қарайтыны түсінікті, – дейді Эпирок компаниясының басшысы Михаил Балычев.
Aitas Group, UKPF басшысы Серік Толықпаевтың айтуынша, кезекті екінші Макинск құс фабрикасының іске қосылуы нәтижесінде 50 пайыздық өсім жоспарланған. 2017 жылдан бері компания табысы 2,5 есе артқан. Satu.kz құрушысы Максим Мельниктің сөзінше, пандемия салдарынан көптеген қызмет онлайнға ауысты. Ал бұл процесс өз кезегінде Satu.kz сияқты интернет-алаңдардың өтімділігін арттыра түсті. Оның айтуынша, Қазақстандағы e-commerce үлесі 5-7 пайыз аралығында. Мәселен, Ұлыбритания, өзге де еуропалық елдерде бұл көрсеткіш 20-30 пайызға жетеді. «Таяқтың екі ұшы бар» деген. Қазақстандықтардың онлайн сауда-саттыққа бейім бола түсуі елдегі e-commerce деңгейін арттырмаса кемітпесі белгілі. Қатысушы-сарапшылардың барлығы дерлік өз табысының биыл және алдағы үш жылда өсім көрсетеріне күмәнданбайды.
Бизнеске қауіп төндіретін қандай фактор?
Қазақстан кәсіпкерлері бизнеске кедергі келтіретін басты фактор ретінде валюта курсының құбылуын келтіреді. Одан кейінгі орындарда – пандемия және денсаулық сақтау саласындағы өзге де дағдарыс; экономикалық өсімге қатысты нақтылықтың болмауы; білікті кадрлар тапшылығы; әлеуметтік тұрақсыздық; жалған ақпарат; салық жүктемесінің көбеюі. Сонымен қатар салық тұрақсыздығы, кибер шабуылдар, сауда барысындағы келіспеушілік те қатерлі факторлар қатарында.
Бизнес тарапында біз үшін маңызды елдер
Қазақстандық сарапшылардың көзқарасы бойынша, бизнесті дамытуға септесетін ТОП-елдер қатарына – Ресей (63 пайыз), Өзбекстан (42), Қытай (38), АҚШ (32), Украина (13), Қырғызстан (13) елдері кірген.
– Қытай нарығында біз бұрыннан жұмыс істейміз. Біздің шырын зауытымыз болды және оның артықшылығы мен кемшілігін жақсы білеміз. Қазір сол жаққа біртіндеп жылжып жатырмыз. Өйткені тағы да логистикаға байланысты проблемалар туындады. Оның нарыққа кіру мүмкіндігі төмендеп кетті. Өзбекстан нарығында сүт өнімдері бойынша жұмыс істейміз. Онда да проблема жеткілікті. Бірінші кезекте мемлекеттік қадағалауға байланысты, – дейді Raimbek Group басшысы Раимбек Баталов.
Инвестициялық климат қалай өзгерді?
Қатысушы сарапшылардың 46 пайызы 2020 жылы инвестициялық климат өзгерген жоқ десе, 43 пайызы нашарлады деп есептейді. Тек 11 пайызы ғана инвестициялық климат жақсарды деген пікірде.
Алдыңғы жылмен салыстырғанда инвестициялық климат ахуалы біраз төмендеді. Шекаралар жабылды, ал бірқатар бағдарламаға қажеттілік болмай қалды. Әрине, Түркістан әуежайының құрылысы, ADPi француз компаниясының бір бөлімі саналатын түркиялық TAV holding-тің Алматы әуежайын сатып алуы тұрғысынан жыл жемісті болды. Әуе жолы шаһар мен ел үшін маңызды болғандықтан бұл шараларды мейлінше оң құбылыс деп бағалауға болады. Өйткені, Алматы – коммерциялық, ал Түркістан – туристік орталық. Келесі жылы қалай боларын уақыт көрсетеді, – дейді Skymax Technologies басшысы Ерік Шортанбаев.
Kolesa Group басшысы Николай Бабешкиннің айтуынша, 2020 жылы инвестициялық климат жақсара түсті. «Табысты IPO соның дәлелі. Егер ол басқа компанияларды да қамтыса, онда инвесторлар Қазақстанда жұмыс істейтін ұйымдарға қаржы сала бастайды. Кейбір инвестициялар бойынша артқа кету бар шығар, алайда Kaspi.kz кейсі керемет үлгі көрсетіп берді. Инвестициялық климат нашарлаған жоқ. Бұл жолда мемлекетке қарағанда бизнестің үлесі мол болды» дейді Н.Бабешкин.
Бизнесте табысты болу үшін компания басшысына қандай қасиеттер керек? Бұған қатысты бірінші басшылар сан түрлі көзқарас білдірген. Солардың арасынан бірнеше қасиет екшеліп шыққан. Атап айтар болсақ, сарапшылардың 30 пайызы – бейімділік, 19 пайызы – стратегиялық көре білу, 14 пайызы – көшбасшылық, 9 пайызы – команданы дамыта білу, 7 пайызы – жаңашылдыққа ұмтылу, 4 пайызы – шешімталдық, 3 пайызы – этика, тағы 3 пайызы – эмоционалды интеллект қасиеттері керек екенін айтады.