Қоғам • 09 Сәуір, 2021

Қағаз құжаттың қажеті болмайды

373 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл сайын елімізде цифрландыру саласы бойынша бірқатар іргелі бастама қол­ға алынады. Мақсат – халықтың цифр­лы сауаттылығын арттыру және процестерді мейлінше жеңілдету. Цифрлы даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі цифрлы құжаттар сервисін дамытуды жоспарлап отыр.

Қағаз құжаттың қажеті болмайды

Ведомство басшысы Бағдат Мусиннің айтуынша, бұдан былай Қазақстанда үш банк қаржылық қыз­меттерді ұсыну кезінде клиенттерден жеке куә­лікті талап етпейді.

– Цифрлы құжаттар сервисі қашан іске қосылады деп бәрі сұрайды. Біз оны заңнамалық тұрғыда бекітіп, техникалық жағынан жүзеге асырып қойдық. Енді тек техникалық интеграцияны жетілдіре түсу ғана қалды. Қазірдің өзінде үш банк клиенттен құжат сұрамауға дайын. Олар бұл жайында өздерінің пиар-стратегиясын ұсыну кезінде жариялайды, – дейді министр.  

Б.Мусиннің сөзінше, қазір құжаттардың цифрлы сервисінде 13 құжат бар. Сервис қағаз құжаттарды ұсыну қажеттігін тоқтатады. Қазіргі уақытта аталған сервисте 9 құжат ұсынылған: Қазақстан азаматының жеке куәлігі, некені тіркеу және бұзу туралы куәлік, туу туралы және аты-жөнін ауыстыру туралы куәлік, жүргізуші куәлігі, білімі туралы диплом, студент билеті және ПТР-тест нәтижесі.

«Ақпараттандыру туралы» заңға электронды құжаттардың қағаз құжаттармен тең дәрежеде қолданылатыны туралы норма енгізілгендіктен, бұл құжаттар легитимді болып саналады.

Сонымен қатар электронды жеке куәлікті Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары арасындағы әуе сапары кезінде де қолдануға болады. «Эйр Астана» әуе компаниясының тұрақты рейстерімен ұшатын жолаушылар әуежайда eGov Mobile қосымшасы арқылы электронды жеке куәлікті көрсетуге құқылы. Цифрлы құжаттар сервисін пайдаланушы азаматтар рейске тіркелу кезінде, ұшар алдындағы тексеруден өтер кезде қосымша арқылы жасалатын QR-кодты көрсетуге міндетті. Алдағы уақытта цифрлы құжаттар сервисі еліміздегі барлық әуежайда енгізілмек. Әзірге жоба қанатқақты режімде жүзеге асып жатқандықтан жолаушылар өзімен бірге жеке куәлігін де алып жүргені абзал.

«Цифрлы құжаттар» – eGov Mobile мобильді қо­сым­шасында жеке электронды құжаттарды сақ­тайтын сервис. Сондай-ақ бұл қызмет азаматқа оның келісімі бойынша үшінші тұлғаларға құжаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ол үшін «Цифрлы құжаттарға» кіріп, қажетті құжатты ашып, «Қолжетімділікті ашу» батырмасын басу жеткілікті. Осыдан соң үшінші тараптың бір реттік сканерлеуі үшін бірегей QR-код жасалады.

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51