Оқиға • 09 Сәуір, 2021

Өңірдің музыкалық антологиясы

593 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлтымыздың рухани өмірінің өзегі, жан азығы болған дәстүрлі ән мен күйді әрқашан қазақ өнерінің құнды қазынасына балаймыз. Осы орайда Ұлттық музейде Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының қолдауымен Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық музейі дайындаған «Тобыл-Торғай әуені» музыка антологиясының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл жинақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының негізінде жарық көріп отыр.

Өңірдің музыкалық антологиясы

Тобыл-Торғай өңіріндегі ерте заманда өткен әнші-күйшілердің мұрасы жинақталған кітаптың таныстырылымына Ұлттық музей басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай, белгілі жыршы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов, күйші, композитор Нұрлан Бекенов және дәстүрлі әнші-күйшілер мен өнерсүйер қауым қатысты.

Айта кетейік, жаңа жинақты Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық музейінің ғылыми қызметкері Батырлан Сағынтаев құрастырған. Музыка антологиясы үш бөлімнен тұрады: алғашқы бөлімде авторлық әндер мен күйлердің 90-ға жуық ноталары берілсе, екінші тарау Тобыл-Торғай өңірінің мәдени мұрасына арналған ғылыми мақалаларға арналған. Ал үшінші бөлімге жинаққа енген әндердің шығу тарихына қатысты ғылыми түсініктер енгізілді.

Белгілі жырау Алмас Алматов жинақта ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген өңірге белгілі дәстүрлі ән-күй өнері өкілдері жайында құнды мәліметтер кездесетінін атап өтті. «Әсіресе бүгінде есімдері ел жадынан өше бастаған Қапақ сал, Сәт Есенбайұлы, Құтжан Қанжығалин сынды өнерпаздардың тоқсаннан астам туындысын мәтінімен қоса нота тілінде қағазға түсіріп, әр­қайсысына жеке түсініктеме беріліп отыр. Қосымша бөлімінде Тілек Аспантайұлы, Баубек Есіргепұлы, Арық бақсы, Зәкәрия Кәрібаев, Хамидолла Шәткенов, Қазбек Әбенов сынды есімдері Торғай өңіріне мәшһүр дәстүрлі қыл­қобыз орындаушылары туралы да кең мағлұмат алуға болады. Алдағы уақытта осы кітаптың зерттеу аясын кеңейтіп, музыка, фольклор зерттеуші мамандармен бірлесе отыра, бір ғана жинақ күйінде емес, бірнеше томға жи­нақтауға болады», деп ұсыныс білдірді.

Ал күйші Жанғали Жүзбай кітаптың өте сауатты жазылғанын айтып, мазмұнына тоқталды. «Ғылыми деректен ауытқымау, артық сөз жазбау, артық мадаққа бармау, тек тарихи дерекке сүйеніп, сол арқылы анализ жасау – нағыз зерттеушінің жұмысы. Мына жинақта қобыз өнеріне байланысты көптеген мәселе жақсы талданыпты. Әсіресе Бау­бектің өміріне қатысты мә­ліметтер бұрын көп жарияланбайтын. Баубек қобызшы – жалпы қазаққа ортақ, биік деңгейге көтерілген тұлға. Арқадағы, Қаратаудағы күйшіліктің бәрі біртұтас күйшілік екені Баубек мұраларынан байқалады. Тағы бір айтарым, алғашқы Алаш қозғалысы басталған кезде Алашорданың ұран әні болған – «Алаш маршы» деген ән бар. Осы әннің музыка антологиясына кіріп, тарихының жазылғаны – жастардың танымы үшін, патриоттық рухы үшін ерекше оқиға. Сондай-ақ талас­ты тақырыптардың бірі болған «Қарабас» күйі туралы мақалаға да ерекше сүйсіндім. Енді осы кітаптың күйтабағы шықса екен деймін», деді ол.

Күйші, композитор Нұрлан Бекенов кітаптың негізгі құн­дылығы – сол өңірдің халқы жете білмейтін, Затаевич атаған бір­неше әншіден басқа да белгісіз торғайлық өнер иелерінің шы­­ғар­машылығын жарыққа шығаруында екенін атап өтіп: «Жинаққа Міржақыптың күйі деп «Әуез» күйінің енгеніне ерекше қуаныштымын. 30-жылдары қазақ зиялылары «музыка» деген сөзді «әуез», «мелодия» дегенді «әуен» деп аударды. Демек, бұл күйдің авторы Міржақып Дулатов екеніне күмән жоқ. Ал күйді жеткізген Сармолла күйшінің шәкірті Жармолла-Жармұхамбет. Біз бұрын «Баубектің сарыны», «Саймақтың сарыны» деп ауызекі тілде ғана айтатынбыз. Ал мына жаңа жинақта Бау­бек күйшілігінің қыр-сыры толық беріліпті», дей келе бұл ізденістің үлкен жетістік екенін жеткізді. Мұның бір дәлелі ретінде, антологиядағы Ахмет Байтұрсынұлы Семей өңірінде жүргенде жаздырып алып, кейін Затаевичке тапсырған «Кәмшат бөрік» әнінің тарихын айта аламыз. Құрастырушы «Қазақтың 1000 әні» жинағына халық әні ретінде енген «Кәмшат бөріктің» авторы Байқадам Қаралдин деген пайымдау жасап, оған негіз болатын деректерді келтіреді.