Хоккей • 09 Сәуір, 2021

«Барыс» қайта жасақталуы мүмкін

507 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсететін елорданың «Барысы» әдетте тұрақты біріншіліктің маусымаралық үзілі­сінде келісімшарты өз мәресіне жеткен үш-төрт хоккейшімен қоштасып, олардың орнын жаңа ойыншылармен толықтыратын. Бұл жылда қайталанатын үрдіс болғандықтан, хоккей жанкүйерлері үшін үйреншікті жағдай еді.

«Барыс» қайта жасақталуы мүмкін

Алайда ҚХЛ-дің алдағы маусымында «Барыстың» осы жылғы құрамы түгелімен өзгерудің сәл-ақ алдында тұр. Өйткені осы айдың соңында, нақтылап айтар болсақ, 30 сәуірде қазақстандық команда сапында ойнайтын 23 хоккейші мен клуб тізгінін былтыр ғана ұстаған бас бапкер Юрий Михайлистің келісімшарты аяқталады. Әзірге клуб басшылығы ешбір ойыншымен келісімшартын ұзартуға асығар емес.

1 мамырдан бастап келісім­шарты аяқталған «Барыстың» мына хоккейшілері клубтан кетуі мүмкін. Олар: қақпашылар – Хенрик Карлссон, Йони Ортио, Сергей Кудрявцев. Қорғаушылар – Джесси Блэкер, Самат Данияр, Алекс Линтуниеми, Алексей Мак­люков, Валерий Орехов, Дил­лон Хетерингтон, Виктор Свед­берг. Шабуылшылар – Павел Акользин, Фил Вароне, Линус Ви­делль, Кёртис Волк, Дмитрий Гурков, Якоб Лилья, Максим Му­соров, Кирилл Панюков, Захар Пар­хоменко, Егор Петухов, Мэт­тью Фрэттин, Дмитрий Шев­чен­ко және Әлихан Әсетов.

Жалпы «Барыс» клубында өнер көрсететін хоккейшілердің дені Қазақстан ұлттық құрамасында ойнайтыны баршаға белгілі. Сон­дықтан келісімшарты аяқ­талған қазақстандық ойын­шы­лардың клубта қалу-қалмауы үлкен мәселе бо­лады деп ойлай­мыз. Оның үс­­тіне, Самат Данияр, Максим Му­соров сияқты бір­қатар ойыншы команданың тәрбиеленушісі саналғандықтан, клуб басшылығы оларды өзге командаларға жібере қоймас. Ал команданың жарты бюджетіне иелік ететін легио­нерлердің кету-кетпеуі клубтың қаржылық жағдайына байланыс­ты. Бұған қоса былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпқой спорт клубтарының бюджетін екі есеге қысқартуға тапсырма берген болатын.

Қазірдің өзінде командада үш жылдан бері ойнап келе жат­қан Канадада туып-өсіп, бүгінде Қазақстан азаматтығын алған қорғаушы Джесси Блэкер мен орталық шабуылшы Кёртис Волкке ҚХЛ командаларының бірі қызығушылық танытып отыр­ғанын қазақстандық және ре­сейлік БАҚ өкілдері жазып жатыр. Дегенмен хоккей маман­дары бұл екі хоккейшінің агенттері жасап отырған құйтырқы әре­кет деп есептейді. Өйткені ұжым­ға көп көмегі тиетін екі ойын­шы­ның «Барыспен» келісімшарты аяқ­­талатындықтан жаңа келі­сім бойынша олар айлық жала­қы­ларын көбейтіп алуды мақсат ете­тіндіктерін айтады.

Өткен маусымда 50 ойын өткізген Блэкер төрт шайба со­ғып, әріптестерінің жеті голына ассистенттік жасаған. Ал жалпы үш маусымда 40-тан аса ұпай жи­наған ол осы маусымда соңғы үш маңызды ойынның шешуші голын соғып, командасына жеңіс сыйлаған. Волк та дәл солай. 62 ойында мұзайдынға шыққан шабуылшы 10 шайба соғып, әріптестеріне 21 мәрте нәтижелі пас шығарған.

Блэкер мен Волктан бөлек, тағы қандай легионерлердің келесі маусымда «Барысқа» көмегі тиюі мүмкін? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін ойыншылардың был­тырғы маусымдағы статис­тикалық де­ректеріне көз жүгіртсеңіз жет­кілікті. Мәселен, шабуылшы Линус Виделль 65 ойында қар­сыластардың қақпасын 10 мәрте көздесе, 31 рет дәл пас асыр­ған. Ал тағы бір шабуылшы Якоб Лилья бүкіл маусым бойы 36 (21+15) ұпай жинаған. «Барысқа» қайта оралған канадалық Мэт­тью Фрэттиннің еншісінде 30 (12+18), Филип Варонеде 27 (10+17) ұпай бар. Міне, бұл – легио­нер ша­буыл­шылардың өткен мау­сымдағы нәтижелері.

Ал ойыны жанкүйерлердің де, бапкерлер құрамының да көңілінен шықпаған қорғаушылар, атап айтқанда, жарақатына байланысты 28 ойынға ғана қатысқан Виктор Сведберг (3+5, 8 ұпай) және маусым ортасында елордалық клуб­тың қатарына қосылған Диллон Хетерингтон (2+5, 7 ұпай) мен Алекс Линтуниеми (0+4) клубтан кетуі мүмкін.

Бас бапкер Юрий Михайлистің клубта қалу-қалмау мәселесі ал­дағы мамыр айында Латвияның бас шаһары – Ригада өтетін әлем чемпионатындағы Қазақстан ұлт­тық құрамасының нәтижесіне бай­ланысты болмақ. Егер шә­кірт­тері жоғары топта қалып жатса, Михайлис «Барыстағы» жұмысын одан әрі жалғастыра беруі ғажап емес. Ал төменгі топқа түсіп қалса, клубта қалмайтыны анық.