ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәлидің айтуынша, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары жұмылдырылды. Атап айтқанда, 49 адам, 17 бірлік техника, 9 бірлік мотопомпа апат салдарын жоюға тартылды.
Сонымен қатар Целиноград ауданының Талапкер, Қараөткел, Қоянды, Арайлы, Қаражар, Қызылжар, Ақмол, Қосшы, Қабанбай батыр, Қызылсуат және Жарлыкөл кенттерінде еріген қар суын сору жұмыстары жүргізілуде.
Кеше сағат 10.35-те Нұр-Сұлтан қаласынан «Қазавиақұтқару» АҚ МИ-869 тікұшағы су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізу үшін әуеге көтерілді. Бағыты Вячеслав су қоймасы – Қоянды – Ильинка – Преображенский су реттегіші. Тікұшақта Ақмола облысы әкімдігі, төтенше жағдайлар департаменті, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және «Қазгидромет» РМК өкілдері болды. Жағдай Ақмола облысы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев пен жергілікті атқарушы органдардың бақылауында.
Айта кету керек, Ақмола облысында қардың еруі салдарынан су басуға жол бермеу үшін елді мекендерде қар шығару жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, облыс бойынша 447 813,76 текше метр қар шығарылды. 177 921,8 текше метр еріген қар суы сорылды. 13 482 қапқа инертті материалдар салынып, төселді. 2 511 метр бөгет нығайтылды. 128 084,61 метр су бұру арналары мен арықтары тазартылды. 2 099 метр арналар мен арықтар қалпына келтірілді.