
Тимур құрастырған бейнелер ішінде Димаш Құдайберген, Фредди Меркьюри, Илон Маск, Иманбек Зейкенов, Том Круз, Лионель Месси, Скриптонит, Геннадий Головкин, Хабиб Нұрмагомедов, тағы да басқа танымал тұлғалар бар.
– Алғаш рет 7 жасымда рубик кубигін құрастыруға қызыға бастадым. Интернеттен видеоларды қарап отырып үйрендім. Ал кубиктерден портрет жасауды осы жылдың басында меңгердім. Интернеттен украиналық баланың дәл осылай портрет жасағанын көріп, қызығушылығым оянды. Мен де солай істеп көргім келді. Бұл маған еш қиындық тудырған жоқ, – дейді Тимур.
Портреттің бір қырын құрастырып шығуға 10-14 секунд жұмсаса, толық портретті құрастыруға екі сағат уақыт жұмсайды екен. «Бастапқыда фотоны Photoshop бағдарламасына салып, оны белгілі бір пикселде реттеп, сосын барып құрастырамын» дейді.
Қазірге дейін кубиктен жиналған суреттерді көрген Иманбек, Димаш Құдайбергеннің анасы Света Айтбаева, «Halyk Bank» АҚ ұжымы хабарласып, комментарий жазып, алғыстарын білдірген.
Тимурдың ата-анасы фотограф болып жұмыс істейді. Бұл да оның шығармашылық тұрғыдан дами түсуіне ықпал еткені сөзсіз. Өзі келешекте бағдарламалаушы болғысы келеді. Сол арманына жету үшін арнайы курсқа да қатысып жүр. Одан бөлек дзюдо секциясы мен ағылшын тілі курсының да тұрақты шәкірті.
– Рубик кубигінен портрет құрастыру – мен үшін хобби. Осы жұмысты істеп, Инстаграмда көпшілік көңілінен шығып жатқаныма қуанамын. Қаншама адамның алғысы мен тілегі мені шабыттандыра түседі, – дейді жас талант.