Жасы отызға енді іліккен Иван Павлович Балкашин ауылының тумасы. Жігерлі жігітті мұндағы елдің бәрі таниды. Қоларбада қадалып отыратын, арнайы сүйеніш құралынсыз қадам баса алмайтын мүмкіндігі шектеулі жан болса да әлдекімнің есіркегенін жаны жақтыра бермейді.
Бұл неге біреулер аяйтындай, кембағал көретіндей міскін болуға тиіс. Жаратқан ие маңдайына осылай жазған екен, пешенесіне бұйырғанын өзі көреді де. Тек жігер жасымауы керек. Иванның ағынан ақтарылған сөзінен ұққанымыз осы. Тырбанып тіршілік ету үшін қолынан келетін кәсіпті игеруге тырысқан. Осыдан үш жыл бұрын компьютер жөндейтін цех ашыпты.
Құрқылтайдың ұясындай жып-жылы, кішкентай ғана бөлме. Төңірегінде әлдебір шеберханалардағыдай аткөпір болып шашылып жатқан басы артық зат та жоқ. Қай тарапқа қарасаң да жинақы қолдың табы менмұндалап айқын көрініп тұр. Кезегін күтіп жатқан смартфондар мен компьютерлер де аз емес. Соған қарағанда, қолы епті Иван Павловичтің қызметі халықтың кәдесіне жарап-ақ тұр деуге болар.
– Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған соң елордадағы кәсіптік білім беретін колледжердің бірінде техник-бағдарламашы мамандығын игердім, – дейді шебердің өзі, – қазіргі заманда сұранысқа ие мамандық қой. Білімді қашықтан оқып меңгерсем де, тәжірибемен ұштастырғаным ұтымды болды. Оның үстіне қазір үйренемін деген адамға еш нәрсенің қиындығы жоқ қой. Барлығы интернет әлемінде сайрап тұр. Көңілің қалағанды тауып аласың да, қыр-сырын жадыңа жаттайсың. Тек бойыңда ынтаң мен ықыласың болса жетіп жатыр.
Қолына армандаған дипломы тиген соң аудан орталығындағы «Қазақтелеком» АҚ филиалында мемлекеттік бағдарлама бойынша алты ай тәжірибеден өткен. Кейін әртүрлі салада қызмет етіпті. Әйтсе де, денсаулығындағы кінәраты шамалы бөгет болған. Жұмыс берушінің қасы мен қабағына қарау, тілімен айтпаса да түрінде тұрған кейісті көру оңай емес екен. Тәуекелге бел буып өз ісін бастауға жетелеген де осы жай. Тек ақпараттық технология күн сайын қарқынды дамуға ие болып жатқан жаңа заманның жосығына сай бола білу керек. Бұл тарапта кейіпкеріміздің бойында ерекше еңбекқорлықтың, айрықша ізденімпаздықтың бар екендігін аңғарып, тас жарғандай талабына тәнті болдық. Ісінің алға басуы да осы бір қасиеттердің молдығынан.
– Мемлекет тарапынан жап-жақсы көмек көрсетіліп жатыр, дейді ол, – ұмтылған адамға бұдан артық не керек. Мәселен, осы уақытқа дейін екі ұтымды жоба жасап, екі грантқа ие болдым. Алғашқы жолы 250 мың теңге қаражат бөлінсе, өткен жылы 2,5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа қолым жетті. Осы қаржыға күнделікті кәсібіме қажетті әртүрлі құралдар мен компьютерлік бағдарламалар алып, көп-көрім алға бастым. Бұрын таптырмай жүрген дүниелер қолыма тиген соң шаруам да оңғарыла бастады. Аздап қаражат жинаған соң орталықтан жалға орын алудың мүмкіндігі туды. Шынын айтайын, кәсіп игермей бос жүрген он екі мүшесі сау жастарды көргенде таңғалатыным рас. Өзім қазір бір биікке шықтым, әлденеге қолым жетті дегендіктен емес, адамға масыл болудың өте ұят екендігін ұқпайтындарына налимын.
Алдынан жұмыс үркіп отыратын Иван Павлович қазір аудан орталығындағы бірнеше мекемелермен келісімшарт та жасап қойыпты. Келісім бойынша компьютерлерінің жұмыс істеуін бақылап, уақтылы тексеріп, қажетті қызметін көрсетеді екен. Ауыл-аймақтан демеп келіп жатқандар да аз емес. Өзіне лайық мамандықтың жілігін шағып, майын ішкен маман компьютерлерді, теледидарларды, смартфондар мен планшеттерді жөндеп, интернетке қосылу мәселесін шешуге көмектеседі. Тапсырыс түсіп жатса, әрқилы ақпараттық бағдарламаларды игеруге жәрдемдесіп, драйверлер мен мекеме ішіндегі желілерді де орнатып береді. Күнделікті орын алып жататын әрқилы техникалық ақауларды да жөндеуге қабілетті.
Өмірден өз орнын тапқан осы бір жанмен атүсті әңгіме-дүкен құрғанда, толайым түгел болмаса да, біраз жайға қанықтық. Жігітті жақсылыққа жетектеген жігер екен. Қашанда азаматқа жігерлі болған жарасады емес пе?!
Ақмола облысы,
Сандықтау ауданы