Брифингте Бас мүфти бірінші кезекте 2021 жылдың қасиетті Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталатынын, 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – қасиетті Қадір түні болатынын, осы жылғы пітір садақа мөлшері жан басына 420 теңге (2 кило ұнның құны) болып нақтыланғанын, пітір садақа мөлшерін белгілеуде барлық облыстағы ұн бағасы зерделеніп, нәтижесінде ортақ баға шығарылғанын жеткізді. Бас мүфти, сондай-ақ қасиетті Рамазан айы пандемия жағдайында өткелі отырғанын, жұқпалы дертті оқшаулану, сақтану арқылы ғана жеңуге болатынын айта келіп, осы ретте ауызашар кезінде, құлшылық сәттерінде санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырды.
– Денсаулық – бәрінен қымбат құндылық, Алланың адамзатқа берген аманаты. Осы орайда жасы алпыстан асқан аға-апаларымды ауыз бекітуден бұрын медициналық тексеруден өтіп, дәрігердің тиісті кеңесін алуға шақырамын. Егде жастағы және балиғатқа толмаған азаматтардан күрделі ахуал тұрақталғанша мешітке бармай, құлшылықты үйде орындауын сұраймыз, – деген ол ҚМДБ Рамазан айында айтылатын уағыз-насихат, сұрақ-жауап жұмыстарын онлайн режімде жүргізуді жалғастыратынын, Құран хатым жасау рәсімдері де қашықтан атқарылатынын атап өтті. Оның айтуынша, Рамазанда бір ай бойы жалғасатын діни дәрістердің, қасиетті Қадір кешінің, ұлық мейрам – Ораза айттың онлайн бағдарламасы әзірленген.
– Интернет желісі арқылы сұраққа жауап алып, онлайн насихат тыңдап, үйден шықпай сауапты амалдарға ортақтасуға болады. Біз қазіргі жағдайды ескеріп, өткен жылы жүзеге асырған жобамыз бойынша пітір садақасы мен зекетті онлайн режімде берудің оңтайлы жолын тағы ұсынып отырмыз, – деді Н.Тағанұлы.
Сонымен бірге Бас мүфти ауызашар қораптарын еріктілер немесе мешіт қызметкерлері арқылы көмекке мұқтаж азаматтарға жеткізуге болатынын айтты.
Наиб мүфти Ершат қажы Оңғар өз кезегінде Рамазан айында республика бойынша барлық мешітте атқарылатын іс-шараларды сөз етті. Ол осы орайда «жасыл», «сары» және «қызыл» аймақтарда орналасқан облыстар мен қалалар үшін жұма, тарауық намаздары, ауызашар өткізудің тәртібіне тоқталды.
Оның айтуынша, «жасыл» аймақта орналасқан мешітте бес уақыт намаз, жұма намазы, тарауық намазы мен ауызашар өткізудің тəртібі былайша нақтыланған: мешіт дəретханаларын қолдану барысында арақашықтықты жəне санитарлық талаптарды сақтай отырып, мүмкіндігінше тез дəрет алу, намаз оқитын залдардың көлеміне қарай уақытымен залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу, мешіттің кіреберісінде тұрған антисептикалық құралдар мен санитайзерлерді пайдалану, тарауық намазында санитарлық талаптарды сақтау, қысқа сүрелер оқу, рәсімдерді ауа райы қолайлы аймақтарда мүмкіндігінше мешіт ауласында өткізу, тарауық намазы рұқсат етілген мешіттерде Құран хатымды (1 парадан асырмай оқу) санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізу мешіттерде намаз оқуды (бес уақыт намаз, жұма намазы, тарауық намазы) бір адамға кемінде 4 шаршы метр есебінен қашықтық сақталған жəне толтырылуы 30%-дан аспаған кезде жүзеге асыру, жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар жəне жас балалар намаздарын үйлерінде оқу, мешітке кіруге міндетті түрде бетперде болған жағдайда ғана рұқсат ету.
Сондай-ақ бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің №68 қаулысында қоғамдық тамақтану объектілерінде еске алу жиынын өткізуге рұқсат берілгеніне қарамастан, ауызашарды мүмкіндігінше отбасы ортасында өткізу ұсынылады.
«Сары» аймақта орналасқан мешіттерге қойылатын талаптар жөнінде сөз қозғаған Е.Оңғар бұл ретте тарауық намазында санитарлық талаптарды сақтау, қысқа сүрелер оқу, ауа райы қолайлы аймақтарда мүмкіндігінше мешіт ауласында өткізу, мешітке келушілердің бетпердемен келуін қадағалау, мешіттерде намаз оқуды бір адамға кемінде 4 шаршы метр есебінен қашықтық сақталған жəне толтырылуы 30%-дан аспаған кезде жүзеге асыру, мешіттің кіреберісінде тұрған антисептикалық құралдарды пайдалану, ораза ұстаған адамдарға мүмкіндігінше ауызашар қоржынын жеткізіп беруді ұйымдастыру, мешіт дəретханаларын қолдану барысында арақашықтықты жəне сантитарлық талаптарды сақтай отырып, мүмкіндігінше тез дəрет алу, намаз оқитын залдардың көлеміне қарай, уақытымен залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу қажет деді.
Ал «қызыл» аймақта орналасқан мешіттерге қойылатын талаптар мына төмендегідей белгіленген: бес уақыт намазды тек жекелеген түрде оқу, намаз оқушылардың арақашықтығы 2 метр болып арнайы белгіленген орындарда оқу, намаз оқитын залдарда имамдар жəне намаз оқитын адамдар міндетті түрде бетпердемен болу, ораза ұстаған адамдарға мүмкіндігінше ауызашар қоржынын жеткізіп беруді ұйымдастыру, намаз оқып болған соң, мүмкіндігінше мешіттен тезірек шығу, жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар жəне жас балалар намаздарын үйлерінде оқу. «Қызыл» аймақтағы мешіттерде тарауық намазы оқылмайды. Айта кетейік жоғарыда аталып өткен, «жасыл», «сары» және «қызыл» аймақтар бойынша қойылатын талап пен тәртіп жергілікті бас санитарлық дəрігердің шешіміне сəйкес өзгертілуі мүмкін.
Брифингте спикерлерге БАҚ өкілдері сұрақтар қойды. Қойылған сауалдардың барлығына Бас мүфти мен наиб мүфти тиісінше жауап берді. Мәселен, «Ораза ұстап жүрген адам ПТР-тест тапсырған кезде оның оразасы бұзыла ма?» деген мазмұндағы сұраққа «ПТР-тест тапсыру барысында ешқандай сұйықтық, дәрі немесе қандай да бір зат көмейден ішке өтпейді. Сондықтан ПТР-тест тапсыру оразаны бұзбайды», деген жауап берілді.